Кезек кімге келді? Газ бағасын көтергендерді ұстау жалғасып жатыр
Елде газ бағасын себепсіз көтергендерге қатысты тергеу жалғасып жатыр. Бүгін тағы бір шенеуніктің ұсталғаны хабарланды, деп хабарлайды kznews.kz сайты Экспресс К порталына сілтеме жасап.
Яғни Энергетика вице-министрі Жұмабай Қарағаевтың ұсталғаны туралы ақпарат тарады.
Telegram-дағы @yedilov арнасының жазуынша, Қаржы мониторингі агенттігінің қызметкерлері Энергетика вице-министрі Жұмабай Қарағаевты ұстаған.
«Маңғыстау облысында сұйытылған газ бағасының негізсіз өсуіне қатысы шенеуніктер ұсталды. Олардың арасында аукционда айла-шарғымен айналысқан электрондық сауда алаңдарының басшылары да бар», – деп жазды автор.
Бірақ әзірге ресми органдар тарапынан ақпарат хабарланған жоқ.
Жұмабай Қарағаев 1971 жылы Атырау облысында дүниеге келген. Оның мемлекеттік қызметте және жеке секторда 21 жылдық еңбек өтілі бар. Әр жылдары Атырау және Маңғыстау облыстарындағы бірқатар жеке компанияларды, Атырау әкімдігінің ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімін басқарған. Атырау облысы мен қаласы әкімінің орынбасары, Мақат ауданының әкімі қызметін атқарған. 2019 жылы Энергетика вице-министрі болып тағайындалған.
Бұған дейін Маңғыстау облысында газ бағасын 60 теңгеден 120 теңгеге дейін көтергендерге байланысты тергеу жұмыстары басталған. ҚР Қаржы мониторингі агенттігі «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС басшыларын ұстаған болатын.
Сонымен қатар Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада сатумен айналысатын кәсіпкерлерге қатысты тергеуді де бастап кетті. Мұндай 180 кәсіпкер бар.