Кешірім жасау – кеңдік, кешіре алмау – кемдік
Құран Кәрімде «Жазалау» деген сөз 117 рет келсе, кешірімді болу, кешіру жайлы 2 есе көп айтылыпты. «Кешіру» сөзі 234 рет кездеседі. Бұл тегін нәрсе ме? Қасиетті Құран Кәрімде жазалаудан гөрі кешірім жасау туралы көбірек айтылуы – жер бетіндегі адамзат баласына берілген бір белгі. Он сегіз мың ғаламды жаратушы Алланың 99 есімінің бірі – әл-Ғафур. Бұл – «Кешірімшіл», «Аса кешірімді» деген мағынаға сай келеді. Құран Кәрімде Алланың әл-Ғафур есімі жалпы 91 жерде кездеседі. Алланың адамдарға кешірім жасауы, рақым көрсетуі Жаратушының ұлылығын білдіреді. Сол Алла Тағаланың өзі пендесін кешіргенде, адамдар бір-бірін неге кешірмейді?
Қай жылы «Айқын» газетінің бетінде «Самарқанның көк тасы еритін» күнде қазақтың «мен» деп жүрген бірнеше азаматына арнайы сұрау салғанбыз. «Көк тастың өзі ерігенде, сіз өзгені кешірер ме едіңіз?» деген сұраққа жауап бергендердің қай-қайсысы да «ешқашан кешірмеймін» деп бір-ақ кескен-ді.
Өмірде талай жағдай болады. Кез келген адамның басынан бір ағаттық кетпей тұрмайды. Үлкен де, кіші де әйтеуір бір рет болса да кешірім сұрайды.
Шыңғыс Айтматов: «Кешірім сұрай білу – кісілік», – депті. «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген мақал бар. Кешірім ете білу – кеңдіктің, адамдықтың белгісі деп біледі дана халқымыз.
«Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның Мәдениет қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қармақшы ауданы және Қызылорда қаласының Құрметті азаматы, облыстық мәслихат депутаты Шаһизада Әбдікәрімов Олжас Сүлейменовтен сауға сұрайды.
Қайғыңды, аға, түсінем…
Қарыды, білем, жат көзін:
Алалы жылқы ішінен
Айырып алған ақбозың.
Құрдым ғой ажал құлқыны,
Талғамас кәрі-жасыңды.
Түгендеп жүріп түркіні,
Тасқа бір соқтың басыңды.
Қасірет езіп еңсеңді,
Қақ тұрды қайран ізіңе.
Қара орман халқың теңселді,
Тік қарай алмай жүзіңе.
Өзекті өртеп, толады у,
Жазым іс – бұғып жолда тұр!
Өлімге себеп – сол ару,
Өксігін жұтып ол жатыр.
Не келсін енді қолынан,
Жылайды «кешір, көкем!» деп.
Жалғыздың сол бір соңынан,
Кеткенде не өтелмек?!
Бармайық, аға, білекке…
Жұрт барда – сөнбес жұлдызың!
Бар қазақ сыйған Жүрекке,
Сыятын шығар бір қызың?! – деп жанайқайға басыпты.
«Кең болсаң – кем болмайсың» деген халық даналығы бар. Өресі жоғары адам кешірім бере алады. Олжас Омарұлы – сондай адам! Кішірейіп кешірім сұрағанды кешіре білу – адамдар арасындағы ынтымақ-бірліктің нығаюына септігін тигізері сөзсіз.
Мұхтар Шахановтың «Кешірім сұрау — бақыттың баспалдағы» деген сөзі көп нәрсені айғақтап тұрған жоқ па?!
Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, айтыс ақыны Әбілқайыр Сыздықов та Қазақстанның Еңбек Ері Олжас Сүлейменовтен төмендегі өлең жолдары арқылы кешірім беруді сұрайды.
Қайғының орны ешқашан толмас аға,
Мұнан үлкен қасірет болмас аға.
Тағдырдың жазуына шара бар ма,
Қайғыңызға ортақпыз Олжас аға!
Әрдайым біз өзіңнің жаныңдамыз,
Бас көтеріп қайтадан арындаңыз…
Жанның бәрі көңілін білдіруде,
Ініңізден ілтипат қабылдаңыз.
Білеміз, жан дүниең ауырды мың,
Тағдыр басқа салған соң ауыр жүгін.
Кенеттен көңіліңді мұң шалды ма,
Қанатыңнан түскендей қауырсының…
Сынақ беріп сынайсың құлыңды Аллам,
Үміт үзбей күтемін күнімді алдан.
Жан аға сағың сынбай сабырлы бол,
Дәуіттің отыз ұлын бір күнде алған…
Кім білген ерте өмірден өтерін де,
Қайғысын түсінеміз әкенің де …
Кешіріммен қараңыз қызыңызға,
Қателеспес пенде жоқ қапелімде…
Тізгінсіз темір тұлпар мінді ме екен,
Сол күні қырсық еріп жүрді ме екен.
«Жазмыштан озмыш жоқ»
демейді ме,
Өкінішпен бітерін білді ме екен?!
Міне, соттың үкімін тән алуда,
Өкінішпен әрбір сәт саналуда.
Ол да өзінің бір қызың Олжас аға,
Өткен іске өкініп қамалуда.
Бұл да болса Алланың сынағаны,
Шынымен табылмай ма бір амалы?
Батады бәріміздің жанымызға,
Өрімдей қыздың өксіп жылағаны.
Талайды тағдыр солай жылатады,
Құлатам десе егер құлатады.
Құранда да айтылған ұлы Алла,
Кешірімшіл болғанды ұнатады.
Әлемге әйгі сіздің есіміңіз,
Қайырыммен ашылсын есігіңіз…
Малика да қызыңыз – өзіңіздің,
Жан аға, қызыңызды кешіріңіз!
«Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды» деген сөзді екінің бірі білсе керек. Күнә жасаған пендесі жалбарынып сұраса, Алла да кешіреді. Құран Кәрімде бұл туралы «Кімде-кім зұлымдық жасағаннан кейін тәубеге келіп түзелсе, Алла оның тәубесін қабылдайды. Алла шынында бек кешірімді, ерекше мейірімді» делінген («Мәида» сүресі, 39-аят).
«Жақсылыққа жақсылық – әр кісінің ісі, жамандыққа жақсылық – ер кісінің ісі», – деген.
Олжас Сүлейменов Астана сотынан немересі Ескендір Сүлейменовтің өліміне кінәлі деп танылған Малика Мұхитованы бас бостандығынан айырмауды өтініпті.
Хатта «Ескендір Сүлейменовтің өлімінен кейін алты ай өтті. Оның жақындарын ешқандай да уақыт емдемейді. Менің немерем бағдаршамда жасыл түс жанғанда кетіп бара жатқан мотоцикл жолын тоқтатқан көлік жүргізушісінің құрбанына айналды» деп жазылған.
«2018 жылдың 26 желтоқсан күні Астана қалалық соты да осы істі қарайды. Сүлейменовтер жанұясының үлкені ретінде мен бар жауапкершілікті өз мойныма алып, Жоғарғы соттан жол апатына кінәлі қызға жаза қолдануды, алайда бас бостандығынан айырмауды сұраймын. Оның жасы 30-ға таяп қалған. Тұрмысқа шығып, дүниеге бала әкелсін. Сонда Малика Мұхитова біздің қасіретімізді түсінетін болады» деп үлкен жүректі ақын қызға кешірім беретінін айтыпты.
Мұндай ірі әрекетке тек Олжас Сүлейменов секілді қазақтың қайсар азаматы, аяулы ақыны ғана бара алады!
Н.НАРЖАН
Дереккөз: Айқын