Кеңгірдің келешегін кім ойлайды?

0

Жезқазған – өндірістің өркен жайған жері. Ұлы ғалым, академик Қаныш Сәтбаев «Үлкен Жезқазған» деп атау беріп, осындағы байлық көзін ашқан шаһарды тіршілік нәрімен қамтамасыз етіп отырғна бір ғана су қоймасы бар. Ол – Кеңгір.  Ашық су қоймасының бүгінгі ахуалы көпті ойландырмай қоймайды.

1940 жылы басталған Кеңгір бөгетінің құрылысы Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары тоқтап қалған. Бөгет салудың құрылыс жұмыстары 1946 жылы қайта басталып, ол 1952 жылы аяқталды. 1954 жылы көктемде оның деңгейі жобаланған мөлшерге (373 м) жетті. Ауданы 37,3 км², ұзындығы 37,0 км, ені 1,6 км, орташа тереңдігі 8,5 м (ең терең жері 21 м), жағасының ұзындығы 76,0 км. Су жиналуының алқабы 12500 км². 1961-65 жылы бөгет жүйесі кеңейтіліп, су көлемі 319 млн текшеге жеткізілді. Жер бөгетінің ұзындығы 600 м жоғары, биіктігі 25 м шамасында. Жағасы ұзынша, кей жері тар табиғи каньон сияқты келеді. Кеңгір бөгеті Кеңгір өзені суының атмосфералық жауын-шашынымен қоректенеді. Кеңгір бөгетінің гидрохимиялық өзгешелігі үлкен минералдылығымен ерекшеленеді. Бөгеттің суы тұщы. Оның суының құрамы натрий тобында, сульфат класына жатады. Судың жоғарғы жағында бұталар өседі.

Толысуы қар суымен тікелей байланысты болғандықтан оның көлемі де жыл сайын өзгеріп отырады.  319 млн текшеге дейін су қоры сыятын бөгенге соңғы жылдары 200 млн текшеге де жетпей отыр. Бұл тұрғыда қаланы жерасты су көздерімен қамтамасыз ету жөнінде талай ұсыныстар айнылғанымен, әлі толық жүзеге асырылмай отыр.

Кеңгір су қоймасының  жағдайы оңып тұрған жоқ. Бөгеттің толысуынан бөлек, оған қаладан, ондағы өндіріс нысандарынан құйылып жатқан қалдық, кәріз құбырының суларын қосыңыз.  Соңғы жылдардың көлемінде су қоймасынан келетін тіршілік нәрінің сапасы тұрғындар тек шаруашылыққа ғана қолданатын дәрежеге жетті. Қала халқы тазартылған суды тапсырыспен сатып алуда.

Судың толығуы мен сапасынан бөлек, оның айналасын абаттандырудың жағдайы да мәз емес. «Қазақмыс» корпорациясы» Кеңгір аумағын жасыл желекке айналдырамыз деп, көшеттер отырғызды. Алайда сол көшеттердің қаулап өскені көзге көрінбеді. Желге ұшқан ақшамен бірге жасыл желектер де құрдымға кетті.

Қазақстан экономикасының негізгі бөлігін құрап отырған өндірісті өлкедегі жалғыз Кеңгір су қоймасының келешегін кім ойлайды? Бөлек облыс болып, еншісін алған Ұлытау облысының басшылығы осы жайттарға көз жұма қарамауы керек. Өйткені, Кеңгір жезқазғандықтардың жалғыз тіршілік көзі!

Еркін Абайұлы