Қазақстан әрқашан толерантты мемлекет болады — Қасым-Жомарт Тоқаев

0

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан әрқашан толерантты болатынын, бірақ батыстық және өзге де үрдістердің ізінде кетпейтінін мәлімдеді.

Мемлекет басшысының айтуынша, рухани тамырларымызды құрметтей отырып, біз еліміздің зайырлы мәртебесін барынша нығайтуға тиіспіз.

«Қазақстан әрқашан біздің мемлекеттілігіміз бен қоғамдық моральымызға нұқсан келтірмейтін барлық діндерге, көзқарастар мен ілімдерге құрметпен қарайды. Бірақ біз батыстық және өзге де үрдістердің ықпалымен біздің мәдениетімізге жат құндылықтарды дәріптейтіндерге, сонымен қатар әлемнің дуалистік негізіне қайшы келетіндерге де еріп кетпейміз», — деді Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында.

Мемлекет басшысының айтуынша, бұл деструктивті насихатқа көп жағдайда біздің балаларымыз тап болады. Сондықтан бұл сұрақтың маңызы жоғары — бұл өскелең ұрпақтың рухани саулығы.

«Бұл мәселеде біздің ұстанымымызға саяси конъюнктура да, жаңа әлемдік үрдістер де әсер етпейді. Біз дәстүрлі отбасылық құндылықтарды берік және дәйекті түрде дамытуымыз керек», — деп атап өтті ол.

Фото: Болат Айтмолда