Келер жылдан бастап педофилдерге электрондық білезік тағылады
2022 жылғы 1 қаңтардан бастап педофилдерге электрондық білезік тағылады. Бұл туралы Мәжілістегі Үкімет сағатында ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Пробациялық бақылауды дамыту үшін электрондық білезіктер енгізілуде. Биыл біз бұл жұмысты ілкі жоба ретінде бастаймыз. Бірінші кезекте 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап педофилдерге қатысты қолданылады», — деді Ерлан Тұрғымбаев.
Сонымен қатар ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы нақты іс-шаралар қабылданғанын айтты.
«Жемқорлықты жою үшін азаматтармен тікелей байланыс азайды. Көлік жүргізу куәлігін беру және емтихан қабылдау функциялары «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына берілді. Тіркеу-емтихан орталықтары жойылды. Полиция қызметкерлері көлік құралдарының криминалдық тарихын ғана тексереді. Қазақстанда 30 тәулікке дейін болатын шетел азаматтарын тіркеу тоқтатылды. Электрондық визалар енгізілді. Тікелей халықаралық әуежайларға кіру визаларын беру ұйымдастырылды», — деді министр.
Ерлан Тұрғымбаев көші-қон саласындағы кейбір қызмет Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне берілгенін атап өтті.
«Қала сыртындағы «Шеп» стационарлық бекеттерінің саны 36-дан 6-ға дейін қысқарды. Олар тек шекаралас аудандарда қалды. Жол қозғалысын қадағалау арнайы бақылау жүйелері арқылы байланыссыз әдіспен жүзеге асырылады. Барлық патрульдік қызметкерлер бейнетіркегішпен жабдықталған», — деді ол.