Kaspi арқылы беташар: қалыңдық фатасындағы QR-код Қазнетте дауға айналды – видео
Қазақ халқында келін түсіргенде жасайтын салт-дәстүрдің бірі – беташар. Үйлену тойы кезінде жаңа түскен келінге ата-енесін, басқа да туыстарын таныстырады. Келін иіліп, оларға сәлем салады. Тойға жиналғандар сый-сыяпат ретінде ақша қалдырады.
Әдетте үйлену тойында қалыңдық алдына ақша салынатын табақ қойылады. Алайда бүгінде онлайн төлемнің танымалдығы артып, дәстүрлер де заманауи трендке бейімделуде.
Бұған желіде тараған видео дәлел. Той ұйымдастырушылары туысқандарға қолма-қол ақшаның орнына Kaspi арқылы ақша аудару мүмкіндігін ұсынған. QR-код та қалыңдықтың фатасына жапсырылған.
Желі қолданушыларының пікірі екіге жарылды. Бірі бұл салт-дәстүрді қорлау десе, енді бірі мұны ыңғайлы деп санайды, өйткені қазір көбі қалтасында ақша ұстамайды.
«Дұрыс емес, жаңа түскен ақ келіннің тазалығына, арына бір ақшамен санасқандай көрінеді. Ақ орамалына жабыстырып не мазақ? Тәрбиесіздік пен топастық. Салтымыз ақшамен тең болғандай», — деп жазды Алматы мәслихатының депутаты, блогер Қайрат Құдайбергеновтің жазылушыларының бірі.
«Кім нені қорлады?! Бәрі заманауи, каспий қолданатынымыз өтірік емес, қайта креативті болған, сонша жаман ойшыл болмайықшы», — дейді тағы бір қолданушы.