Кәсіпкер ауылдықтардың сүтін алып, ақысын бермей, сандалтып жүр

0

Сүт үшін миллион теңге қарыз! Ақтөбе маңындағы ауыл тұрғындары кәсіпкерден ақшаларын ала алмай жүргенін айтып, арнамызға шағымданды дейді Еуразия бірінші арнасы. Олар жаз бойы ауыл шаруашылығы кооперативіне сүт тапсырған екен.  Ал серіктестік басшылары тамыздан бері қарызды төлемей, тек құрғақ уәдеге тойдырып келе жатыр дейді. Тұрғындар былай тұрсын, әкім-қаралардың сөзіне құлақ түрмейтін кәсіпкер кім? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы сюжет жасапты.

«Қаратаусайдың тұрғындары қорасындағы төрт түліктің етімен, сүтімен күн көріп отыр. Сүтті қабылдайтын жеке кәсіпорынмен ауылдықтар өткен жылы байланысыпты. Сүттің литрін 85 теңгеге тапсыруға келіскен. Күніне әр адам орта есеппен 40 литр ағарған беріп отырдық дейді. Бастапқыда бәрі келісімшарттағыдай керемет болған. Тек тамыз айынан бастап мекеменің жұмысы сұйыла бастағанын айтады. Содан бері ауылдықтар өзіне тиесілі ақшаны алудан қалыпты. 

Копператив әр отбасыға орташа есеппен қырық мыңнан, жетпіс мың, тіпті кейбіріне жүз мың теңгеден қарызға батқан. Бірақ, мән-жайды түсіндіретін ешкім жоқ.

“Маған 100 мың теңгеден аса берешек. Өзімізге тиесілі ақшаны бермей жүр. Кеңсесіне телефон шалсақ, осында жүр дейді, шақыр телефонға десек, шығып кетті дейді. Бізде басқа жұмыс жоқ! Сол сүттің ақшасымен күн көріп отырмыз ғой! Енді қайтеміз?!”,-дейді Қаратаусай ауылының тұрғыны Сапура Оразова.

«524 литр сүтті 85 теңгеден тапсырдым. Енді өзіңіз санай беріңіз, менің өзіме 44 мыңнан асып кетті қарыздары. Бізге ғана берешек емес, сұрастырып біліп едік, көрші Коминтерін, Казанкадағылар да сүтті қабылдап алып, ақшасын бермеді деп шулап отыр” – дейді Қаратаусай ауылының тұрғыны Лидия Прохорова.

Ауылдықтардың жанайқайынан жергілікті билік те хабардар. Ал, аудан әкімдігі кәсіпкерден қарызды 6-қарашада толық өтеймін деген қолхат алыпты.

«Аудан әкімдігімен бірлесіп жұмыс жасап жатырмыз. Осы мәселені шешуге тырысамыз. Келесі аптада осы фирманың адамдары барлық қарыздарды төлеп тастаймыз деген уәде берді», — дейді Мәртөк ауданы Қарашай ауылдық округінің әкімі Нұргүл Оспанова.

Кәсіпкер қазір ауыл  тұрғындарына 1 млн 300 мың теңге берешек. Қарызынан қашан құтылатынын өзі дөп басып айта алмады.

«6 қарашада төлейміз деп уәде етіп едік, оған үлгермедік. 21-қарашаға дейін уақытты создырып алдық. Ақша болмай тұр шотта. Қашан қаражат түседі, сол кезде қарыздан құтыламыз” – дейді кәсіпкер Әлима Қожиева.

Ал, уәдеге тойған жұрт егер бір аптаның ішінде нәтиже болмаса, құқық қорғау орындарына шағымданамыз деп отыр.

«Қамшы» сілтейді