КӘСІБИ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ – ТӘУЕЛСІЗДІК ТІРЕГІ

0

Адамдар қауымдасып, алғашқы прото-мемлекеттер құрыла бастаған соң-ақ, ортақ істерді меңгеріп, жүргізетін адамдарды ел мүддесі үшін жаны ашып, жұмыс істеуге дайын болуын қамтамасыз ету көшбасшыларды да, қоғамды да ойландырған күрделі мәселе. Оның бір дәлелі ретінде таяуда жарық көрген The Passionate Bureaucrat. Lessons for the 21st Century from 4500 Years of Public Service Reform кітабында Макс Еверест-Филлипс осыдан 4500 жыл бұрын Шумер өркениетінде болған Лагаш қаласы басшысының бүгінгі ұғымдағы мемлекеттік қызметшілерді халық игілігіне жұмыс істету мақсатындағы алғашқы реформалары туралы тасқа түскен деректерін келтіреді.

Ғасырлар бойы адамзаттың ұлы ойшылдары осы бағыттағы ізденістерге үлестерін қосып келеді. Ауыз толтырып айта­тын жайт, адамзаттың мемлекеттік басқару мен мемлекеттік қызмет жолын­дағы түсінігі, танымы, білімі мен ғылымы­ның қалыптасуына біздің ата-бабаларымыз да үлес қосқан. Мысалы, Х ғасырда Әбу Насыр әл-Фарабидің жетекшілерге қойылатын 12 талабы бүгінгі күннің көшбас­­шылық теориясында әлі де өзекті. ХІ ғасырда Жүсіп Баласұғынның 10 мемле­кет­тік лауазымға біліктілік талапта­рын өлеңмен өрнектеп қалдыруы – теңдесі жоқ дүние.
Алайда ХІІІ-ХІV ғасырлардан бастап түрлі әскери-саяси, мәдени және кли­мат­тық себептерге байланысты біздің аймақта жалпы ғылым мен білім тоқырап, мем­лекеттік басқару мен қызмет саласын­дағы ізденістер де тоқтап қалды. Оның үстіне, XVIII ғасырда Ресей империясы мен
XX ғасырда Кеңес мемлекеті қол астында болған кезде түп бастауын византиялық үлгіден алатын сол жүйелердің мемлекеттік қызмет модельдері де әлемдік ғылыми жетістіктер мен ізденістерден оқшау қалды. Кеңес дәуірінде мемлекеттік қызметті зерт­теу мен талдауға тыйым салынғандық­тан, біздің аймақ ХІХ ғасырда Ұлыбри­та­ния­да Норт­кот-Тревельян, ал АҚШ-та В.Вильсон жүргізген ізденістер, ХХ ғасыр ба­сында Алма­нияда М.Вебер жариялаған бюрок­­ра­тия теориясы туралы көп біле бер­ме­ді.
Тек тәуелсіздік алған соң, Қазақстан және аймақ елдері өздерінің осы бағыттағы ізденістерін бастап, әлемдік ғылыми еңбек­тер­мен танысуға мүмкіндік алды. Бұл өмірлік қажеттілік еді. Мемлекеттігімізге қайта ие болу мемлекеттік қызметті өз жолына қою қажеттігін туындатты. Осы тұста Қазақстан және аймақ елдері мемле­кеттік қызметті дамытудың бірнеше кезеңін бастан өткізді.
1992-1995 жылдары мемлекеттік қызмет саласында заңнаманы егжей-тегжей қарау мүмкіндігі болмады, оған қоса осы саладағы ғылыми-зерттеулер мен мамандар да жоқ болды. Осыған қарамастан, жаңа Үкіметтің ырғақты жұмысын қамтамасыз ету мақса­тын­да бұрынғы жүйеден қалған атқарушы биліктің институционалды және адами ресурс­тарын оңтайлы пайдаланып, тәуел­сіз­дік үшін жұмыс істету міндеті тұрды. Сондықтан бұрынғы лауазымдарға жаңа­­ша атаулар беріліп, жаңа заңнамаларға сәйкестендірілген лауазымдар тізімін анықтау жұмысы жүргізілді.
1995 жылы Қазақстан Президентінің «Мемлекеттік қызмет туралы» заң күші бар Жарлығында нарықтық экономикаға негізделген демократиялық қоғамды құруға бет алған елде мемлекеттік қызметтің қан­дай мақсаттарға жұмыс істеу керек еке­ні айқындалып, өтпелі кезеңге бейім­­дел­­­ген жаңа лауазымдар тізбегі мен олардың жұмысын үйлестіру қағидаттары бекітілді.
Сол Жарлық шыққан күннен бастап, Президент тапсырмасымен әлемдегі мемлекеттік қызметтің тәжірибесі жан-жақты зерттеле басталды. 1997 жылы Қазақстан–2030 стратегиясында кәсіби мемлекеттік аппарат құру мақсаты қойылды. Нәтижесінде, 1998 жылы ТМД елдері арасында тұңғыш болып, Қазақстан мемлекеттiк қызметті реттеп, осы бағытта­ғы саясатты жүргізуге жауапты болатын арнайы уәкiлеттi органды құрды. Бұл Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агент­тік еді. Агенттік осы іспен айналыса­тын кадрларды шоғырландыруға мүмкіндік беріп, жаңа мемлекеттік қызмет туралы заң дайындалып, ол 1999 жылы қабылданды.
Ол заң барлық ТМД елдеріне әсер етіп, түбегейлі өзгеріс әкелді. Аймақ елдері арасында Қазақстан алғаш болып мемле­кеттік қызметшілерді саяси және әкім­шілік деп екі топқа бөлді және әкім­шілік (кәсіби) мемлекеттік қызмет­ші­лер­дің құқын заңмен қорғауды қолға алды. Бұл қажеттіліктен туындаған болатын, өйткені заң қабылданғанға дейін (1990 жылдар ортасында) кей жағдайда министр не әкім ауысқанда аппараттың 60 пайызына дейін жұмыстан шығуға мәжбүр болатын. Ол кезде ешқандай заң олардың құқын қор­ға­ма­ды, жаңа басшы талабына сай қыз­меткерлер жұмыс орнын босатып жатты.
Келесі шешуші жаңалық – кәсіби мемлекеттік қызметке міндетті конкурстық іріктеу енгізілді. Бұл, біріншіден, Конститу­ция­­да көрсетілген барлық азаматтың мемлекеттік қызметке қол жеткізуге тең құқы бар деген норманы жүзеге асыруға негіз болды. Екіншіден, конкурстық іріктеу енгізілмей тұрған кезде мемлекеттік орган­дар­дағы бос жұмыс орындары туралы ақпарат ешкімге белгісіз болатын, яғни ашық болмайтын. Сондықтан мемлекеттік ор­ганға жұмысқа тұру көп жағдайда тамыр-таныс арқылы жүргізілетін. Осы жер­де конкурстық іріктеу мен заңнама туралы білімін тексеруді енгізу оңай болмағанын атап өткім келеді, ол күшті қарсы­лыққа ұшырады. Сол кездегі облыс басшылары, үкімет мүшелерінің басым көпшілігі, Президент әкімшілігіндегі біраз жетекшілер конкурстық іріктеуге қарсы болды.
Тіпті бір облыстың әкімі маған телефон шалып (ред. – 1999 жылы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік төрағасы қызметінде болдым), осы көмекшіме Конституцияны жатқа білудің не қажеті бар деген сауал қойған-ды. Оған мен сіздің көмекшіңіздің жалақысы сіздің қалтаңыз­дан төленетін болса, онда білмей-ақ қой­сын. Бірақ ол мемлекеттік қызметші, ал атқарушы биліктің басты міндеті заңдарды жүзеге асыру болғандықтан, ол Консти­ту­ция­­ны білуі қажет деп жауап бердім.
Заң Парламенттен өткен соң, оған «вето» қоюға дайындалған топ та болды. Дегенмен заңға қол қойылып, конкурстық жүйенің енгізілуіне бірден-бір мүмкіндік берген Президент Н. Назарбаевтың саяси жігері еді.
Вето қойылайын деп жатыр деген кезде мен Агенттік төрағасы ретінде шет елдегі іс-сапарымды үзіп, Президент қабылдауына кіргім келіп, елге қайтып келген кезімде, Прези­дент телефонмен «Шетел тәжіри­бе­сін зерттеу тапсырмасын неге үзесің? Мен 1997 жылы стратегияда айттым ғой, бұл бағытта біз алға қарай жүреміз, кім қарсы болса да мен заңға қол қоямын», – деп айтқан болатын.
Жалпы алғанда, бұл заң тек Қазақстанға емес, сонымен бірге, ТМД елдеріне соны серпін әкелген, жаңа қадам болды. Орталық Азия мен Кавказ мемлекеттері, Украина және Ресей біздің заң үлгісімен өз заңдарын әзірлей бастады. Институционалдық тұрғы­да да олар бізге қарап арнайы уәкілетті орган­дар құруды қолға алды. Әрине, бар­лық жерде бірдей саяси жігер ішкі бюро­кратияның қарсылығын еңсере алма­ған­дықтан, кейбір елдерде агенттік құру заңда көзделсе де, оны құру мүмкін болмай отыр.
Сонымен, мемлекеттік қызметтегі бар­лық жұмыс орны азаматтардың қаржы­сы­нан ұсталып отырғандықтан, қоғамның мүддесіне сәйкес мемлекеттік қызметке іріктеу, ілгерілету, жоғарылату мейлінше жария болуы керек, яғни ашық конкурс пен меритократия кағидаттарына негізделуі қажеттілігі заңмен бекітілді.
Әрине, өз ықпалын шексіз жүргізіп үйренген басшылар үшін мұндай жаңалық­тар жағымсыз еді және олардың біразы оған қарсы болды. Халықаралық тәжірибеде конкурссыз іріктеу, меритократия қағидат­тары­на сүйенбей өз қалауымен тағайындау патронаж деп танылады. Оның салдары ретінде, жаңа тағайындалған қызметкер мемлекет емес, өзін тағайындаған адам мүд­десі үшін қызмет ету ықтималдығы жоға­ры. Сондықтан патронаждық жүйе – сыбайлас жемқорлықтың үдеуіне жағдай жасаушы фактор.
Заңнаманы білуге арналған тестерді енгізу де қоғам алдында тұрған міндеттерден туындаған еді. Тәуелсіздік алғаннан бастап жариялаған мақсатымыз заң үстем ететін қоғам құру болса, заң үстемшілік жасау үшін, оны атқаратын адамдар, яғни мемле­кет­тік қызметшілер, бірінші кезекте, заң қағидаттарын білу керек. Бұл заңдарды жатқа білу керек деген ұғым емес, бірақ негізгі қағидаттарын, азаматтардың негізгі құқықтарын, мемлекеттің негізгі міндет­те­рін білу – олардың күнделікті жұмысының негізі. Себебі, атқарушы билік атына сәйкес – үкіметтен бастап ауыл әкімшілігіне дейін – қабылданған заңдарды жүзеге асыруға жұмыс істейді. Заңнаманы білу тестісі, бір жағынан, дайындығы жоқ аза­мат­тарды шеттету тәсілі, екінші жағы­нан, мемлекеттік қызметке ұмтылған азамат­тар­дың заңдарды үйренуге ынталандыру. Заң қабылданғаннан бастап бүгінгі күнге дейін шамамен 900 000 азамат конкурсқа қатыс­ты. Мүмкін 1-2 пайызы тамыр-танысына сүйеніп өтуге ниеттенген шығар. Дегенмен басым көпшілігі заңдарды оқуға мәжбүр болды. Бұл заң үстем ететін қоғам құру ісімізге үлкен септігін тигізді.
Жаңа заңға сәйкес жаңа жалақы жүйесі де құрылды, жаңа лауазымдар тізбегі бекітілді, мемлекеттік орган ішіндегі басқару сатылары азайтылды, сөйтіп оңтайландыру ісі жүре бастады. Келесі, үлкен қадам 2007 жылы жауапты хатшылар лауазымын енгізу болды. Оның қисынды жалғасы ретінде 2012 жылы кәсіби қызмет­ші­лердің ішінен жоғарғы менеджерлік, яғни басқарушы функциясын атқаратын лауазымдар анықталып, оған «А» корпусы деген атау беріліп, осы лауазымға үміткер­лерге ерекше іріктеу тәсілдерін қолдану туралы шешім қабылданды. Олардың қызметі төрт жылдық келісімшартпен анықталып, нақты еңбек көрсет­кіш­терімен бағаланатын болды. Нәтижесінде, мемле­кет­тік әкімшілік қызметтің «А» корпусына кәсіби мемлекеттік қызметшілердің ең жоғары лауазымдары кіретін болды, олардың ішінде жауапты хатшы мен облыс әкімінің аппарат жетекшісі лауазымдары ең жоғары мансап болып саналады.
Ал министрлер мен олардың орынба­сарл­ары, облыс әкімдері мен олардың орынбасарлары, сонымен қоса облыс орталығының әкімдері – саяси мемлекеттік қызметші болып қала берді. Ескерер жайт, саяси мемлекеттік қызметшілердің ерекшелігі, біріншіден, оларды тағайындау кезінде үміткерлерге біліктілік талаптары қойылмайды. Бұл әлемдік тәжірибеге сәйкес. Екіншіден, олар ешқандай заңмен қорғалмайды. Бұл лауазымға келген азамат жұмысқа келген күні кетуге дайын болып келуі керек. Керісінше, кәсіби мемлекеттік қызметшілер не кінәсі, не қылмысы дәлелденбесе жұмыстан кетпеуі тиіс.
1999 жылдан бері енгізілген жаңалық­тар, оның ішінде «А» корпусы мен жауапты хатшылар институтын халықаралық сарап­шылар, ұйымдар, атап айтқанда, ЭЫДҰ жоғары бағалады. Мысалы, 2017 жылы Астана мемлекеттік қызмет хабы ЭЫДҰ-мен бірлесе отырып, Қазақстан Республи­касының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қолдауымен, Қаза­қ­стан­ның мемлекеттік қызметін әлемдік жүйелермен салыстырмалы талдауы Қазақ­станның мемлекеттік қызмет­ті заңна­малық және институционалдық дамуы жағынан аймақтағы көшбасшы еке­нін көрсетті. Бұл жаңалықтар қоғам тара­пынан да қолдау тапты. Өйткені мемлекеттік қызмет азаматтар үшін қолжетімді болды.
Дегенмен басқа елдер де қарап тұрған жоқ, олар да басында Қазақстанның үлгісін басшылыққа алса, кейін өз бетімен ізденіп, кешенді жүйелерді өзгерту бағытында жұмыс істеп жатыр. Әсіресе, бұл тұрғыда Грузияны айтып кетуге болады. Сонымен қатар Әзірбайжан, Украина, Армения, Қырғызстан да осы салада реформаларды кешенді түрде жүргізуге талаптанып келеді.
Жетістіктерімен қатар, алда тұрған өзек­ті мәселелерді де айтпай кетуге болмай­ды. Ең біріншісі, конкурстық іріктеуге қоғам сенімін арттыру. Мемлекеттік қызмет­ке, кейбір лауазымдарға конкурс жария­ланғанда, оған қатысатын адамдар­дың аз болуының бір себебі – бұл конкурс­тық іріктеуде әділ таңдау болатынына сенбеу. Сондықтан да қазір халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, барлығымыз бірігіп тестілерді жетілдіруіміз керек.
Адамдардың негізгі қабілеттерін анықтай­тын тестілер жүйесін әзірлеу оңай іс емес. 2013 жылдан бастап осы саладағы зерттеулерге қаржы бөліне бастады. Алайда бұл бір күннің шаруасы емес, әсіресе, қазақ тілін­дегі тестілер дайындау тың іс болған­дық­тан, уақытты қажет етеді. Осы бағытта зерттеулер әлі де жүргізілуде. Астана мем­ле­кеттік қызмет хабы Агенттік­пен қоян-қолтық жұмыс істеп, өз тарапынан халық­ара­лық сарапшыларды осы іске тартуда.
Екінші шара – бұл конкурстық комис­сия­ларға мемлекеттік орган басшылары­ның ықпалын азайту, яғни саяси лауазым иелерінің ықпалын азайта келе, түбегейлі жою бағытында жұмыс істеу. Мысал ретінде келтірейін, 1999 жылы АҚШ-тың Арлингтон графтығы полиция бөлімінің басшысы лауазымына өткен конкурстық іріктеуге бақылаушы болып қатыстым (автор: ол біздің бір ауданға парапар). Іріктеу барысында, «осы конкурстық іріктеуге аудан әкімі, не болса жоғары Штаттағы ішкі істер басқарма басшы­сының пікірін есептейсіздер ме?» деген сауал қойғанмын. Сонда комиссия мү­ше­лері: «олар комиссия мүшесі бола алмай­ды, ал егер конкурсқа қызығушылық біл­­діріп, ықпал еткісі келсе және олардың бұл ісі жария болса, онда екеуі де өз қыз­меттерінен кетуге мәжбүр болады», – деді.
Ал бізде бұрынғы жүйелерден қалған бір тұрақты пікір бар, яғни барлық басшы кадр тағайындауға келгенде «өзім білем» деген ұғым қалыптасқан. Иә, осы жылдар ішінде осы пікір бірте-бірте өзгеріс үстінде. Дегенмен әлі де болса, ол түбегейлі өзгерді деуге болмайды.
Үшінші шара – конкурстық комис­сия­ларды сұхбаттасу тәсілдері мен техни­ка­сы­на үйрету. Сонымен бірге, конкурстық комиссия мүшелерінің санын азайтып, жауапкершілігін арттыру керек. Жалпы, біздің құндылықтар мен мәдениетімізге байла­нысты бір байқала­тын жайт – алқа­лы органдар шешім қабыл­дағанда, неғұр­лым көп адам сол орган­дарда болса, соғұрлым ол бір басшы­ның айтқанымен шешім қабылданады.
1999 жылы әзірленген жалақы жүйесі өз міндетін жақсы атқарып келеді, әлде де оны пайдалану мүмкіндігі бар. Дегенмен озық тәжірибелерді зерттей келе, Президент тапсырмасына сәйкес қазір жаңа жалақы жүйесі әзірленіп жатыр. Ол жүйе­ні әзірлеуге де Хаб Агенттікке қолдау көрсетуде.


Негізінен, бұл жүйе болашаққа бағыт­тал­ған болуы керек. Сонымен қатар бұл жүйеде мемлекеттік қызметтің кәсіби эко­номикалық компаниялардан айырма­шы­­лығы және әлемдік үдерістер ескерілуі тиіс. Мемлекеттік қызметті жетілдірудегі келесі бағыт – бұл адами ресурстарды басқару, атап айтқанда кадрлар қызметін жаңа кәсіби деңгейге көтеру. 2013 жылы қабылданған заңдағы өзгерістерге сәйкес, алғаш рет олар кадрлар бөлімі емес, адами ресурстарды басқару қызметі болып аталу мүмкіндігін алды, аудан және облыс деңгейінде бірыңғай кадр қызметін құру мүмкіндігі пайда болды. Бұл өз кезегінде олардың мамандандырылуына ықпал етті.
Дамыған елдерде адами ресурстарды басқару қызметі өте жоғары бағаланады. Бұл салада әртүрлі тарихи себептерге байланысты біз біршама артта қалып қойдық. Тек соңғы 15 жыл ішінде жеке компанияларда бұл бағытта көп жұмыс жүргі­зіліп келеді. Бүгінгі таңда Қазақстан­ның HR ассоциациясы бар. Осылардың барлығының әлеуетін пайдалана отырып, біз бірлесе осы бағытта кәсібилендіру жұмы­сын жүргізуіміз керек. Олар өз кезегін­де конкурсқа қатысушылардың ішінен шынайы лайықтыларды анықтау мақсатында қазіргі заманғы тәсілдерді, тетіктер мен құралдарды пайдаланатын болады.
Ал бірақ осы дұрыс іріктелген маман­дар­дың жұмысын шектейтін екі үлкен шешілуі тиіс мәселе бар. Оның бірі – жұмыс ұйымдастыру, басшылық мәдениеті болса, екіншісі – сыбайлас жемқорлық.
Біз кезінде лауазымдар тізімінен «бастық» сөзін алып тастап, «басшы» деген ұғым енгізгенбіз. Оның қосымша мақсаты ішкі мәдениетке әсер ету еді. Менің пікірім бойынша, қазақта ондай сөз бұрын болмаған. Мысалы, Махамбет «Исатай басшы, мен қосшы» деп айтқан емес пе. «Бастық» сөзі Ресей империясына қосылғанда «начальник» сөзін аударудан туындаған секілді. Жалпы алғанда, «бас­тық» сөзі «басып», «жаншуға» негіздел­ген басқару стиліне бейім.
Мамандардың әлеуетін дұрыс пайдалану үшін әр ұжымда қолайлы орта, атап айтқанда, бастамашылдықты, жаңашыл­дықты, адал еңбекті бағалайтын орта қалыптасуы керек. Егер әр басшы өз қарамағындағы қызметкерлердің еңбегін, абыройын, білімін, уақытын бағалайтын болса, мұндай ұжым тиімді жұмыс істейді. Онда жекіру немесе нұқып әмір ету бол­май­ды, керісінше ынталандыру мен көшбас­шы­лық­тың жаңа тетіктері жүзеге асыры­ла­ды. Нәтижесінде, бұл ұжымда әр маманның жұмысқа қосатын үлесі де арта түседі. Мұндай ұжымда тиімсіз, уақыт алатын жиындар болмайды.
Бұлай болу үшін әр деңгейдегі басқару жүйесінің жауапкершілігі анықталып, балансы болу керек. Екінші фактор – бұл сыбайлас жем­қор­лық. Ол қай елдің болмасын тұрақты дамуын тежейтін, азаматтық қоғам мен эко­номиканың өркендеуіне тұсау бола­тын, мемлекет қауіпсіздігі мен тәуелсіз­дігі­не қатер төндіретін улы да зиянды құбылыс. Сыбайлас жемқорлық – қай елдің болмасын, тұрақты дамуын тежейтін, азаматтық қоғам мен экономиканың өркен­деуіне тұсау болатын, мемлекет қауіп­сіздігі мен тәуелсіз­ді­гіне қатер төнді­ре­тін улы да зиянды құбылыс.
Жемқорлық кең тараған елдерде мораль­дық құндылықтар шайылып, қоғам­дық сана азғындайды. Жемқорлық – адал еңбекті құнсыздандырады. Себебі, жемқор­лардың табысы еңбексіз, лауазымы берген мүмкіндікті пайдаланып табылған көлденең табыс. Жемқорлық – адал еңбекті қанау. Жемқорлықпен айналысатын екі тарап та әдетте қалталы адам болғанымен, олардың арасындағы айналымда жүрген қаржының бәрі – еңбек адамының, яғни кенші мен металлургтың, диқан мен малшы­ның, қатардағы кәсіпкердің, мұғалім мен дәрігердің онсыз да аз табысынан алынады. Яғни, жемқорлық еңбекті де, білімді де құнсыздандырады.
Сыбайлас жемқорлықпен айналыса­тын­дар үшін азаматтық қоғамның белсенділігі, бизнестің тәуелсіздігі, мемлекет қабылдай­тын шешімдердің жариялылығы мен мөлдір­лігі қажет емес. Сондықтан да олар әрда­йым осы бағыттағы реформаларға қарсы күш. Ендеше, сыбайлас жемқорлық­пен күрес осымен тікелей айналысуға міндетті мемлекеттік органдардың ғана емес, барлық деңгейдегі мемлекеттік қызметшілердің де, қоғам белсенділерінің де, Отанын сүйетін барша азаматтың мінде­ті. Бұл – біздің тәуелсіздік алдындағы да, келешек ұрпақ алдындағы да парызымыз.
Жемқорлық – болашағымызға балта шабу. Жемқорлықты жеңбей, жоғарыда айтылғанның барлығының нәтижесі аз болады. Бұл бағытта Агенттік тарапынан көптеген іс атқарылып жатыр. Әсіресе, сот және кұқық қорғау жүйелеріндегі жемқор­лық­ты еңсеру, мемлекеттік қызметшілердің ұлтқа адал қызмет етуіне көп жағдай жасар еді.
Сөз соңында айтарым, Қазақстан мемлекеттік қызметті дамытудағы заңнама институционалдық тұрғысынан аймақта көшбасшы болып отыр. Бұл өз кезегінде 2013 жылы 25 мемлекеттің қатысуымен Астана хабын құруға негізгі себеп болды. Әлі де болса біздің үлгімізді үйренушілер де, Астана хабы аясында тәжірибе мен білім алмасуға ниетті мүдделілер саны өсіп келеді. Соның нәтижесінде, казір Хабқа қатысушы елдер қатары 40-қа жетті. Дегенмен қазіргі жаңа жаһандану заманы, жаңа технология­лар, қоғамның өскелең талабы мемлекеттік қызметтің қарқынды дамуын талап етеді. Ал өз кезегінде кәсіби, тәуелсіз және ұлтқа қызмет ететін адал мемлекеттік қызмет – тәуелсіздігіміз баяндылығының шешуші факторларының бірі.

Алихан БАЙМЕНОВ,
Астана Мемлекеттік қызмет хабы
Басқарушы комитетінің төрағасы

Дереккөз: Айқын

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз