«Капитанның кемені тастап кетуімен бірдей»: Депутат халық алдына шықпаған әкімдерге қатысты

0
1877

Мәжіліс депутаты, журналист Қазыбек Иса елдегі тәртіпсіздіктер кезінде халық алдына шықпаған әкімдерге қатысты ойын айтты. Ол ел көзінен тасада болған аймақ басшыларын сынға алды. Сондай-ақ үкіметке елдің тілін түсінетін, қазақша ойлайтын қайраткерлер керек екенін мәлімдеді. Бұл туралы ол журналист Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында баяндады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Депутат бүлік кезінде елмен бірге болған Маңғыстау және Қызылорда облысының әкімдерін атап өтті. «Нұрлан Ноғаев Маңғыстауда да тұрды, Жаңаөзенге де барды, елден сөз де естіп жатты. Сонда да соңына дейін халықпен бірге болды. Күнде экраннан да шығып, халыққа басу айтты. Әйел болса да, Қызылордада Гүлшара Әбдіхалықова шықты. Басқа көптеген әкімді көрмедік», – дейді Қазыбек Иса.

Естеріңізде болса, алматылықтар әкім Бақытжан Сағынтаевқа отставкасын талап етіп, петиция жариялаған еді. Көпшілік сын сағаттарда әкімнің көрінбегеніне қапалы. Петиция авторларының пікірінше, Сағынтаев ең қиын күндері қала тұрғындарына моральдық жағынан да, физикалық жағынан да қолдау көрсетпеді. Елдің пікірін депутат та қостап отыр.

«Алматы қаласы әкімі қайда болды деп көбісі сынап жатыр. Ол кейінгі кезде ғана шығып жатыр. Оның не жауап бергенін байқай алмадым.

Бізде әкімдер, министрлер қандай адам болу керек? Әкім деген сол өңірдің қолбасшысы саналады. Сол кезде халық шулап, ереуілшісі қайсы, содыры қайсы екенін айыра алмай, адам өліп, елде топалаң болып жатқан кезде әкімнің болмауы, кемеде бүлік шыққан кезде капитанның кемені тастап кетуімен бірдей деп қабылдаймын.

Қай жерде шу, ереуіл болсын, сонымен сөйлесе алатын министр не әкімнің оңып тұрғанын көрмейсің. Барғанының өзі сөйлей алмай жатады. Бір облыстың әкімі барып, қазақшасы бітіп, орысша боқтап жіберді. У-шу болды», –  деді депутат.

Бұдан өзге, Қазыбек Иса үкіметке халықтың тілін түсінетін, айтар сөзін қағазға қарап шүлдірлемей, қазақша ойлайтын нағыз қайраткерлер керек екенін айтты.

«Премьерді ғана ауыстырып, қалғанын бір-бірінің орнына ауыстырғаннан ештеңе ұтпайды. Әлеуметтік өршу одан басылмайды. Халықтың тілінде сөйлей алатын үкімет керек. Әр істің өз маманы халықтың алдында жауап бере алатын, білікті іскер, саясаткерлігі де бар тұлғалар келуі керек деп ойлаймын. Оған кадр жеткілікті», – деді ол.