«Канело» промоутері үшінші жекпе-жектің қашан және қайда өтетінін айтты

0

Мексикалық боксшының тарапы үшінші жекпе-жекті де Лас-Вегаста өткізгісі келеді

Golden Boy промоутерлік компаниясының басшысы Оскар Де ла Хойя Геннадий Головкин мен Сауль «Канело» Альварестің үшінші жекпе-жегін өткізуге қатысты келіссөздің басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sports.kz.

Мексикалық боксшының тарапы үшінші кездесуді Лас-Вегаста «Синко де майо» мерекесінің құрметіне демалыста өткізгісі келеді. Бұған дейін олар «Канело» шаршы алаңға 4 мамырда оралуды жоспарлап отырғанын хабарлаған еді.

«Жуырда мен Головкиннің адамдарымен алғашқы келіссөзді жүргіздім. Біз үшінші жекпе-жекті Лас-Вегастағы бокс үшін ең айтулы дата болатын «Синко де майо» мерекесінде өткізуді ұсындық. Сол себепті, біз келіссөздерді бастаймыз. «Канело» кез келгенімен жұдырықтасуға дайын. Олардың үшінші жекпе-жегі үлкен мүмкіндік болғалы тұр. Келіссөз басталды, оның неге әкелетінін көреміз», — деді Де ла Хойя ESPN Houston радиосына берген сұқбатында.

Еске сала кетсек, GGG мен «Канелоның» алғашқы екі жекпе-жегі де Лас-Вегаста өткен болатын. Бірінші кездесу тең аяқталса, екіншісінде төрешілер шешімімен Альварес жеңіске жетті.


Дереккөз: https://sputniknews.kz/