Кандидаттың қанша бақылаушысы бар?
ШТАБТАР, ЖОСПАРЛАР, БАҚЫЛАУШЫЛАР
— Олар біздің арамыздан болуы керек қой, иә?
Кезектен тыс президент сайлауына кандидат атынан қанша бақылаушы қатысатынын сұраған Азаттыққа Амангелді Таспиховтың сайлауалды штабында осылай сауалмен жауап берді.
Қазақстан кәсіподақтар федерациясы ұсынған кандидаттың штабында ақпарат тобын басқаратын Серік Мұқашев тосыннан қойылған сұраққа не дерін білмей, абдырап қалғандай болды.
— Қазір ештеңе айта алмаймын, анықтап көрейін. (Кандидаттың) сенімді өкілдері бар, бірақ шынымды айтсам, бақылаушылар туралы білмейді екенмін, — деді ол телефон арқылы Азаттық тілшісіне.
«Ауыл» партиясының атынан президенттікке ұсынылған Төлеутай Рақымбековтың штабындағылар «Бәсекелес кандидаттардың сайлауалды үгіт-насихатына кімдер бақылау жүргізіп, құқықбұзушылықтар болғаны я болмағанын тіркеп отыр?» деген сұраққа жауап бере алмады. Штаб баспасөз хатшысы Әсел Қасымқанова қандай да бір құқықбұзушылыққа куә болмағанын, ал әріптестеріне кесте бойынша жүктелген шаралар көп екенін айтады. Азаттық тілшісі штабтан маусымның 9-ы күні сайлау учаскелерінде дауыс беру барысын кандидаттың атынан қанша адам бақылайтыны туралы да біле алмады.
— Барлық сайлау учаскесін бақылаушылармен 100 пайыз қамти алмаймыз. Әзірше сайлау учаскелерінің шамамен 70 пайызында бақылаушы болады деп отырмыз. Нақты санын айта алмаймын, — деді Қасымқанова.
Билікті қолдайтын «Ақ жол» (парламенттегі үш партияның бірі) партиясының кандидаты Дания Еспаеваның сайлауалды штабында өңірлер жұмысына жауапты Асылхан Қожахметовтың айтуынша, партия «бір бақылаушыдан қойса да» барлық сайлау учаскелерін толық қамтуды жоспарлап отыр. Әзірге бақылаушылар тізімі толық емес.
— Үгіт-насихат науқанына (кандидаттың) сенімді өкілдері, бақылаушылар да – солар, мониторинг жүргізіп отыр. Біз мұнда бөліп жармаймыз: үгіт-насихат жүргізуші сенімді өкіл де, бақылаушы да бола алады. Заң бұған тыйым салмайды ғой! Бәсекелестер тарапынан заңбұзушылық байқалмайды. Тек сайлау материалын жапсырып жүргендер жайлы шағын ескертулер бар. Оны тек рұқсат етілген жерлерге ғана ілуге болады. Ал олар парақшаларды аялдамалар мен үйлердің қоршауларына дейін жапсырып шыққан, — дейді Асылхан Қожахметов.
«Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысы атынан президенттікке кандидат Сәдібек Түгелдің штабындағылар да сайлауалды науқан кезінде ешқандай өрескел құқықбұзушылық байқамаған.
— Тек ұсақ-түйек заңбұзушылықтар ғана кездесті. Мәселен, плакаттарды жыртып кеткендер болды, — дейді штаб жетекшісінің орынбасары Дидар Оралбекұлы. Бақылаушылардың нақты санын ол да айта алмады. Бірақ барлық сайлау учаскесіне бақылаушы жібере алмайтындарын мойындады.
«Ұлт тағдыры» республикалық қозғалысының кандидаты Әміржан Қосановтың штабындағылар заңбұзушылықты анықтауға әкімдік пен жергілікті сайлау комиссиялары көмектескенін айтады. Штаб мүшелері бәсекелестердің үгіт-насихат жұмысын бақылаумен айналыспайды. «Үлгермейміз» дейді республикалық штаб бастығының орынбасары Аршат Ораз.
— Бізде бұған қажетті ресурс жоқ, қайталап айтамын: заңбұзушылықты әкімдік пен жергілікті сайлау комиссиялары тексеріп, анықтайды. Олар мұның бәрін WhatsApp желісі арқылы бізге және барлығына жібереді. Не болып жатқанын осылай ғана көріп отырмыз. Ал былай өзіміз бақылау жүргізбейміз. Сайлау күні әр учаскеге ең кемі үш бақылаушыдан қойғымыз келеді. Бірақ олай болмайтын шығар. Адам мен уақыт тапшы, — дейді Қосановтың сайлау штабының өкілі.
«Нұр Отан» партиясы ұсынған кандидат әрі елдің қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлау штабындағылар бақылаушылар тізімін құру бірінші кезектегі мәселе емес деп санайды. Олардың сөзінше, қазір штаб үгіт-насихат жұмысына бел шеше кіріскен.
— Қазір әлеуметтік желілер жақсы дамыған, бәсекелестеріміз жіберген кез келген қателікті желіден көруге болады. Сондықтан бұл үлкен қиындық тудырмайды. Өзім күні бойы үгіт-насихат жұмысын кімнің қалай жүргізгенін, қандай қателік жібергенін көріп отырамын. Көп қателікті осылай анықтаймыз. Бұл мәселеге орталық сайлау комиссиясы назар аударуы керек. Біз өз тарапымыздан мәлімдеме жасамаймыз. Бәсекелестеріміздің үстінен шағым түсіру мақсатымыз жоқ. Басқа штабтар тарапынан да бізге қарсы жазбаша шағым болған жоқ. Мен ондайды көрген жоқпын, — дейді Тоқаевтың сайлау штабы аппаратының жетекшісі Мәди Оспанов.
Қазақстан коммунистік халық партиясының кандидаты Жамбыл Ахметбековтің штабындағылар Азаттық сұрақтарын жазып алып, спикер дайын болған кезде жауап беретіндерін айтты.
ҚОЛДАН ЖАСАЛҒАН БӘСЕКЕ
Орталық сайлау комиссиясында саяси партиялар мен басқа қоғамдық бірлестіктер атынан бақылаушыларға арнаулы аккредитация қарастырылмаған.
— Олар сайлау күні тіркелген учаскеде бекітіледі. Орталық сайлау комиссиясы арнаулы қаулымен тек шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар бақылаушыларына ғана аккредитация береді, — деді Қазақстан орталық сайлау комиссиясының мүшесі Зәуреш Баймолдина.
Кандидаттардың сайлау науқаны қалай өтіп жатыр?
Кезектен тыс президент сайлауы қарсаңында құрылған Next.kz тәуелсіз бақылаушылар желісі мүшелері сайлау науқаны баяу өтіп жатқанына назар аударады. Ұйым белсендісі Арсен Құдабаевтың пікірінше, бұл сайлауалды штабтардың өз бақылаушылар тізімін құруға асықпауынан да көрінеді.
— Оларда бақылаушы болуға адам жетпей немесе жинай алмай жатқан болар. Сайлау штабтарына бұл мүлде қажет болмауы да мүмкін. Олар үшін сайлау нәтижесі әлден белгілі. Олардың қазіргідей баяу жұмысына қарап, сайлауға белсенді бақылау жүргізетіндеріне күмәнім бар, — дейді Арсен Кұдабаев.
Бұрын ЕҚЫҰ миссиясы қатарында сайлау процесін бақылауға қатысқан саясаттанушы Димаш Әлжанов тіпті билік басқаратын сайлаудың өзінде де тәуелсіз бақылау жүргізу маңызды екенін айтады.
— Сайлау толықтай басқарылатын болса да, қоғам ұйымдасқан түрде бақылау жүргізуді үйренуі керек. Бұл өз мүддеміз үшін, азаматтардың сайлау құқығын қорғау үшін қажет. Біз заңбұзушылықтар механизмі туралы көбірек біліп, болашақта оларға қарсы тұратын технологиялар құрастыра аламыз. Бәрі бір президент сайлауының айналасымен шектелмейді, басқа сайлау науқандары да болады, — дейді Димаш Әлжанов.
Саясаттанушы кандидаттардың сайлауалды штабтарынан бәлендей белсенділік күтудің қажеті жоқ деген пікірде. «Олардың жұмысы заңбұзушылықтарды анықтауға емес, транзиттік президенттің қызметін заңдастыру деген ортақ міндетті орындау үшін сайлауда «бәсеке» тудыруға бағытталған» деп санайды ол.
— Бұл сайлау толық тазартылған саяси алаңда өтіп жатыр. Де-факто мұнда билікке қарсы тұра алатын шынайы күш жоқ. Кандидаттардың сайлауалды платформалары дауыс берушінің қолдауына ие болуды көздемейді. Олардың мақсаты – халықты өзекті саяси мәселелерден аулақтатып, билік ұсынған негізгі кандидат бағдарламасы туралы картинаға қосымша реңк беру ғана. Қоғамды бағытынан жаңылдыру үшін қоғам назарын талас тудыратын басқа мәселелерге бұрып отыр. Бұл сайлаудың режиссері бар, кандидаттар осы спектакльдегі актерлер ғана, тәуелсіз позициясы жоқ «актерлер» өзіне жоғарыдан берілген рөлді ғана сомдайды. Сондықтан олардың штабы ұйымдастыратын бақылауға үміт артудың керегі жоқ, — дейді Димаш Әлжанов.
Маусымның 9-ы күні өтетін кезектен тыс президент сайлауында ел азаматтары дауыс беретін сайлау бюллетенінде Қазақстан тарихында алғаш рет Нұрсұлтан Назарбаевтың аты-жөні болмайды. Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған Назарбаев биыл наурыз айында президенттік өкілетінен бас тартқанымен, елдің саяси жүйесіне ықпалын сақтап қалды. Назарбаев президент қызметінен кеткен кезде орнына парламент сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевты (сенат спикері болып Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева сайланды) қалдырды. Сәуір айында Тоқаев елде биыл маусымның 9-ы күні кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялап, бұл шешімін «алға басу үшін айқындық қажеттігімен» түсіндірді.
Қазақстан заңына 2017 жылы енгізілген өзгертулерге сәйкес, ел азаматтары президенттікке өз-өзін ұсына алмайды. Президент сайлауына республикалық қоғамдық бірлестік не саяси партия атынан ұсынылған кандидаттар ғана қатыса алады. Орталық сайлау комиссиясы биылғы президент сайлауына жеті кандидатты тіркеген.
Батыс бақылаушылары Қазақстанда бұған дейін өткен бірде-бір сайлауды әділ әрі ашық болды деп мойындамаған. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) бақылаушылары бұған дейінгі президент сайлауларында бірқатар елеулі заңбұзушылықтар, соның арасында бюллетеньдерді топтап салу, дауыс беру нәтижесі туралы хаттамаларын толтырғанда айла-шарғы жасалғаны, бюджеттік мекеме қызметкерлеріне қысым жасалғаны туралы айтқан.
Халықаралық ұйым ескертпесінде сайлау процесіне мемлекеттің шектен тыс араласқаны және сайлаудың бәсекесіз өткені де айтылған. Қазақстан билігі бұл ескертулерді «жалпылама» және «дәлел-дәйекке негізделмеген» деп атаған.