кандидаттардың аты-жөні бюллетеньде қандай ретпен жазылады?

0

9 маусымда өтетін президент сайлауына 12 067 475 бюллетень дайындалады

НҰР-СҰЛТАН, 21 мамыр – Sputnik. Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс президент сайлауына қажетті бюллетеньдердің саны мен мәтінін бекітті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Кандидаттар сайлау бюллетеніне мемлекеттік тілдің әліпбилік тәртібімен тегі, аты, әкесінің аты көрсетіле отырып енгізіледі.
Осыған сәйкес, кандидаттар бюллетеньде мынадай тәртіппен көрсетіледі:

  • Ахметбеков Жамбыл Әужанұлы;
  • Еспаева Дания Мәдиқызы;
  • Қосанов Әміржан Сағидрахманұлы;
  • Рақымбеков Төлеутай Сатайұлы;
  • Таспихов Амангелді Сатыбалдыұлы;
  • Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлы;
  • Түгел Сәді-Бек.

Әкімдіктер әрбір сайлау учаскесі бойынша сайлаушылар тізімін сайлау комиссияларына дауыс беру басталардан жиырма күн бұрын – 20 мамырда берген.

«Осы тізімдерге сай сайлаушылардың жалпы саны 11 947 995 адамды құрады. «Қазақстандағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 37-бабы 2-тармағына сәйкес сайлау бюллетеньдері сайлаушылардың жалпы санының 1 проценті резервімен сайлаушылардың санына тең мөлшерде дайындалады. Осыған байланысты 12 067 475 сайлау бюллетенін дайындау қажет», — деді Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сабила Мұстафина.

Оның айтуынша, бір бюллетеньді дайындау құны – 11 теңге. Сонда 12 067 475 бюллетеньді дайындау үшін 132 миллион 742 мың 225 теңге жұмсалады.

Орталық сайлау комиссиясы сайлау бюллетеньдерін дайындайтын типографияны анықтап та қойды.

Сондай-ақ, бюллетеньдерді қолдан жасаудан және тиісінше оларды бұрмалаудан қорғауды қамтамасыз ету мақсатында сайлау бюллетеньдерінің қорғалу дәрежесі белгіленді.

Сайлау бюллетеньдері облыстық, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың сайлау комиссияларына үш күннен, яғни 6 маусымнан ерте емес және сайлауға дейін бір күннен, яғни 8 маусымнан кешіктірмей жеткізілуі тиіс.



sputniknews.kz