Калифорниядағы өрт салдарынан тағы бір актердің үйі өртеніп кетті — Жаһан

0

Аустралиялық актер Лиам Хемсфорт Малибудағы үйінің суреттерін көрсетті. Калифорниядағы алапат өрт салдарынан оның зәулім үйі өртеніп кетті, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Ол суреттерді Instagram желісінде жариялады. 

Актер өрт болған жерге келіп, әнші Майли Сайруспен бірге тұрған үйінің қазіргі қалпын көрсетті. Қиранды арасынан кезінде үйдің сәнін келтіріп тұрған тастан қашалаған LOVE әріптерін көруге болады. 

Актер өртке дейін және өрттен кейінгі суреттерді жариялады. 

«Бұл менің үйімнен қалғаны. LOVE. Малибуде тұратын біраз адам үйінен айырылды және менің жүрегім сол адамдармен бірге. Адамдар бір-біріне көмектесіп, қол ұшын тигізіп жатқаны қандай керемет», — деді Хемсфорт.

Сондай-ақ, өрт салдарынан әнші Робин Тиктің үйі өртеніп кетті. Instagram желісінде жариялаған постында ол өрт сөндірушілер мен еріктілерге алғыс білдірген. Актриса Ким Бесингер де өрт салдарынан үйінен айырылған. 

Осыған дейін алапат өрттен 48 жастағы актер Джерард Батлердің үйі бүлінгені туралы хабар тарады. Өрт кезінде ол эвакуацияланған. Instagram желісіндегі стористе ол үйінің қазіргі жағдайын бөлісті.