Кабулдағы жарылыстан ондаған адам қаза тапты
7 тамызда Ауғанстан астанасы Кабулда талибандық жанкешті шабуылынан кемінде 14 адам қаза тауып, 154 адам жараланған. Бұл туралы жергілікті билік өкілдері хабарлады.
Жанкешті таңертеңгі қарбалас кезде полиция бөлімшесінің қасына өзі айдап келген көлікті жарып жіберген. Ауғанстан ішкі істер министрлігі баспасөз хатшысы Нусрат Рахими қаза болғандар арасында әйелдер мен балалар бар деп хабарлады. Ішкі істер министрінің орынбасары Хошал Садаттың журналистерге айтуынша, жарылыстан зардап шеккендердің 92-і — қарапайым азаматтар. Қаза болғандардың төртеуі полиция қызметкері деп хабарланды.
«Талибан» қозғалысы шабуылға жауапкершілікті алатынын мәлімдеді. Бұл жарылыс АҚШ пен «Талибан» қозғалысы өкілдері арасында Ауғанстанда 18 жылға жалғасқан соғысты тоқтату туралы бейбіт келіссөз жалғасып жатқанда жасалған.
Ауғанстан президенті Ашраф Ганидің баспасөз хатшысы Седик Седикки «Талибанның» шабуылдарды жалғастыруы олардың бейбіт келісімге келуге ықыласы жоқ екенін байқатады деп мәлімдеді.