«Junior Eurovision 2021»: Дауыс беру басталды

0

19 желтоқсанда Junior Eurovision музыкалық байқауы өтеді. Байқауда Қазақстанның атынан екі қатысушы өнер көрсетеді. «Junior Eurovision 2021» байқауы қашан және қайда өтеді? 2020 жылы «Junior Eurovision 2021» халықаралық байқауында Францияның жас әншісі Valentia жеңіске жеткен болатын. Сол себепті, 2021 жылғы байқау жеңімпаз атанған әншінің отаны – Франция елінде өтуде. Байқаудың финалы 19 желтоқсан күні Париж қаласында өтеді. Қатысушылар La Seine Musicale концерт залының сахнасында өнер көрсететін болады. Балалар ән байқауын 19 желтоқсан күні сағат 21:00-де «Хабар» телеарнасының тікелей эфирінде көруге болады. «Junior Eurovision 2021» байқауында Қазақстанның атынан кім өнер көрсетеді? Биыл алғашқы рет «Junior Eurovision 2021» ән байқауының Ұлттық іріктеу кезеңінде екі қатысушы бірдей дауыс жинап, Бекнұр Жәнібекұлы мен Әлинұр Хамзин жеңімпаз атанды.

Париждің төрінде қазақстандық талантты жастар дуэт болып «Ертегі әлемі» атты әнді орындайды. 13 желтоқсан күні өткен «Junior Eurovision 2021» байқауының ашылу салтанаты кезінде тасталған жеребенің қорытындысы бойынша, біздің өнерпаздардың 10 нөмірде сахнаға шығатыны белгілі болды. Естеріңізге сала кетейік, байқаудың финалы 19 желтоқсанда өтеді. Жеңімпаз есімі қазылар алқасы және көрермендердің дауыс беру нәтижесі бойынша анықталады. «Junior Eurovision 2021»: қалай дауыс береміз? Барша қазақстандықтар «Сенің дауысың — біздің ортақ жеңісіміз!» ұранымен Париждегі «Junior Eurovision 2021» халықаралық ән байқауында еліміздің намысын қорғайтын 11 жасар Әлинұр Хамзин мен 8 жасар Бекнұр Жәнібекұлына белсенді дауыс беруге шақырылады.

Дауыс беру бүгін, 17 желтоқсан күні, junioreurovision.tv сайтында басталады. Дауыс беру 3 қадамнан тұрады: — junioreurovision.tv сайтына кіру; — Барлық қатысушылардың қысқаша бейнероликтерін қарап шығу; — Әлинұр Хамзин және Бекнұр Жәнібекұлын, сондай-ақ басқа екі елдің қатысушыларын таңдау.

Қазақстанның айтулы байқауға төртінші рет қатысуы «Хабар» Агенттігінің 2016 жылдан бастап Еуропалық хабар тарату одағының қауымдастырылған мүшесі болып табылуының арқасында мүмкін болды. Алғаш рет Қазақстан Junior Eurovision байқауына 2018 жылы қатысты. Байқауға Данэлия Төлешова «Өзіңе сен» әнімен қатысып, алтыншы орынға ие болды. 2019 жылы Ержан Максим «Арманыңнан қалма» әнімен екінші орын алды. 2020 жылы пандемияға байланысты Junior Eurovision  онлайн-форматта өтті. Байқауға әндер жазба нұсқасында ұсынылды. Қазақстан намысын қорғаған Қарақат Башанова Forever әнін орындап, қазылар алқасы мен көрермендердің дауыс беру қорытындысы бойынша 13 қатысушының арасында екінші орынға ие болды.