Юбка киіп келгені үшін мазақтаған: Алматыда оқушы 11-қабаттан секіріп мерт болды

0

Әлеуметтік желіде «Алматыда мектеп оқушысы 11-қабаттан секіріп кетті» деген ақпарат тарап жатыр, деп хабарлайды KZNEWS. 

Ол жерде 8-сынып оқушысының мектеп психологымен болған әңгімеден кейін осындай қадамға барғаны айтылған.

«Кеше мектепте Хеллуин мерекесіне орай Гарри Поттер стилінде бал өткен. Бала бұл шараға юбка киіп келген. Оған куратор айғайлап, сосын оны мәжбүрлеп психологқа апарған. Оқушы психологпен сөйлескеннен кейін 11-қабаттан секіріп кетті» делінген хабарламада.

Алматы қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектеп әкімшілігі ақпаратты растады.

«28 қазанда бала оқудан тыс кезінде көз жұмды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Кәмелетке толмаған баланың және басталған тергеудің мүддесі үшін мектеп қосымша ақпаратты бере алмайды», — деп хабарлады білім мекемесі.

Алматы қалалық полиция департаменті аталған факті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 105-бабы бойынша Бостандық аудандық полиция бөлімінде тіркелгенін мәлім етті.

«Оқиғаның себептері мен мән-жайы өндіріс барысында анықталады. Сот-медициналық сараптама тағайындалды», — деп хабарлады полициядан.