Энергетикада айтарлықтай табыс бар
Мұнай өндіру көлемі 2017 жылмен салыстырғанда 4,7% өсіп, биыл рекордтық 90,3 млн тоннаға жеткен екен. Соның ішінде, үш ірі жоба бойынша мұнай өндіру көлемі 53,9 млн тоннаны құрайды. Атап айтар болсақ, Қашағандағы өндіріс былтырғыдан 20 пайызға артып, 3,2 млн тоннаға, Теңізде 3,3 пайызға артып 28,6 млн тоннаға, ал Қарашығанақта 0,8 пайызға артып 12,1 млн тоннаға жетті. Мұның бәрі қара алтын экспортының былтырғыдан 2,4 пайызға артып 71,5 млн тоннаға жетуіне септігін тигізді. Ал мұнай өңдеу көлемі былтырғыдан 8 пайызға ұлғайып биыл 16,1 млн тоннаны құрады.
«Газ өндіру көлемі жоспарланған көрсеткіштен жоғары, 54,8 млрд текше метрге жетті. Тауарлық газ өндірісі былтырғыдан 4,4 пайыз өсіп, 33 млрд текше метрге, сұйытылған газ өндірісі 3,4% өсіп 3 млн тоннаға жетті», деп мәлімдеді елдің бас энергетигі. Осы орайда газдың экспорт көлемінің де 2017 жылмен салыстырғанда 10,4% артып, 19 млрд текше метрді құрағаны да айтылды.
Жылдың басты жетістіктерінің бірі ретінде экономикалық ынтымақтастық аясында Қытайға жыл сайынғы 10 млрд текше метр көгілдір отын экспорттау туралы келісімге қол жеткізілгенін атауға болады. 2017 жылы Қытайға 1,1 млрд текше метр газ экспортталса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 5,8 млрд текше метрге жетті.
Электр энергиясын өндіру көлемі биыл 106 млрд квт/сағатты құрады, бұл 2017 жылға қарағанда 3,6% артық. Келесі жылы бұл көрсеткіш әлі де ұлғая түсуі тиіс. Өйткені Қ.Бозымбаевтың айтуынша, «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде өңіраралық «Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік» 500 кВт желі құрылысы» жобасы аяқталды. Осы жоба арқылы елдің оңтүстік бағытындағы транзит қоры 1350-ден 2100 МВт-ға дейін артты, бұл оңтүстік өңірдің энергия тапшылық мәселесін шешуге мүмкіндік береді.
«Дәстүрлі стансалардан электр энергиясына тарифтердің төмендеуіне қатысты биылғы 14 желтоқсандағы бұйрықпен елдің 43 энергия өндіруші барлық стансалары бойынша тарифтердің төмендетілгені сіздерге мәлім. Бұл 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап электр энергиясын тұтынушыларында шекті бағаны төмендетуге мүмкіндік береді. Осылайша Елбасының тапсырмасы орындалды», деді министр.
Бозымбаевтың айтуынша, жаңартылмалы қуат көздерінен энергия алу көрсеткіші жоспарлы түрде өсіп жатыр. Электр энергиясының жалпы көлемінде жаңартылатын энергияның үлесі биыл 1,3%-ды құрады.
«2018 жылы жаңартылатын энергетика саласында Маңғыстау, Жамбыл, Алматы және Қарағанды облыстарында 5 нысан пайдалануға берілді. Ал 2019 жылы жалпы қуаты 629 МВт болатын 16 нысанды енгізу жоспарланса, 2020 жылы ЖЭК нысандарының санын 2 есеге арттырамыз. Жиынтық қуаты 2353 МВт-ты құрайтын 124 нысан жұмыс атқаратын болады», деді Энергетика министрі.
Бауыржан Мұқан,
«Егемен Қазақстан»
Дереккөз: http://egemen.kz/