Эмир Байғазин фильмдерінің тұсаукесері өтеді

0
19 Қараша 2018, 14:48 129 0

Астана, BAQ.KZ. Норвегияның астанасында қазақстандық режиссер Эмир Байғазин фильмдерінің ретроспективасы өтті. Осло қаласында қарашаның 13-і мен 18-і аралығында өткен 28-ші Films from the South кинофестивалінің «Режиссердің ерекше портреті» бағдарламасы аясында Эмир Байғазиннің ретроспективасы ұйымдастырылды.

Отандық режиссер «Өзен» және «Жұлдыздарды көргіңіз келе ме?» фильмдерінің көрсетілімдеріне қатысып, көрермендердің сұрақтарына жауап берді.

Эмир Байғазиннің соңғы екі фильмдерін қазақстандықтар да көре алады. Режиссердің «Өзен» фильмі бүгін, 19 қарашада, 14-ші Халықаралық Ш.Айманов кинофестивалі аясында көрсетіледі. Ал оның «Жұлдыздарды көргіңіз келе ме?» туындысын 22 қарашада «CLIQUE» фестивалінде көруге болады.

Өткен жылдың тамыз айында Румыниядағы Anonimul кинофестивалінде Эмир Байғазиннің ретроспективасы ұйымдастырылған болатын. Бұл фестивальде отандық режиссерге «әлемдік кинематографтың әсемділігіне жеткен жетістігі үшін» жүлдесі табысталды.

«Өзен» фильмінің әлемдік тұсаукесері Венеция кинофестивалі шеңберінде өткен болатын. Бұл фестивальдің «Көкжиектер» бағдарламасында Эмир Байғазин үздік режиссер атанды.

Эмир Байғазин «Өзен» фильмінде режиссер ғана емес, сондай-ақ сценарий авторы, қоюшы оператор, бас продюсер міндетін атқарды. Тіпті, бұл фильмнің монтажын өзі жасаған.


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!


Дереккөз: BAQ.KZ