Экспорт әлеуетін дамыту көзделді | «Айқын» газеті
Партияның Орталық аппаратында партиялық қадағалау комиссиясының «Өнеркәсіптік даму» бағыты бойынша отырысы өтті. Оған Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов жетекшілік етті.
Кездесуге Инвестициялар және даму вице-министрі А.Кабикенов, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Қ.Бишімов, Kazakh invest АҚ басқарма төрағасының орынбасары Б.Канешев және Ұлттық экономика, Қаржы министрлігінің, Шекара қызметі және кәсіби қауымдастықтардың өкілдері қатысты.
Кездесу барысында комиссия мүшелері Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын ескере отырып, еліміздің экспорттық әлеуетін дамытуды, сондай-ақ өндірістік кәсіпорындардағы еңбек өнімділігін арттыруды қарастырды. Алғашқы мәселені Инвестициялар және даму вице-министрі көтерді және ағымдағы экспорттық саясат, бөлімнің жоспары және болжамды пайда туралы әңгімеледі.
Бүгінгі таңда Қазақстан 800-ден астам тауарды 123 елге экспорттайды. Экспорттық себет жыл сайын 5-8 өнім тобына толтырылады. Атап айтқанда, экспорттық тауарлардың жаңа топтары 2017-ге автомобильдер, күн батареялары, газ қазандықтары, патрондар, рельстер, пост-терминалдар, құрғақ бие сүті енгізілді.
Өңдеу өнеркәсібінің негізгі экспорттық өнімдері легирленген болаттан, пішінделген және арнайы профильден, алюминий сымнан, жіксіз құбырлардан және профильден, сондай-ақ басқа да металлургиялық өнімдерден тұрады. 2018 жылдың соңына қарай қаржылық қолдау шараларын қамтамасыз ету шеңберінде KazakhExport ЕСК арқылы 79,6 млрд теңге сомасына 48 жобаны қолдау жоспарланып отыр. Олардың 50%-дан астамы – агроөнеркәсіптік кешеннің және тамақ өнеркәсібінің өнімдері.
Мемлекет басшысының экспортты дамытуға 500 млрд теңге бөлу туралы тапсырмасын орындау туралы А.Кабикенов айта келе, бұл қаражат жеңілдікті несие беру мен экспорт алдындағы қаржыландыруды ұлғайтуға бағытталатынын тілге тиек етті. Ұсынылған шаралар жиынтықта 2022 жылға дейін үшінші елдердің нарықтарында табысты бәсекелесуге, 300-ден
450-ге дейін экспорттаушы кәсіпорындардың санын көбейтуге және шикізаттық емес экспорт көлемін 1,5 есе ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Кездесу барысында Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев экспорттаушыларға қызмет көрсету туралы айтып өтті. Биыл палата отандық тауар өндірушілерге өңделген қазақстандық өнімді ілгерілету үшін 84 іс-шара ұйымдастырды және 423 қызмет көрсетті. Осы жұмыс нәтижесінде жалпы сомасы 457 млн АҚШ долларына 73 экспорттық келісім жасалды.
Келер жылдан бастап сервистік қолдау күшейтіледі. Атап айтқанда, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Белоруссия, Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері сынды басым экспорттық елдерде 10 жаңа сауда миссиясы ашылады.
Сарапшылармен бірлесе отырып, өңдеу өнеркәсібі мен тау-кен өнеркәсібінің 600-ден астам кәсіпорыны олардың технологиялық деңгейін анықтау және Индустрия 4.0 элементтерін іске асыруға дайындықтарын бағалау, сондай-ақ жүйелік кедергілерді анықтау үшін жан-жақты сауалнама арқылы зерттелді. Осылайша, өндіріс кәсіпорындарының 80%-ы және кен өндіру өнеркәсібінің 60%-ы Өнеркәсіп 2.0 (жартылай автоматтандырылған операциялар) деңгейінде немесе автоматтандырылған өндіріске өту кезеңінде тұрғандығы анықталды.
Белгіленген проблемалық мәселелерді талқылағаннан кейін депутаттар, комиссия мүшелері мемлекеттік органдарға, Ұлттық палатаға және квазимемлекеттік секторға тиісті ұсыныс жолдады.
Абылайхан ЖҰМАШ
Дереккөз: Айқын