Экс-әкім спортшының пәтерінен айырылуы туралы: Жергілікті биліктің бұған қатысы жоқ
Солтүстікқазақстандық спортшы, Азия чемпионы Айдар Қазов әкімдік сыйлаған пәтерінен айрылып, далада қалды. Ауыр атлет шетелде оқу-жаттығу жиындарында жүрген кезде жылжымайтын мүлік сатылып, полиция қызметкерлері мен заңгерлер оның туыстарынан баспананы босатуды талап еткен. Барар жері қалмаған отбасына Петропавл қалалық әкімдігі коммуналдық қызметтердің ақысы төленбегендіктен су, газ, жарықтан ажыратылған бір бөлмелі пәтер ұсынған. Оның өзі уақытша, себебі спортшыға үйді жекешелендіру құқығы берілмеген.
Azattyq Rýhy ақпарат агенттігі мәселеге қатысты, сол кезде Солтүстік Қазақстан облысын басқарған экс-әкім, бүгінде ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ерік Сұлтановқа ресми хат жіберілгені жайында жазған еді. Араға бір аптадан артық уақыт салып Парламенттен жауап келді. Халық қалаулысы спортышның басынан өткен келеңсіздікке «форс-мажор» деген баға беріп, жергілікті билікті ақтап алуға тырысты.
«Сіздің өтінішіңізді қарау нәтижелері бойынша, Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданы әкімдіктерінің түсініктемелерін ескере отырып, келесіні хабарлаймын.
2016 жылы белгілі спортшымызға «Казградстрой» ЖШС (әрі қарай — компания) демеушісі есебінен пәтер берілді. Осы мақсатқа бюджет қаражаты бөлінбеген.
Кейіннен компаниядағы экономикалық жағдай айтарлықтай өзгерді.
Бұл бұрын қабылданған шешімнің өзгеруіне әсер етті. Менің ойымша, туындаған жағдай форс-мажор деп саналады және жергілікті биліктің бұған қатысы жоқ.
Осыған қарамастан, 2019 жылы Петропавл қаласының әкімдігі тұрғын үй комиссиясының шешімімен Айдар Қазовқа Жабаев көшесі, 170-31 мекенжайы бойынша қызметтік тұрғын үй берді.
Қазіргі уақытта Айдар Қазовқа пәтерді жекешелендіру құқығын беру туралы мәселе шешілуде. Бұл мәселенің шешімі менің назарымда», — делінген ресми хатта.
Осылайша шенеунік болған жағдайды банкрот болған «Казградстрой» құрылыс компаниясының басшылығына сілтеді.
«БИЛІК ӨКІЛДЕРІНЕ СЕНУДЕН ҚАЛДЫМ…»
Мәселеге қатысты Азия чемпионы Айдар Қазовтың да пікірін білдік. Аузы күйген спортшы шенеуніктерге сенуден қалғанын ашық айтты.
«Бір емес, бірнеше рет алдандым. Сондықтан билік өкілдеріне сенуден қалдым. Осылай болатыны үш ұйықтасам, түсіме кірмеп еді. Пәтердің құжаттары толық қолыма тимейінше, мәселенің шешілетініне көзім жетпейді. Мені қолдап, сүйеніш болып, пікір білдіріп жатқан халқым мен әріптестеріме алғысым шексіз. Барлығы әділдіктің орнайтынына сенім білдіріп жатыр. Солай болғай. Бірнеше жыл бойы жалғасып келе жатқан проблемадан жүйкем шаршады», — дейді ауыр атлет.
Айдар осындай келеңсіздіктердің кесірінен кәсіби спорттан кетпек болып жүргенін де айтқан болатын.
Azattyq Rýhy ақпарат агенттігі көтерген бұл мәселе әлеуметтік желілерде халық наразылығын туғызып, қызу талқыланғаны белгілі. Facebook-тегі сауалдарға Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғани Нығметов өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың қала әкімі Болат Жұмабековке нақты тапсырма бергені, таяу арада мәселе оң шешімін табатындығы жайында айтып, жауап жазған болатын. Алайда сөз жүзінде жауап болғанымен, шаһар әкімдігі тарапынан іс жүзінде ешқандай әрекет байқалмады.
Азия Чемпионына белгілі спортшы Илья Ильин қолдау көрсетіп, осы мәселеге қатысты құзырлы орындарға хат жолдағаны жайында айтып пікір білдірген еді.