Экология министрлігінің лауазымды тұлғалары және «ӨКМ Операторы» ЖШС басшылығы 180 миллиард теңге жымқырмақ болған

0

Ведомство мәліметінше, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Бас прокуратураның үйлестіруімен «ӨКМ Операторы» ЖШС-нің 180 миллиард теңге көлемінде ақша қаражатын ұрлаудың алдын алған.

«Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің лауазымды тұлғалары және «ӨКМ Операторы» ЖШС басшылығы электр энергиясын өндіретін 6 қоқыс жағатын зауыт салу үшін жеке ұйымды заңсыз қаржыландыру жолымен кәдеге жарату алымдары түрінде жиналған 180 миллиард теңгені ұрлауға ниеттенген», — делінген хабарламада.

Антикор мәліметінше, бұл ретте электр энергиясын мемлекет 15 жыл ішінде негізсіз жоғары тариф бойынша сатып алуға және жеке компанияға миллиардтаған пайда әкелуге кепілдік беруі керек болған.

«Уақтылы қабылданған шаралар нәтижесінде аталған заңсыз әрекеттер әшкереленіп, ақшалай қаражат бұғатталған. Экология вице-министрі мен «ӨКМ Операторы» ЖШС бұрынғы басшылары қамауда. Кінәлілік туралы қорытынды шешімді сот анықтайды», — делінген хабарламада.

Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жария етуге жатпайды.

Бұған дейін экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов пен «ӨКМ операторы» ЖШС басқарма төрағасы Медет Құмарғалиев Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының санкциясымен екі ай мерзімге қамауға алынған болатын.

(Фото ашық ақпарат көзінен)