IT сыныптың көтерер жүгі салмақты

0

Мағжан ҚЫСТАУБАЕВ,
STEM зертханасының ғылыми-зерттеулер бойынша директоры:

– «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында «Нұр Отан» партиясы балаларға арналған тегін IT сыныптар ашу және IT мамандар даярлау ісін қолға алды. Бұл жоба аясында алдағы үш жылда қарқынды жұмыстар жүрейін деп отыр. Бұған өзіңіз басқарып отырған орталық қалай атсалысуда? Негізгі мақсаттарыңыз қандай?
– Білім беру жүйесін цифрландыру міндетін жүзеге асыруда IT сыныптардың маңызы зор. Оған біз де атсалысып, бұл бағыттағы білімнің артуына өз үлесімізді қосып отырмыз.
Біз біріншіден оқушыларды өз білімін пайдалана білуге үйретеміз. Соған сәйкес біліктілік дағдысын қалыптасты­рамыз. Мұнда олар инженерлік математика, ро­боттық техника, 3D үлгісінің бағдарла­масы мен түрлі модель бағытында ғылыми жобалар жасайды. Ең қызығы, балалар катапульттердің, крандар мен экскаватор­лардың моделін өздері жасайды. STEM – оқытудың біріктірілген тәсілі, оның аясын­да академиялық тұжырымдама шынайы өмірде зерттеледі.
Әрбір пәннің өз мақсаты бар. Бірақ барлығының тоғысатын жері бір. Ол – баланы проблема шешуге үйрету. Яғни, ол робот жинаса, тек қана робот жинап қой­май, оның роботы бір проблеманы шешуі керек. Жасау барысында біз оған қандай процестер болып жатқанын түсіндіреміз. Біз сабақ беріп жүрген бағдарламаны толық өзіміз ойлап тапқанбыз. Балалардың жасаған бұйымын интернет арқылы сату мүмкіндігі де бар. Жалпы, мұндағы сабақ аптасына 2 рет өтеді.
– Мектеп оқушылары бұл бастаманы қалай қабылдауда?
– STEM ұғымының өзі ең алғаш рет 90-жылдары америкалық бактериологтың ұсынысымен енген. 2000 жылдардан бастап кең тарай бастады. Сол уақыттан бері оны қолданушылар қатары артты. Жалпы, әлем бойынша төртінші технологиялық ре­­во­люция барлық саланы түбегейлі өзгеріске ұшыратып жатыр. Робототехника, робот құрастыру, бағдарламалау, 3D принтер­лермен жұмыс істеу – қазіргі мектеп оқушыларына жаңалық емес. Бүгінгі заман­ның талабы – жаратылыстану ғылымы, есеп-қисап, жаңа технологиялар, инже­нерия секілді ең басты академиялық сала­ларды бөле жармай, бірге дамыту. STEM, S – science – жаратылыстану ғылымы, T – technology – технология, Е-engineering – инженерлік, М-mathematics – математика, яғни ғылым, технологиялар, инженерлік, математика ұғымдарынан құралған. Бүгінде ол – әлемдік білім берудің басты тренді. Технология қарқынды дамыған сайын жаңа мамандықтар пайда болып, оларға деген сұраныс та артуда.
Біздің балаларымыз да оны қуана қа­был­дады. Бұл бағыттағы білімге сын таға алмаймын. Орталығымызға кел­ген әрбір баланың бойынан білімге құш­тарлық көремін. Олар заманауи техно­логияның тілін білетін білікті мамандар болуға қабілетті.
– STEM платформасын жетік білетін мамандар жағы қалай шешілуде?
– Бұл платформаны жүзеге асыруға «Нұр Отан» партиясы мен Білім және ғы­лым министрлігі қолдау білдіріп отыр. Алғашқы екі жылда үйірме ретінде сынақтан өткіздік. Соңғы екі жылда STEM платфор­масын мұғалімдер кеңінен қолдануда. Бү­гінгі күні Батыс Қазақстан облысында – 15, Жамбыл облысында – 13, Астана, Ақмола, Алматы қаласы және облысында – 15, Талдықорған мен Павлодарда – 7, Қос­танайда – 6, Ақтөбеде – 4, Қарағандыда 8 STEM платформа жасақталды. Үлкен қалалардағы мектептерде STEM зертханасы үшін қажетті кабинет, құрал-жабдықтар, құрылғылар жеткілікті. Алайда ауылдағы білім ошақтарында мәселе бар. Өзіңіз айтып отырған STEM платформасын жетік білетін маман аз. Зертханаға лайық кабинет тапшы. Шалғай ауылдарда компьютерлік сынып жетіспейді. Әсіресе, математика, химия, физика пәндерінің зертханасы жоқ. Мектептер жоғары жылдамдықтағы сымсыз интернетке қосылмаған. Ал STEM онлайн технология болғандықтан, оны пайдалануға ноутбук, гаджет, смартфонды қолдануға болады. 3D принтер болса, оның көмегімен жаңа дүние жасап шығаруға мүмкіндік көбейеді. Міне, бағдарламаның да басты мақсаты – осындай мәселелердің түйінін тарқату. ІТ сыныптар ашылған кезде, осы қажетті құрылғылардың дені сол кабинет­терге орналастырылуы керек.
– Тұңғыш рет ІТ олимпиада өткіздіңіз­дер. Нәтижесі қалай болды?
– STEM платформасы енгізілгеннен бері нәтижесін білу үшін Қазақстанда тұң­ғыш рет STEM олимпиада өткіздік. «Нұр Отан» партиясының қолдауымен өткен ІТ олимпиадаға жалпы саны 5000 адам қа­тысты. Мысалы, Астанадағы №66 мектепте өткен қалалық байқауға 17 мектептен ұзынсаны 27 команда қатысты. Олимпиа­дада 100-ге тарта оқушының қарым-қабі­леті, ой ұшқырлығы сарапқа салынды. Оқу­шылар «Смарт сити», «Ақылды қоқыс жәшіктері» жобаларын ойлап шығарған. «Ақылды қоқыс жәшіктерінің» артық­шы­лығы – арнайы датчиктің көмегімен жәшіктің қоқысқа қаншалықты толғанын біле алады. Меніңше, оқушылар қоғамға қажет әлеуметтік жобаларды ойлап табу арқылы еліміздің дамуына, өмір сүру көрсеткішін жақсартуға үлес қосады. Олим­пиада жеңімпаздарына 3D принтерлер, робот техникасының жиынтықтарын бергеніміз де олардың қызығушылығын арттырды. STEM олимпиаданы келер жылы да өткізу жоспарда бар.
– Балаларға арналған тегін IT сынып­тардың көтерер жүгі қандай?
– «IT технологиялар» кабинетін ашу мектеп түлектерінің қолдауы арқылы жүзеге асып отыр. Жаңа технологиялармен жабдықталған кабинет жастардың цифрлы технологияның тілін жетік меңгеріп, ин­женерлік-технология, химия-биология бағы­тында ғылыми-зерттеулермен айна­лысуларына, цифрлы технологиялар бағы­тындағы білімін арттыруға жол ашады.
«Нұр Отан» партиясы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп қазақстандықтардың цифрлы сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың әлемдік ірі жобаларға қатысатын бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына жағдай жасап отыр. Балаларға арналған тегін IT сынып­тардың көтерер жүгі салмақты. Бұл жоба аясында еліміз бойынша 1000 ІТ сынып ашылып, онда жылына 8-16 жас аралы­ғындағы 150 мың бала бағдарламалау және робот техникасының негіздері жайында Еуропалық білім беру стандарты негізінде тереңдетілген білім алады. Әзірге 2018-2020 жылдарға, яғни үш жылға жоспарланған бұл жоба бойынша 450 мың баланы оқытуды қолға алып отыр. Бұл бастама мектептерге факультатив пән ретінде енгізіліп, үш айлық және алты айлық курс ретінде жүр­гізіледі. Алдағы үш жылда елімізде жұмыс беруші ІТ компаниялар мен ірі жоғары оқу орындары базасында 20 ІТ орталық ашылып, жылына 35 мың адам білім алады деп жоспарлануда. Бұл дегеніңіз – үлкен мақсат.
Бұл орталықтарда бүгінде әлемдік дең­гейде сұранысқа ие цифрлау тәсілдері мен Java, Python, PHP, Swift сияқты бағдарла­малау тілдері оқытылады. Міне, алдағы уақытта осындай мүмкіндіктер беріліп, қолдау көрсетіліп отырған бұл сала бо­йын­ша білім күшеймесе, әлсіремейді. Қазіргі заман талабына сай, балаға саналы да сапалы білім берсе ғана, біздің болашағымыз жарқын болмақ.

Сұхбаттасқан
Гүлжан РАХМАН

Дереккөз: Айқын