Ішкі істер министрлігі Қарағандыдағы жаппай төбелестің себебін айтты
ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Жанат Сүлейменов Қарағандыдағы жаппай төбелестің себебін айтты.
Бірінші вице-министрдің айтуынша, Қарағандыдағы “Древний Рим” мейрамханасы аумағында жаппай төбелес 1 қаңтарға қараған түні сағат 04.00 шамасында болған. Төбелеске мейрамханаға келушілер мен көңіл көтеру орнының қызметкерлері қатысқан.
Шұғыл тергеу шараларын жүргізудің нәтижесінде жаппай төбелеске қатысқан 14 адам анықталды, 9 адам қызметкерлер жағынан қатысқан. Фотоны көрген болсаңыздар, мейрамхананың аумағы, залдары үлкен. Сол күні мейрамханада 400-ге жуық адам болған. Олар түнгі сағат үште мейрамхананы жапқан. Сағат төртте келушілерге мейрамхананың жабылатынын айтқан. Жанжалға осы себеп болды, содан кейін ұрыс-керіс туып, арты жанжалға ұласқан, – деді Жанат Сүлейменов Астанадағы брифинг барысында.
ІІМ вице-министрінің айтуынша, бұдан соң мейрамхана қызметкерлері келушілерді сыртқа шығарып жіберген.
Олар достарына хабар беріп, 10-нан астам адам болып мейрамханаға қайта келеді де, кіруге тырысады, айқайлап, түрлі сөз айтады. Сол себепті мейрамхана қожайындары мен жұмысшыларына шара қолдануға тура келеді. Осы кезде төбелес басталады, – деді Жанат Сүлейменов.
Бұзақылық жасады және 23 жастағы адамды өлтірді деген күдікпен Қарағандыда сегіз адам ұсталып, қамауға алынды, бір күдіктіге – Гурурян деген азаматқа іздеу жарияланды. Күдікті интернет арқылы полицияға келуге дайын екенін мәлімдеген.
Ішкі істер министрлігі Гурурянға полиция қызметкерлеріне ерікті түрде берілуді ескертті.
Қарағандыдағы мейрамханалардың бірінде қаңтардың 1-і күні болған оқиға қоғамдық резонанс туғызып отыр. Төбелес салдарынан 23 жастағы жігіт қайтыс болды. 24-27 жас аралығындағы тағы үш жігіт ауруханаға түскен. Кейін олардың екеуінің үйлеріне қайтарылғаны белгілі болды.
6 қаңтар күні Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов қайтыс болған жігіттің туыстарымен кездесіп, оқиғаға кінәлілердің тиісті жазасын алатынын айтты.
Жаңа жыл түні болған оқиға жөнінде Арменияның Қазақстандағы елшілігі және Арменияның Сыртқы істер министрлігі түсінік берді. Елшілік ақпарат құралдарынан ресми мәліметке ғана сүйеніп, оқиғаны ұлтаралық жанжал ретінде көрсетуі мүмкін тексерілмеген ақпаратты таратпауды өтінді. Армения Сыртқы істер министрінің орынбасары Шаварш Кочарян қайтыс болған азаматтың туыстары мен жақындарына көңіл айта отырып, бұл оқиғаға қатысты Қазақстан мен Армения тарапының ұстанымы бірдей екенін және оның тұрмыстық қылмыс екенін мәлімдеді.
Дереккөз: Baribar.kz