«Ішкі дауыс бұйрық берген»: Таразда 9-сынып оқушысы қатарласының тамағын кескен

0

Таразда тоғызыншы сынып оқушысы қатарласының тамағын пышақпен орып жіберген. Жантүршігерлік жағдай қаладағы №35-мектепте болды. Қазір қыз облыстық психикалық денсаулық орталығына жатқызылды. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Бір апта бұрын оқушы сыныптасын серуендеуге шақырып, күтпеген жерден пышақ сермеген. Тергеу барысында қылмысқа барған қыздың ұялы телефонынан өлім-жітім, қанды оқиға жайында кинолар шыққан. Сорақысы 9-сынып оқушысы бір күн бұрын дайындалып, ас үй пышағын арнайы сатып алғаны анықталды.

“Пышақты бір апта бұрын дүкеннен алған. Үйіне сөйтіп қойған. “Сөйлесейік, серуендеп жүріп қайтайық” деп шақырып алыпты. 6-шағын ауданның 29-үйінің артқы жағында күн бататын кезде жасап отыр. Полиция бөлімі анықтау жүргізгенде, телефоныннан үнемі осындай кинолар көретінін анықталды. “Крик» сынды қорқынышты кинолар көрген. “Ішкі дауысым осылай істеп деп айтты” деп отыр”, – деді №35 орта мектебі құқықтық тәрбие жөніндегі директордың орынбасары Ғабит Кадеров.

Оғаш қылыққа оқталған оқушы осылайша құрбысының тамағын осып жіберген дейді білім ошағындағылар. Суық қару күре тамырға сәл жетпей қалған дейді сынып жетекшісі.

“Ішкі дауыс оған тапсырма бергеннен кейін өзі де ондай әрекет жасағанын білмейді. Ол да, ана қыз да да шок алды. Пышақтың ұшы кірген. Егер шамалы 1-2 миллимметр болғанда, жарақат ауыр болар еді. Күре тамыр кесіліп те кетуі мүмкін еді. Құдайға шүкір. Қыздың жағдайы жақсы. Тек жарақат орнын тікті”, – деді сынып жетекшісі Шолпан Жаркиева.

Күдіктінің анасы сол түні қызы қан жоса болып келгенін айтады. Жеткіншек болған жайды тылсым ішкі дауыстың бұйрығымен орындадым депті. Белгілі болғандай, оқушы бұған дейін бірнеше мәрте өз-өзіне қол жұмсамақ болған. Бірақ анасы бұл жайлы ешкімге тіс жармапты.

“Шок алған. Сол пышақты қалай ұстағанын білмейді. Былай бәрі кесілген. Өзінің қолын кесіп тастаған. Сөйтіп үйге қан-қан болып келді. “Мама, мен жасаған жоқпын” деді. “Маған ішкі дауыс  жаса деп айтты” дейді. Дауыс шудың арасынан нақты естілді, “жаса, дайындал, мынаны ал, мынаны ал” деп тұрды деп айтып келді”, – деді қыздың анасы Назгүл Дінбаева.

Қызының жаман атын шығармас үшін анасы оны ауруханаға жатқызудан бас тарттым дейді. Өзі сол мектепте тарих пәнінен сабақ береді. Осылайша дәрігерге де, молдаға да оқытып көрген.

Бірнеше мәрте мектеп, сынып ауыстырып оңалып кетер деген үмітте болыпты. Бірақ қызы ішкі дауыстардың маза бермей, соңғы кезде жиілеп кеткенін айтқан. Сондай сәтте сөзге келіп ұрыстым, содан ол бар ашуын басқадан алуға көшкен болуы бек мүмкін дейді.

“Сол ұрыстан соң ашуланып, өзін тастап жіберген. Өзін жаралап, өмірден түңіліп кетті, “не үшін өмір сүріп жатырмын деп жылайды. Өз-өзіне диагноз қоятынды шығарды. Философиялық кітаптар оқып кетті. Ішкі дауыстарды бақылап, жақсылыққа апармайтынын бақылайтындай болдым деген”, – деді анасы.

Полиция жағдайға қатысты іс қозғап, тергеуді бастады.

“Аталған дерек бойынша полиция қызметкерлері сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Жәбірленуші тиісті медициналық көмек көрсетілгенннен кейін үйіне жіберілді. Қалған мәлімет қылмыстық процесуалдық кодекс бойынша жариялауға жатпайды”, – деп мәлімдеді Жамбыл облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Алмаз Саламатов.

Қазір күдікті облыстық психикалық денсаулық орталығына жатқызылды. Дәрігерлердің диагнозынан кейін ішкі істер департаменті нақты шешім шығарады. Оқушының ахуалын біле тұра, бүркемелеген мектеп басшысы мен психолог өз еркімен жұмыстан шеттетілді.