«Күшпен емес, алдап-сулап». Шымкентте кәмелетке толмаған 7 қыз жыныстық қатынасқа түсіп, 2-еуі жүкті болып қалған

0

Шымкентте былтыр кәмелет жасына толмаған жеті қыздың ісі сотта қаралған. Бәрі ойнақтап жүріп, от басқандар. Оның екеуі жүкті болып қалған деп хабарлайды «Астана» арнасы.

Бұл туралы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы айтты. 2020 жылды қорытындылаған Дәурен Сайханов, 16 жастағы қызбен төсек қатынасына түскен 30 жастағы азаматтың 2,5 жылға бас бостандығынан айырылғанын мысалға келтірді. Сот өрімдей қызды құрығына түсіретіндер олардың аңғалдығын пайдаланатынын айтуда.

«Қызды 30 жастағы ер азамат алдап сулап осыған алып келеді, түсініп отырсыз ба? Қызды күшпен алмайды. Алдап алып келеді, махаббат құрып, сыйлықтарын беріп жатады», – дейді Шымкент қаласы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Дәурен Сайханов.

Ерте жыныстық қатынасқа түскен жеті қыздың екеуі жүкті болып қалған. Оның бірі өз сүйіктісімен сот процесі барысында отбасын құрып үлгерген екен. 19 жастағы жігітке судья шартты жаза тағайындалғанын жеткізді.

Сот төрағасы барлық жағдайда, өкінішке қарай қыздардың ата-аналары болған жағдайдан бейхабар болып жататын айтып отыр.

«Бұл өте үлкен мәселе. Істерді қарастыратын болсақ, көбінесе қыздар аналарына жақын болмайды ау деген пікірде қаламыз. Аналары сырласпайды. Алданып қалма, былай істе деп дұрыс жолды көрсету – ата-аналардың, отбасының жұмысы. Мектепті бөлек алайық, мектеп өз жұмысын атқарып жатыр», – дейді Сайханов.