Жас спортшы ауылдағы үйінен тегін спорт зал ашты

0

Алматы облысында жас спортшы Ақжол Олжабаев өз үйінде балаларға арналған тегін спортзал ашты. Оған ата-анасы көмектескен. Оның мақсаты — ауыл балаларының спортпен айналысуына көмектесу. Tengrinews.kz тілшісі Ақжолмен сөйлесіп, бұл идея қалай туғанын сұрады.

Ақжол Олжабаев — Алматы облысынан шыққан жас спортшы. 23 жастағы оның спорт әлемінде мақтанарлық жетістігі көп. Аралас жекпе-жектен Азия чемпионатының қола жүлдегері, панкратионнан Қазақстанның екі дүркін чемпионы болған. Грэпплингтен Қазақстан чемпионы, ММА-ден Қазақстан біріншілігінің күміс жүлдегері атанған.

Халықаралық, республикалық деңгейде жетістікке жеткен спортшы өз аулы — Көлбайды ұмытпаған. Қазір сонда ата-анасының қасында тұрып жатыр.

Көлбай ауылы Алматы облысы Алакөл ауданында орналасқан. Ауылда 400-ге жуық үй, яғни, 1 500-ден аса адам тұрады. Мектебі, балабақшасы, кітапханасы бар. Бірақ шағын ауылда спортзал жоқ екен.

«Біздің ауылда спортқа қызығатын жастар өте көп, сол себептен спортзал ашқымыз келді. Бірақ жаттығу жасайтын зал болмағаны қиындау еді. Сол кезде әкем үйді спорт залға айналдыруға ой салды. Сол кісінің арқасында қазір осындай шағын спортзалымыз бар», — дейді Ақжол Олжабаев.