Ішімдік үшін 93 жастағы ерлі-зайыпты қариялардың үйін тонаған

0
Ішімдік үшін 93 жастағы ерлі-зайыпты қариялардың үйін тонаған


Алматы облысының Ескелді ауданында 93 жастағы ерлі-зайыпты қариялардың үйін тонаған күдіктілер ұсталып, қамауға алынды.

Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

Алдын-ала тексеру барысында анықталғандай,  күдіктілер ішімдікке сылқия тойып алып, алкогольдік мас күйде отырысты жалғастыру мақсатында ақша іздеген. Өзара ақылдасу кезінде қарсылық көрсетуге шамалары келмейтін аудан орталығының егде жастағы қарияларын тонау туралы шешімге келген. Ол үйден ақша табылмағаннан кейін, үстел үстіндегі ноутбукты алып кеткен. Дегенмен, оны сатып үлгермеген.

«Полицияға көмек сұрап хабарласқан қоңырау бойынша 93 жастағы ерлі-зайыпты қариялардың үйіне қара түсті бетперде киген белгісіз екі адам келіп, тапа-тал түсте күш көрсетіп, ақша талап етіп, үйдегі ноутбукты алып кеткен. Бұл қылмысты ашуға бағытталған жедел-іздестіру шаралары барысында аудан орталығының еш жерінде қызмет жасамайтын 34 және 35 жастағы екі азаматы ұсталды. Тексеру барысында қолды болған ноутбук пен қара түсті бетперделер, қолғаптар күдікті тұратын үйдің шатырынан табылды. Олар іс материалдарына айғақзат ретінде тіркелді»,- деп мәлімдеді  Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта қос күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабы 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр. 34 және 35 жастағы азаматтар аудандық уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.