Иранға қарсы 120 мың әскери жіберу әзірге жоспарда жоқ

0

АҚШ президенті Дональд Трамп Иран тарапынан қатер күшейсе, Вашингтон Таяу Шығысқа 120 мың әскер жіберуі мүмкін деп жазған The New York Times газетінің хабарын жоққа шығарды. Трамп басылым материалын «фейк» деп атап, «мұндай әрекет жоспарда жоғын, әскер жіберу қажет болмас деп үмітенетінін» айтқан.

«Бірақ [әскер жіберу] қажеттігі туса, газет мақаласында айтылған 120 мың сарбаздан әлдеқайда көп әскери жібереміз» деді президент.

14 мамырда The New York Times газеті АҚШ қорғаныс министрлігінің «Иран ядролық қаруын әзірлеуді жеделдетсе», Таяу Шығысқа 120 мың әскери жіберуді ұсынғанын жазған. Басылым мұндай ұсынысты АҚШ қорғаныс министрінің міндетін атқарушы Патрик Шэнахэн айтқан деп хабарлады. Таяу Шығыстағы АҚШ күштерінің көбеюін қолдағандардың бірі АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джон Болтон екені айтылады.

Газеттің жазуынша, әңгіме Иран аумағындағы операция туралы емес. «Иранда операция жүргізуге бұдан әлдеқайда көп әскери қажет болар еді» дейді газеттің дереккөзі.

Биыл мамырдың басында Иран мен АҚШ арасы шиеленісе түскен. 8 мамырда АҚШ Иранға жаңа санкциялар салған. Құжатта «Вашингтонның көздегені – кірісін ядролық бағдарламасын қаржыландыруға жұмсауы ықтимал Тегеранды табысынан айыру» деп жазылған.

АҚШ-тың санкция салуына Иран билігінің ядролық келісім міндеттемелерінің кейбірін орындаудан бас тартуы себеп болған. Тегеран «Еуропа одағы елдері 60 күннен соң Иранның мұнай мен банк саласын [АҚШ санкцияларынан] қорғаудың амалын таппаса», Иран ядролық келісімдегі тағы біраз талапты орындаудан «бас тартады» деп ескерткен.

Иран ядролық бағдарламасын жапса, оның өтеуі ретінде Тегеранға қарсы халықаралық санкциялар азаяды деген уәдемен тараптар 2015 жылы келісімге қол қойған. Бірақ 2018 жылы АҚШ Иранды » құжат талаптарын бұзды» деп айыптап, келісімнен шығып кетті.

Azattyq