Иран спутник ұшыруда БҰҰ қарарын бұзды

0

Иран ғарышқа спутник ұшыруда құрлықаралық баллистикалық зымыран жасауға қолданылатын технологияны пайдаланып, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарын бұзды. Бұл туралы АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео мәлімдеді. Ол Вашингтон Тегеранның халықаралық талаптарды «өрескел бұзғанына» төзе алмайтынын айтты.

Помпеоның мәлімдемесінде АҚШ-тың Ираннан төнетін қауіп-қатерге, оның ішінде Тегеранның зымыран бағдарламасына қарсы тұру үшін одақтастармен жұмыс істесіп жатқаны айтылады. Мемлекеттік департамент Иранның зымыран бағдарламасы Еуропа мен Таяу Шығысқа қауіп төндіреді деп санайды.

Иран ғарышқа спутнигін 15 қаңтарда ұшырған, бірақ ол спутник орбитаға шыға алмай қалған. Тегеран зымыран тасығыш қажетті жылдамдық ала алмағанын мәлімдеген.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарары Иранның ядролық бағдарламасын шектейтін барлық жан-жақты іс-қимыл жоспарын қолдайды. Жоспар 2015 жылы бекітілген. Тегеран ғарышқа аппарат ұшыру БҰҰ қарарын бұзбайтынын айтады. Иран билігі елдің қорғаныс қабілетін күшейту керегін, сондықтан зымыран ұшыра беретінін мәлімдейді.

Дереккөз: Азаттық