Иран мемлекеті 70-ке жуық қазақ қаламгерлерінің шығармасын аудармақшы – Ұлықбек Есдәулет
Фото: Автор
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Соңғы 5 айдың ішінде Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері «Әдеби өлкетануды дамыту» жобасы аясында еліміздің бірнеше облысында болып, сол жердің рухани қазынасымен, киелі жерлерімен таныса отырып, проза, поэзия және танымдық-зерттеу мақалалар жазды. Бұл жайында Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет Алматыда өтіп жатқан І Пленум барысында айтты.
Оның айтуынша, Жазушылар одағының мүшелері осы жоба аясынада Астана, Алматы қалалары мен Ақмола, Қызылорда, Жамбыл, Маңғыстау, Павлодар, Түркістан, Атырау және Шығыс Қазақстан облыстары бойынша жұмыс жүргізген.
«Әр облысқа Қазақстан Жазушылар одағынан 3 қаламгерден жіберілді. Бұл жоба алдағы жылы қалған облыстар мен қалаларда жалғасын табады. Сондай-ақ, осы 9 айдың ішінде Қазақстан Жазушылар одағы өзге елдердің әдеби ұйымдарымен халықаралық келісімдерге қол жеткізді. Түркия, Иран, Өзбекстан сынды іргелі елдердің жазушылар қауымдастықтарымен өзара ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойдық. Осы меморандумдардың негізінде аталған елдерде қазақ қаламгерлерінің кітаптарын басып шығару, антологиялар құрастыру, қазақ қаламгерлерімен кездесулер өткізу сынды іргелі шаруалар қолға алынуда», -дейді ол.
Сонымен қатар, ол Қазақстан Жазушылар одағы ҚР Кәсіподақтар федерациясымен және «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясымен ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойғандарын жеткізді.
«Нұр Отан» партиясымен жасасқан меморандум негізінде қазірдің өзінде 4 ірі жобаны қолға алдық. 40 жасқа дейінгі қаламгерлер арасында “Ұлы дала” әдеби байқауын жариялап, келер Жастар жылында жастарды қолдауға мұрындық болып отырмыз. Байқаудың жүлделер қоры да жастарды қолдауға кәдімгідей көмек. 1-орынға — 1 500 000 теңге, екі 2-орынға — 750 000, үш 3-орынға — 500 000 теңге үлестірілмек. Ынталандыру сыйлықтарын қосқанда ұзын саны 15 жүлде беріледі», -деді Ұ. Есдәулет.
Төраға жиын барысында сондай-ақ, «Ютуб» әлеуметтік желісінен арнайы контент ашып, көрнекті қазақ қаламгерлерінің ой-пікір, толғаныстарын, лекцияларын түсіретін жобаны қаржыландыратындықтарын айтты.
«Астана телеарнасында көзі тірі көрнекті жазушыларымыз туралы деректі фильмдер циклын түсіріп көрсету, облыстардағы, аудандардағы кітапханаларда құрылған коворкинг-орталықтарда жазушылармен кездесулер өткізу сынды шаруалар да «Нұр Отан» партиясымен жасасқан меморандум негізінде қолға алына бастады», -деді ол.
Сонымен қатар, ол Қытай Жазушылар одағы мен Белорусь Жазушылар одағы еліміздің Жазушылар одағымен әдеби байланыстарды дамыту үшін алдағы бір-екі айда өз елдеріне шақырып отырғандықтарын жеткізді.
«Олар ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қоюға ұсыныс жасады. Ал, Иран мемлекеті арадағы тамыздағы Форум кезінде жасалған меморандумға байланысты 70-ке жуық қазақ қаламгерлерінің шығармаларын аудару мәселесін күн тәртібіне қойып отыр», -деді Ұ. Есдәулет.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ