Иран ядролық келісімнің кейбір шарттарын орындаудан «бас тартпақ»

0
36

Иран ядролық келісімнің бір бөлігін орындаудан бас тартпақ. Бұл туралы Reuters Иранның ISNA ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.

ISNA агенттігінің дереккөзі «бұл шешім елдің қауіпсіздік кеңесінің бастамасымен қабылданғанын» айтады. Дерекөздің сөзінше, енді Иран билігі уранды өндірісін арттыруға бұйрық бере алады

Өткен аптада ресми Тегеран Қытай, Франция, Германия және Ұлыбританиядан АҚШ санкцияларының салдарынан шеккен шығынды өтеуді сұраған. Иран егер Қытай, Франция, Германия, Ұлыбритания 60 күннің ішінде көмектеспесе, ядролық бағдарламасын қайта бастайтынын айтқан.

Германия, Франция, Ұлыбритания сыртқы істер министрлері Иран келісіміндегі шарттарды толық сақтайтынын, Тегеранға ешқандай санкция салмайтынын мәлімдеді.

2015 жылы қабылданған Иран келісіміне сай, Тегеран уран өндірісін азайтуы тиіс. Ал АҚШ және Еуропа одағы Иранға салынған санкцияларды алуы керек. Бірақ 2018 жылы АҚШ президенті Дональд Трамп бұл келісімнен шығатынын жариялаған. Келісімде Иран, Ресей, Қытай, Франция, Ұлыбритания, Германия қалған.

Azattyq