Ілкімді істер
Аталған істердің кейбіріне тоқтала кетер болсақ, биыл өңірде балаларға арналған тегін ІТ сыныптар ашу жобасы бойынша іргелі істер қолға алынды. Бүгінде бұл сыныптарда мыңдаған оқушы тәлім алып жүр. Белгілі бір бөлігі скрач-бағдарламалардың бірінші модулін аяқтады. Бұл бағытта Ақтөбе политехникалық колледжінің базасында мобильдік бағыттар бойынша мамандар әзірлейтін ІТ орталықтарының қызметі нәтижелі деуге болады.
Соңғы екі жылдың ішінде өңірде партия мүшелерінің қатары 7000 адамға толықты. Бұл ретте нұротандықтардың сапалық қасиетіне де баса көңіл бөлінуде. Айталық, өткен жылы партия филиалын сапалық тұрғыдан жаңғырту мәселесі көтеріліп, соған сәйкес партия ұйымдарының саны 442 ден 261-ге дейін қысқартылды. Мұнда қолға алынған жобалардың бірі – «Ардагерлерді ардақтайық» деп аталса, осы шеңберде Ұлы Отан соғысына қатысушы 50 ардагерге және 6000 тыл еңбеккері мен соғыс ардагеріне теңестірілген тұлғаларға сый-құрмет көрсетілді.
Партия филиалы Мемлекет басшысының Жолдауында көрсетілгендей халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған бастамаларға ұдайы ұйытқы болып жүр. Тағы бір айта кетерлік мәселе, «Нұр Отан» партиясының өңірлік филиалы мектеп асханаларының жұмысын жүйелі жолға қою үшін «бірыңғай тамақтандыру комбинаты» атты қанатқақты жобаны қолға алған-ды. Бұған байланысты өз ой-пікірін «Нұр Отан» партиясының хатшысы Илья Теренченко өңірге келген сапарында былайша жеткізді: «Сапалы да, құнарлы, дәрумендері мол тағам жас жеткіншектердің денсаулығы жақсы болуына негіз қалайды. Бұл ретте партияның Ақтөбе облыстық филиалы эксперименттік іске бастамашы бола білді. Оны республиканың өзге өңірлеріне тарату мәселесі Ақтөбедегі алғашқы сынақ-тәжірибенің негізгі нәтижелеріне байланысты болмақ».
Филиал төрағасының орынбасары Дариға Есмағамбетова партияның бастамасымен қолға алынған әрбір жобаны жүзеге асыруға «Рухани жаңғыру» бағдарламасының екінші кезеңі соны серпіліс бергенін айтып берді.
Бүгін де күні филиалдағы ілкімді істер одан әрі жалғасуда.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ