Илья Ильин Ауыр атлетика федерациясының президенті бола алмады
Қазақстанның ауыр атлетика федерациясының президенті болып Жанат Түсіпбеков алдағы төрт жылға қайта сайланды, — деп жазады Kznews.kz порталы Orda.kz сайтына сілтеме жасап.
Федерациясының жаңа басшылығына үміткер ретінде әлемнің төрт дүркін чемпионы Илья Ильин де түскен. Онымен бірге белгілі спорт жанашыры Гаджи Гадиев те үміткер атанған. Алайда дауыс беру нәтижесінде федерацияның бұрынғы басшысы Жанат Түсіпбеков қайта сайланды.
Дауыс беруге федерация өкілдері, құрама командалардың бас бапкерлері, мемлекеттік жаттықтырушы, аймақтардағы федерациялардың жетекшілері бастаған 27 адам қатысқан.
Жанат Рашидұлы Түсіпбеков Қарағанды облысының тумасы. Әкесі Рашид Түсіпбеков кезінде еліміздің бас прокуроры лауазымына екі рет тағайындалған. Кейін әділет министрі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы қызметін атқарып, 2015 жылы Сенат депутаты болды. Жанат Түсіпбеков бірнеше жыл бойы ол «ҚазМұнайГаз» Сауда үйі» АҚ атқарушы директоры, бас директордың орынбасары, «ҚазМұнайГаз Өнімдері» АҚ және «ҚазМұнайГаз – қайта өңдеу және маркетинг» АҚ бас директоры қызметтерінде болды. 2013 жылдан бері Ауыр атлетика федерациясына жетекшілік етіп келеді.
фото: kapital.kz