«Ханның қызы» тағы да дауға қалды (ВИДЕО)
Түркістандық блогер әкімге тиесілі мемлекеттік көліктің заң бұзушылық әрекетін видеоға түсіріп алды, деп хабарлайды kznews.kz сайты azattyq-ruhy.kz порталына сілтеме жасап.
Автордың айтуынша, 25 қараша күні қаладағы «Rixos» қонақ үйінде мерекелік шара өткен. Келген қонақтардың арасында лауазымды тұлғалар да болған сыңайлы.
Блогер 26 қарашада таңғы уақытта қонақ үйдің айналасынан полиция қызметкерлерін байқап, олардың онда не үшін тұрғанын сұрастырған.
Алайда, тәртіп сақшылары «бізді осы жерге қойып қойды» дегеннен басқа жауап айтпады.
Бейнежазбадан шаһардағы «Rixos» қонақ үйінің алдында мемлекеттік көліктердің әлдекімді күтіп тұрғанын аңғаруға болады. Алайда, қызметтік көліктің бірі блогердің камераға түсіріп жүргенін байқағаннан кейін қонақ үйдің алдынан кетіп қалған. Ал екінші «Lexus» маркалы темір тұлпар Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қызметтік көлігі болып шықты. Көліктің ішіндегі жүргізуші қонақ үйдің алдында не үшін және кімді күтіп отырғанын айтпады.
Сондай-ақ, қызметтік көліктің алдыңғы терезесі заңға қайшы қараңғыланған болып шықты. Блогердің ескертуінен кейін темір тұлпарды тізгіндеген азамат олқылықты бірден жойды.
Еске сала кетейік, былтыр да Қызылорда облысының әкімі дәл осы көлігімен даудың ортасында қалған болатын. Өңір басшысының аудандарды аралау кезінде кейбір жолдардың жабылғаны белгілі болды.
Осылайша орта жолдан автобустан түсіп, жаяу жүруге мәжбүр болған ауыл тұрғыны полицейлердің әрекетіне шүйлікті. Өз кезегінде Гүлшара Әбдіқалықова аудан басшысына ондай пәрмен бермегенін айтып ақталды.