Халықтан қарыз алып қайтармай жүрген әкім қызметтен босатылды

0

Ауыл әкімі моральдық-этикалық нормаларды бұзғаны үшін жұмыстан шығарылды

НҰР-СҰЛТАН, 8 сәуір – Sputnik. Павлодар облысы Успен ауданы Новопокровка ауылдық округінің әкімі Дулат Сүлейменов мемлекеттік қызмет беделіне нұқсан келтіргені үшін қызметінен кетті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Павлодар облысы әкімдігінің әдеп жөніндегі уәкілі Юрий Фельдманның айтуынша, әкім ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлерден қарызға ақша алып, кейін оны қайтармай қойған.

«Кейбір тұрғындар әкімнің сөзіне сеніп, оған қарызға ақша бергені туралы қолхат та алмаған. Сондықтан олар қарыздарын сот арқылы қайтара алмай отыр», – дейді ол.

Тұрғындардан шағымның түсуіне байланысты облыстық әдеп жөніндегі уәкіл Успен ауданына барып, оқиғаның мән-жайын анықтауға кіріскен. Тексеріс барысында аталған деректер рас болып шықты.

Дулат Сүлейменов бір кәсіпкерден 300 мың теңге, екі ауыл тұрғынынан 17 мың және 140 мың теңге қарыз алып, бермей қойыпты.

«Новопокровка ауылдық округі әкімінің бұл әрекеті жалпы моральдық-этикалық нормаларды бұзып отыр. Ол Қазақстанның «Мемлекеттік қызмет туралы» заңының 49-бабы мен мемлекеттік қызметкерлердің әдеп кодексінің кейбір нормаларын бұзды. Ауыл әкімінің әрекеті мемлекеттік қызмет беделіне нұқсан келтіреді», – дейді ол.

Тексерістен соң Юрий Фельдман Успен ауданының әкіміне Дулат Сүлейменовті қызметінен босату туралы ұсыныс жасапты.

3 сәуірде Павлодар облысының әкімімен келісу арқылы және Новопокровка ауылдық округінің жергілікті қауымдастығы жиналысының шешімі негізінде әкім қызметінен босатылды.



sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз