Сәуір төңкерісін еске алу шарасында Атамбаев Жээнбеков билігін сынады

0

7 сәуірде Бішкекте Қырғызстан социал-демократиялық партиясы да революция құрбандарын еске алу шарасын өткізді. Жиында елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев қазіргі билікті сынады.

Шара соңында партия бірнеше резолюция қабылдап, ел билігіне бірнеше талап қойды. Атамбаев басқаратын партия екі айдан соң тағы митинг ұйымдастыратындарын, талаптары орындалмаған жағдайда ауқымды шара өткізетіндерін ескертті.

Эрланбек Омуралиев 2010 жылы 7 сәуірде Ала-Тоо алаңында оқ тиіп, көз жұмды. Жалғыз ұлы Ислам ол кезде екі жаста болатын, қазір 11 жасқа келген. Эрланбектің әкесі Жаңыл Ниманкулова «Бакиев кеткен соң елде еш өзгеріс болмады дей алмаймыз. Жағдайымыз оңалып келеді. Бірақ сол кезде опат болғандардың үміті толықтай ақталды деуге болмас. Олар орындай алмай кеткен тілектерді соңғы деміміз қалғанша орындауға тырысамыз, үкіметке қателіктерін айтамыз» дейді.

Жаңыл Ниманкулова немересімен бірге "Ата-Бейіт" кешенінде құран бағыштап отыр. 7 сәуір 2019 жыл.

Жаңыл Ниманкулова немересімен бірге «Ата-Бейіт» кешенінде құран бағыштап отыр. 7 сәуір 2019 жыл.

​«Ата-Бейіт» мемориалдық кешеніне еске алу шарасына Жээнбеков пен Отынбаевадан бөлек революцияға қатысқандар мен қаза тапқандардың туыстары келді.

Оның алдында Қырғызстан президенті аппаратының ақпараттық саясат бөлімі Сооронбай Жээнбековтің 2010 жылғы революция күніне арнаған мәтінін жариялады. Мәлімдемеде Жээнбеков «Сәуір революциясының идеясы мен мақсатын орындау – біздің қасиетті борышымыз» деген. Ол «Қырғызстанның демократиялық бағдардан ешқашан жаңылмайтынын» айтқан.

Қырғызстандағы Сәуір төңкерісі

Қырғызстандағы Сәуір төңкерісі

2010 жылы сәуірдің 6-сы күні Қырғызстанның Талас қаласында басталған наразылық ел аумағындағы жаппай толқуға, толқу соңы төңкеріске ұласып, 2005 жылғы «Қызғалдақ» революциясы арқылы билікке келген президент Құрманбек Бакиев сәуірдің 7-сі күні елден қашып кетті. Сәуірдің 7-сі күні ел астанасы Бішкекте көтеріліске шыққан халықты баспақ болған полиция оқ жаудырып, 100-ге жуық адам қаза тауып (ресми дерек бойынша 87 адам), мыңнан астам адам дәрігерлер көмегіне жүгінген.

«Ата-Бейітке» келгендердің көбі 2010 жылдың сәуірінде халыққа оқ атуға бұйрық бергендер, Бакиев пен оның туыстарының әлі күнге дейін Қырғызстанға экстрадиция жасалмағанына наразылық білдірді.

Революция кезінде көз жұмғандардың бірі Адыл Омурбекуулының қарындасы Гулумкан Омурбекова «Бакиевтер отбасымен қашып кетті. Оларды соттап, жазалауға болатын еді. Солардың кесірінен 90 адам опат болды. Дүние салғандардың үміті ақталған жоқ» деді.

Сәуір төңкерісіне қатысты сот процесінде Құрманбек Бакиев сырттай 30 жылға сотталды. Оның туған бауыры, мемлекеттік күзет қызметінің бұрынғы басшысы Жаныш Бакиев өмір бойы бас бостандығынан айырылды. Бұрынғы президенттің ұлы, мемлекеттік қауіпсіздік қызметі басшысының кеңесшісі Марат Бакиев 27 жылға сотталды.

Бұрынғы президенттің тағы бір бауыры Акмат Бакиев 2010 жылдан соң қолға түсті, бірақ кейін елден қашып кетті. Құрманбек Бакиевтің өзі 2010 жылы елден кетіп, Беларусьтен саяси баспана алды. Бакиевті Қырғызстанға экстрадициялау әрекеттері нәтиже бермеді.

Бұрынғы бас прокурор Аида Салянованың пайымдауынша, Бакиевтерді экстрадициялауға құқықтық кедергілер бар.

«Бакиевтерді экстрадиция жасауға жауапты мекеме – бас прокуратура. Прокуратура оларды елге әкелуі үшін кешенді шаралар жасауы керек. Адам құқығын сақтау және азаптауға қарсы күрес салаларын реттеу керек. Әр елдің өз заңы мен тәртібі бар. Бізге қылмыскерлерді беріңдер дегенімізбен олардың нормасы Қырғызстандағы нормаларға сай келмейді» дейді ол.

АТАМБАЕВ ПАРТИЯСЫНЫҢ ТАЛАБЫ

Бұрынғы президент Алмазбек Атамбаев басқаратын Қырғызстан социал-демократиялық партиясы (ҚСДП) «Медиа форум» ғимараты қасында Сәуір революциясын еске алу шарасын өткізді.

Кездесуде партия атынан сайланған Жогорку Кенеш (Қырғызстан парламенті) депутаты Рыскелді Момбеков «Сәуір революциясының саяси бағасын түсіретін әрекеттер жасалып жатыр» деді.

«Сәуір революциясының мақсаттарын жүзеге асырып жатырмыз дейді. Ештеңе жасалған жоқ. Сонда қойылған талаптардың орындалғанын кім көрді? Сәуір революциясының саяси бағасын түсіретін әрекеттер жасалып жатыр. Бұл өте қауіпті. Сәуір революциясы Наурыз революциясы сияқты назардан тыс қалмауы керек. Он жылдан соң осы жерге басқа адамды орнынан алу үшін жиналмақпыз ба? Қырғызстанға революция емес, келісім керек» деді ол.

Партия жиынында қазіргі президент Сооронбай Жээнбековтің атына біраз сын айтылды. Жеті тармақтан тұратын қарар қабылданды. Қырғызстан социал-демократиялық партиясы биліктен отбасылық-клан режимін жасауға жол бермеуді, сыбайлас жемқорлықпен нақты күрес жүргізуді және қоғамдық бірлестіктерге қысымды доғаруды талап етті.

Бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевтың айтуынша, социал-демократтар осы талаптары орындалмаса екі айдан соң қайтадан митинг өткізеді.

Алмазбек Атамбаев партия жиынында сөз сөйлеп тұр. 7 сәуір 2019 жыл.

Алмазбек Атамбаев партия жиынында сөз сөйлеп тұр. 7 сәуір 2019 жыл.

Тоғыз жыл бұрынғы оқиға кезінде алаңға шыққан құқық қорғаушы Токтайым Үметалиева екі тарапты келісуге шақырды.

«Милиция мен мемлекеттік қауіпсіздік комитетін араластырмай, келіссөз арқылы мәселені шешу керек. Халықтың талабын тыңдап, арандатушы күштерден аулақ болу қажет. Президент те, ауқымды митинг өткізуді көздеген Атамбаев та халықты бөлмей, елдің сенімін ақтауы керек» дейді ол.

2010 жылы 7 сәуірде Қырғызстанда революция болды, нәтижесінде президент Құрманбек Бакиев пен қасындағылар қызметтен кетті. Үкімет үйі алдына митингіге шыққан адамдарға полиция оқ атып, 87 адам қаза тапты.

Президент Сооронбай Жээнбеков 5 сәуірде 2020 жылы революцияның он жылдығын атап өту туралы жарлыққа қол қойды.

Азаттық радиосы Қырғыз қызметінің мақаласы орыс тілінен аударылды

Azattyq