«Халық жыламас үшін қолымнан келгенін жасаймын». Зеленский қызметке кірісті

0
104

Жаңа президент Жоғарғы рададан депутаттардың тиіспеушілік мәртебесін алып тастауды, Украина қауіпсіздік қызметінің басшысын, қорғаныс министрі мен бас прокурорды қызметінен кетіруді сұрады.

Зеленский ұлықтау рәсімінен кейін не айтты? Қысқаша шолып шықтық.

  • Сайлауда жеңген соң алты жастағы ұлым «әке, Зеленский президент деп жатыр. Демек мен де президентпін бе?» деді. Сол кезде мұны әзіл деп ойладым. Қазір бұл әзіл еместігін ұқтым. Бұл – менің ғана жеңісім емес, бұл – ортақ жеңісіміз, ортақ мүмкіндігіміз. Барлығымыз жауаптымыз. Мен ғана емес, барлығымыз ант еттік.
  • Әрбіріміз Донбасста мерт болдық. Әрбіріміз үйімізден айырылдық. Әрбіріміз жұмысы мен үйінен айырылып, шетелге кеткен еңбек мигрантымыз. Бірақ біз барлығымыз бұл мәселені шешеміз. Себебі әрбіріміз – украиналықпыз. Біз бірігуіміз керек. Сонда мықты боламыз.
  • Біз – 65 миллионбыз. Украиналықтар Еуропада, Австралияда, Африкада жүр. Жаңа Украинаны дамытқысы келетіндерге азаматтық беруге дайынмын. Бізге сувинер емес, білім алып келіңіздер. Жаңа дәуірді бастаймыз.
  • Әлем чемпионатында ойнаған Исландия футбол құрамасы естеріңізде ме? Құрамада тіс дәрігері, тазалықшы ойнады. Біз футболда Исландияда, қорғаныста Израиль сияқты болуымыз керек. Бірінші мақсатымыз – Донбасстағы соғысты тоқтату.
  • Бейбітшілік үшін танымалдығымды, рейтингімді, қызметімді құрбандыққа шалуға дайынмын.
  • Тарих әділетсіз. Соғысты біз бастаған жоқпыз, бірақ біз соғысқа нүкте қоямыз. Келіссөзге дайынбыз. Бірақ келіссөз бастамас бұрын тұтқындағы украиналықтарды босатуы тиіс. (Зеленский бұл сөзін орысша айтты)
  • Қырым мен Донбасс – Украина аумағы. Бірақ аумақты емес, адамдарды жоғалттық. Олар бөтен емес, олар біздің жұртымыз. Билік олар өздерін украиналық сезіну үшін ештеңе істеген жоқ. Украиналық деген паспортта емес, жүректе болуы керек.
  • Портретім кабинеттеріңізде тұрғанын қаламаймын. Президент – икона емес. Балаларыңыздың суретін іліп қойыңыздар. Шешім қабылдағанда балаларыңыздың көзіне қараңыздар.
  • Бұрын украиналықтар күлу үшін қолымнан келгенін жасадым. Алдағы бес жыл сіздер жыламас үшін қолымнан келгенін жасаймын.

Бұрынғы қаржы министрі, қазір Зеленскийдің кеңесшісі Александр Данилюктің айтуынша, президент алғашқы жүз күнде жемқорлыққа қарсы органдарға, сот жүйесіне, құқық қорғау органдарына реформа жасамақ.

Ұлықтау рәсіміне Латвия, Литва, Эстония, Грузия мен Венгрия президенттері, Чехия сенатының, Әзербайжан парламентінің басшылары, Беларусь пен Арменияның премьер-министрлері, АҚШ энергетика министрі, Грузия, Молдова, Польша, Словакия мен жалпы алғанда елуден аса елдің өкілдері келді. Бұдан бөлек сырттай сотталған Виктор Януковичті есептемегенде Украинаның барлық экс-президенті рада залында отырды.

Зеленский жұртпен сельфиге түсіп жатыр. Киев, 20 мамыр 2019 жыл.

Зеленский жұртпен сельфиге түсіп жатыр. Киев, 20 мамыр 2019 жыл.

Қазақстан атынан инаугурацияға парламент сенаты төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров барды.

Украинада президент сайлауының екінші кезеңі 21 сәуірде өтті. Актер, шоумен Владимир Зеленский 73,22 пайыз дауыспен жеңіске жеткен. Ал қарсыласы Петр Порошенко жеңілісін мойындады. Ол президент қызметінен кеткенімен, саясатта қалатынын мәлімдеді. Порошенко билік пен оппозициядағы шенеуніктер Украинаның «дамыған, еуропалық мемлекет болғанын» қалайтынын айтқан.

Azattyq