«Халық үйлерін тастап қашқан»: ШҚО-да бір ауылды су басып қалды
Шығыс Қазақстан облысында Новопокровка ауылы еріген қар суының астында қалды. Бұл туралы «Информбюро» бағдарламасы айтты.
Аяқ асты келген судан шошыған тұрғындар үй-жайларын тастап қашуларына тура келді. Соңғы қырық жылда мұндайды көрмедік деген халық қар суы өздігінен бір жарым метрге көтерілмейді деп күмәнданып отыр. Ауылда қырық жыл тұрсам да тасқын судың аулаға дейін кіріп, шайып кеткенін алғаш рет көруім дейді Қуаныш Баяхметұлы. Алдын ала су келетінін халыққа ешкім ескертпегенін айтады.
«Мына жақты жауып бастап едік, мына жақтан кірді. Енді қарасақ қора жақтан кірген малдың бәрі түгел судың астында қалып қойды. Сосын сағат шамамен алтының кезінде ғой деймін ТЖД келді де үйден кәрі шешеміз бар тоқсандағы сол кісіні бәрі көтеріп алып шықты», — дейді Новопокровка ауылының тұрғыны Қуаныш Сүлейменов.
Ал жақында ғана жүрегіне ота жасатқан Мұратхан Жүнісов дәрігерден үйіне келгенде тасқын судың аула, қора-қопсысымен бірге үйіне де кіріп үлгерінен көрген.
«Бәрі қар ерігеннен тасқын болды дейді. Ол қару суы емес, көрші ауылдан келді. Оны басшылық өздері шешсін», — дейді Новопокровка ауылының тұрғыны Мұратхан Жүнісов.
Ауыл тұрғындары тасқын су жоғарыдағы дамбының жарылуынан келуі мүмкіндесе, ауыл әкімі Жыра өзені тасыды деген ақпарат берді. Ал төтенше жағдайлар қызметі күннің күрт жылуынан қар тез еріген деп отыр.
«Қазіргі таңда қорғаныс бөгеттерін салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жағдайды толығымен мониторинг жасалған, бақылауда. Жағдай тұрақталып келеді. Жаңағы эвакуацияланған адамдар біртіндеп үйлеріне қайтуда», — дейді ШҚО ТЖБ Баспасөз қызметінің бас маманы Жадыра Аманғалиқызы.
Судан келген шығын мөлшері қазір есептеліп жатыр, алдағы уақытта баспаналарына су кірген үй иелеріне материалдық көмек көрсетіледі. Бірақ әлі де су бас қаупі бар.