«Халық онлайн әлемге өздері өздерін алдап келеді»: Блогер боламын десеңіз…

0
147

Инфобизнес сөзі көпшіліктің қолданысында жүрсе де, арнайы мамандар болмаса бұл сөзге анықтама бере алмайтынымыз анық. Бұл салада бірі курс өткізсе, енді бірі эскперттік қызметін табысқа айналдырып отыр. Осы салада 5 жылдық тәжірибесі бар, бүгінде SMM мамандары мен продюсерлерді нарыққа шығарып отырған «Shuakh» Production, SMM School компанияларының негізін қалаушы Құралай Бауыржанқызымен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

«Блогер боламын десеңіз…»

Мамандығым — журналист. Қазақстан телеарнасында, 31 арнада қызмет атқардым. Жекеменшік киностудияларда, дубляж бөлімінің жетекшісі деген секілді қызметте де болдым. Нарыққа «блогерлік» түсінігі келіп жатқан кезде блогерлердің қатарында жүрдім. Ішкі потенциалымды блог жүргізу арқылы дамыту – сол кездегі мақсатым еді. Әлеуметтік желілер қолданысқа ене бастағанда Instagram-да белсенділік таныттым. Бізде бастапқыда хэштегпен фото салу ғана сәнге айналды емес пе?! Ал Ресейде сол кездің өзінде блогтарды салаларға бөліп жүргізу түсінігі пайда болды. Әр блогтан оқырман өзіне пайда ала алды. Бізде де сондай болатын шығар деп қызыға қарадым. Сол қызығушылығым — осы желіде блог жүргізуіме тікелей әсер етті. Бастапқыда жұртқа үйретпесем де, ішімдегі ойды жазба күйінде түсірейін деген ой болды. «Шуақ» деген парақша ашып, «Түркістандық келіннің хикаялары» атты лайф стайл форматында блог жүргізе бастадым. Содан кейін «блогер боламын десеңіздер, былай істеңіздерші…» деген ақыл-кеңеске толы жазбалар оқырманға жол тартты.

Солай SMM-ге келдім. Қазақ тілді кеңістікте алғашқылардың бірі болып SMM деген дүниені қазақтарға түсіндіре бастадым деп айта аламын. Осы салада жүргеніме 5 жылдан астам уақыт өтіпті. Бұл уақыт аралығында ақыл айтып жазбалар жазу ғана емес, ең негізгі жұмыс – SMM саласында қызмет ету, SMM саласында агенттік құру, команда дайындау және шәкірт тәрбиелеу болды. Қазіргі уақытта өзімді практик-теоретик маманмын деймін.

SMM қажеттілікке айналды

SMM саласы бүгінде бизнестің барлық түріне керек қажеттілікке айналып үлгерді. Бұрын көзі ашық жандардың газет-журнал оқып, ақпараттан хабардар болуы белгілі бір деңгейде статус болса, қазір әлеуметтік желіден хабар алып, белсенді болу маңыздылыққа ие болып қалды. Әлеуметтік желінің күшін сезінбейтін, оны қолдана алмайтын адамдар әлі де көп. Сол себепті әлеуметтік желіні дұрыс басқару бойынша курстарымыз бар. «SMM-ді үйрендім, әрі қарай не істеймін» дейтіндерге арнайы продюсерлікті оқытамыз. Бұдан бөлек копирайтинг бойынша да курс өткіземіз.

Жазуды үйрету оңай емес. Екінің бірі жазып кете де алмауы мүмкін. Бірақ әлеуметтік желіде екінің бірі жазып кете алатындай үйретуге болады. Базалық сауаты бар адамға копирайтингтің негізін, негізгі қағидаларын үйрету қиын емес. Әлеуметтік желіде әдеби сөздермен жазып қажет емес қой. Жазбаның басы, ортасы, аяғы, жалпы айтылатын ой болса жеткілікті.

«Кейстерім сөйлесін»

Бұл саладағы алғашқы тәжірибемді Айнұр Асанбердінің парақшасын жүргізуден бастадым. Ірі кейстердің бірі ретінде Алина Шадиновамен болған жобаны айта аламын. Бастапқыда парақшасында 3 мың оқырман болса, 2 жыл ішінде 239 мың оқырманға жеткіздік. Бұл — гивсіз келген, тірі аудитория. Менің қағидам – гивтерге қатыспау, шәкірттеріме де осыны айтып жүремін. Гивке қатысуды қажет ететін бағыттар (нишалар) бар. Ондай кезде кешірімді. Егер эксперт ретінде жұмыс істесеңіз, белгілі бір салаланың маманы болсаңыз, гивпен жиналған оқырман сізге сапалы аудитория болмайды. Тіпті, зиянын да тигізіп жатады. Яғни Алина ханыммен болған жобада таза органикалық өсім арқылы осы нәтижеге қол жеткіздік.

Жалпы кейстер көп. Әр кейстің өз хикаясы бар. Бірінде гив арқылы жиналған аудиторияны сапаға қарай өзгертсек, енді бірінде бір ғана Instagram арқылы айына 7 миллион теңге табыс әкелетіндей жүйе жасай алдық. Тіпті, таза жарнама мен контенттің арқасында, таргет пен гивті қолданбай-ақ әлеуметтік желіні монетизациялауға болатынын дәлелдедік. Өсудің жолына бір шыққаннан кейін парақша дами береді. Оқырман, қаржы: қай жағынан алып қарасақ та. Негізінен жарнамадан келетін қаражат айтарлықтай табыс емес. Егер адам білімін, эксперттігін, қызметін онлайнға лайықтап ұсына алса, әлдеқайда көбірек табыс таба алады. Оны дәлелдеп те жүрміз.

Instagram-ның сіз білмейтін қырлары

Парақшаңызда боттар көп болған кезде тірі аудиторияңызға сіздің контентіңіз көрінбей қалады. Өйткені боттар белсенділік танытпайды. Олардың пайдасынан зияны көп деп айта аламын. Былайша айтқанда ақша беріп, басыңызға артық мәселе тауып аласыз. Олардан ақша төлеп құтылып жататын кездер де болады. Екі есе шығын ғой. Негізінде парақшада оқырманның көп болуы ешқандай абырой әкелмейтінін түсінетін уақыт келді.

Біз эксперттермен жұмыс істеген жағдайда оларды халыққа танымал етумен қатар, табысын арттыруға, брендтерін қалыптастыруға жұмыс істейміз. Ең бастысы – эксперттің аудиторияға тигізетін пайдасының болуы. Егер эксперт пайдалы болмаса, олармен жұмыс істей алмаймыз. Өйткені мен үшін сапа мен нәтиже маңызды. Экспертті таңдаған кезде аудитория сұранысына басты назар аударамыз. Сұраныс бар жерде, біз ұсынысты қолдан жасай аламыз.

Бірнеше жобада жұмыс істей береміз. Бастапқыда стратегиялық жоспарды да, жазуды да, блогты да өзім жүргізетін болсам, қазіргі уақытта командам бар. Командада 30 адам тұрақты жұмыс істейді. Ал жалпы есеп 50-ге дейін барады. Олар: маркетолог (жобаның стратегиясын жасауға көмектеседі, сатылымдық бағытта жұмыс істейді), админ (курсқа тіркеліп жатқан адамдарға доступ беріп отырады), сату менеджерлері, техникалық мамандар (вебинар өткізетін кезде кабинетті реттеу деген секілді техникалық тапсырмаларды орындайды), таргетолог, копирайтер (көбіне әр блогтың өз копирайтері болады), сторизологтар командасы, кураторлар (әр сабақтың өз кураторы бар), дизайнер (сурет өңдеу, фотоға мәтін жазумен айналысады).

«Бизнеске қарағанда білім саласына жақынбыз»

Оқырман бізді инфобизнесмен деп жатады. Бұл сөзді түсінбеймін, қабылдай алмаймын. Өзім біздің саламызды онлайн мектеп, білім саласы деп ойлаймын. Бұл – бизнестен мүлдем бөлек. Біздің беретін білім мектептің білімі сияқты. Қатысушыларға «а» әрпінен бастап үйретеміз. Оны бизнес деп кесіп айту қате секілді.

Ал инфоцыган деген — өзінің эксперттілігі, тәжірибесі жоқ, бірақ «тәжірибем бар, осы саланың мықты маманымын» деп ақпарат сататын адамдар. Оларда өзі білмейтін нәрсені үйретемін деген ұмтылыс болады. Арасында біреудің курсын ұрлап сататындар да кездеседі. Яғни қатысушының нәтиже шығаратынына жауап бере алмайды. Олар ұзаққа бармайды деп ойлаймын.

Жалпы эксперт болу үшін сіздің арнайы біліміңіз, оны толықтыруыңыз, қосымша ізденіс болуы керек. Халықта қазір фильтр деген түсінік қалыптасқан. Бастапқыдай ұсынған ақпараттың бәрін тұтына бермейді. Салыстыру, анализ жасау, зерттеу пайда болды. Инфоцыгандарды емес, сапалы курстарды таңдап жүр. Бұл да деңгейдің өскені.

«Халықтың сауатын арттырғым келеді»

Менің алға қойған мақсаттарымның бірі – халықтың сауатын арттыруға кішкене болсын үлесімді қосу. Әр курсыма оқушылар жиналған сайын бастапқы және курстан кейінгі деңгейлерін салыстыра қараймын. Мұнда SMM-ді ғана үйретпейміз, тәрбиелеу деген түсінік болады.

Ең алғашқы талап – ортақ чатта сауатты жазу. «Не ғо», «каксыңдар» деген сөздерді мүлдем қолданбаймыз. Олар сауатты жазады немесе мүлдем жазбайды. Екіншісі – қатысушылар аудиомәтін жібере алмайды. Аудионы мен және кураторлар ғана жібереді. Бұл арқылы олар бір-бірінің сұрағын көріп отырады, оқып үлгермей қалдым деген сылтау болмайды. Осы ортақ чаттағы хабарламалардың өзінен кімнің сауатты екені, кімнің жаза алатыны көрініп тұрады. Жаза алмайтындар сауатты бола бастайды, үйренеді. Үшіншісі – тақырыпқа, курсқа қатысты емес сұрақтар, хабарламалар талқыланбайды. «Қайырлы таң», «7 досыңа жібер» деген жазбалар мүлдем жазылмайды. Төртіншісі – сұрақ қойып үйрену. Осыған аса мән беремін. Негізінде дұрыс сұрақ қойсаңыз, дұрыс жауап аласыз. Қате сұраққа жауап берілмейді, қатысушыдан қатесін жөндеп, сұрақты қайта жазу сұралады. Менің ойымша, бұл да сауаттылыққа үйретеді. Сауатты болу, дұрыс сұрақ қоя білу адамның ойын жүйелендіреді.

Айта кетейік, бізде ваканция деген ортақ чат бар. Оқытқан шәкірттеріме осы жерде жұмыс тыбылады.

Инфобизнес саласы неге негативке жиі ұшырайды?

Адамдардың көпшілігі инфобизнеске алданып келеді. Өздері өздерін алдап келеді, алданғысы келіп келеді. Олар «инфобизнесте көп табыс табасың, жұмыс істемейсің» деген оймен келеді. Біз балаңыздың қасында үйде отырып істейтін жұмыс деп түсіндіріп айтамыз. «Жұмыс» деп айтамыз. Жұмыс деген нәрсе уақыт, күш, ресурс, энергия алады. Ал адамдардың көбі үйде отырам да бір-екі сағат телефонға қараймын, ақша өзі келеді деп ойлайды. Оларға «кел, өзіңнен өзің табыс табасың, аспаннан ақша жауады» деп ешкім айтпайды. Барлығымыз бірдей сатылым жасағанда бұл жұмыс, ол уақытыңызды алады, үйренсеңіз, әрі қарай нишаларда сұраныс бар деп айтамыз.

Онлайн бизнесте, жалпы кез келген салада сол саланың түбіне түсіп, барыңызды беріп айналысатын болсаңыз, байып кете аласыз. Кез келген салада табыс бар. Адамдар барлығының бірден болғанын қалап, қолындағы мүмкіндіктен айырылып жатады.

SMM маманы деген кім? Олар немен айналысады?

SMM маманы барлығын дерлік біледі, бірақ толық емес. Олар мәтін жазады, дизайннан хабары бар, сториз жасауды біледі, таргетті де қоса алады дегендей. Жалпы бұл мамандарда базалық білім болады. SMM маманы универсал маман болғандықтан, белгілі бір парақшаны ғана жүргізіп отырады. SMM маманының жанына дизайнер, сторизмейкер секілді қосымша мамандар керек.

Олар көбіне парақшадағы администраторлық жұмыстарды атқарады. Жазбаның уақытылы шығуы, статистиканы бақылап отыру, сториздің уақытылы жүруі, команданың жұмыс барысын қадағалау, стратегия ойластыру — SMM маманының міндеті. Оның ең басты мақсаты – парақшаны ілгерілету әрі оқырман жинау. Негізгі энергиясы жұмысты жоспарлауға және жүзеге асыруға жұмсалады.

«Арманым…»

Үлкен армандарымның бірі – қазақтың қыз-келіншектері көзі ашық болса, сауатты болса деген ой. Шын мәнінде қоғамда әйел адамның орны ерекше. Әйелдің үлкен қозғаушы күшке ие екеніне тарихымыз куә. Шама келгенше соларға көмектесу жолында еңбектеніп жатырмыз.

Сұхбаттасқан: Ақмарал БЕРЕКЕТ,

Kznews.kz ақпараттық порталы