Хайрулла Ғабжалилов: Орталық сайлау комиссиясын сотқа бердім
Орталық сайлау комиссиясы ҚР Президенттігіне кандидат ретінде ұсынылған Хайрулла Ғабжалиловтың кандидатурасын өткізбей тастады. ОСК мәліметінше, тиісті барлық құжаттарды тапсырса да, мемлекеттік қызмет өтілінің болмауына байланысты талапқа сәйкес келмеген. Ал ҚР ІІМ «Хайрулла Ғабжалилов ҚР азаматы емес және Қазақстанда соңғы 24 жыл тұрмаған» дерек ұсынды.
NEGE тілшісі меценат, төл теңгенің авторы Хайрулла Ғабжалиловтың өзіне хабарласып, мән-жайды анықтап көрді.
– Хайрулла Мугавияұлы, Орталық сайлау комиссиясы кандидатураңызды тіркемей қойыпты ғой. Неге?
– Тіркемесе, бәрі белгілі ғой. Оларда қайбір әділдік бар дейсіз. 30 жылдан бойы елді алдап келген экс-президентті де жұрттың бәрі қолдап, сайлауда 90 пайыз дауыс берген. Оның бәрі өтірік екенін білеміз. Халықтың санасы төмендеп кетті. Билік тобырға айналдырып жіберді. Конституцияға да мыңнан астам өзгеріс енгізді. Бір адамға қызмет істейтін, бір адамның құқын қорғайтын конституция қай елде бар?
Өтпей қалған үш кандидат. Коллаж: tengrinews.kz
– Ішкі істер министрлігі «ҚР азаматы емес және Қазақстанда соңғы 24 жыл тұрмаған» деген мәлімет ұсынды. Мұны қалай түсінеміз?
– Қазақстанға 1976 жылы келдім. Төрт жылдан кейін Орталық комитетте құпия құжаттармен жұмыс істедім.
Қалай Қазақстан азаматы емеспін? 1992 жылы төл теңгені жасадым. Қазақстан азаматы болмасам, төл валютаны жасауға қандай құқым бар?
Себебі, бұларға үлкен кедергі болып тұрмын. Мұны айтып отырғандар мен үлкен жұмыстар атқарған кезде үстелдің астында еңбектеп жүрген боқмұрын балалар ғой.
– Демек, сізді қандастардың «Асар» қоғамдық бірлестігінің өзі ұсынды ма?
– «Асар» қоғамдық бірлестігі мені президент сайлауына түсуге ұсынды. Қалың қандас бауырлар сенім артты. Бірақ Орталық сайлау комиссиясы менің құқымды таптап отыр. Өздерінше шектеу қойып қойған. Осылай болатынын білдім. Олардың пікірінше, мен қуыршақ болып, айтқанын істеуім керек екен. Егер соған көнсем, кандидатурамды өткізер еді. Бірақ мен еш уақытта басымды имеймін.
– Кандидатураңызды ұсынуға неге ертерек қамданбадыңыз? Тым кеш қалған жоқсыз ба?
– Соны өзің де біліп тұрсың ғой. Мен не істеуім керек? Бұлар солай жасап қойды ғой. Қалай дайындалғанда да, өткізбейді.
– «Құжаты талапқа сай емес, мемлекеттік қызметте істемеген» деген уәж айтылды ғой.
– Оның бәрі бос сөз. Қазақстанда өмірге келдім, енді оны өзгерте алмайсың ғой. Бар ойым – қалайда мемлекетті тығырықтан алып шығу. Кезінде төл теңгені жасаған кезде де арам ойым болған жоқ. Арым таза. Ұрлау тұрмақ, пара алып көрмеген адаммын. Егер теледебатқа шықсам, кез келген кандидат маған ештеңе айта алмайтын еді.
Орталық сайлау комиссиясы. Фото: Sputnik
– Енді не істейсіз?
– Не істеуім керек? Маған «кандидатураңыз өтпеді» деген ресми қағаз келу керек. Соны күтіп отырмын. Қазір Орталық сайлау комиссиясын сотқа беріп жатырмын. Сосын ЕҚЫҰ, АҚШ Конгресіне арыз жіберіп, сайлауды өткізбеуге әрекет жасаймын. Енді не істейміз? Қазақстанның абыройын өзіміз төгеміз бе? Себебі, мұнда адам құқығы аяққа тапталып жатыр.
Белсенді болу деген митингіге шығып, полициямен айтысып, ұстап алып кету ме? Бұл, керісінше – ақылсыздық.
Путин «Қазақстан деген мемлекет жоқ» дегенде Нью-Йоркке барып, БҰҰ-ның штаб-пәтерінде қазақтың ежелгі дәуірдегі тарихын, даму барысын айтып, баяндама жасадым. Сақ пен Ғұн дәуірі, Түрік қағанаты, Алтын орда, Қазақ хандығынан бастап бүгінгі тәуелсіздік Қазақстанға дейінгі тарихты картамен көрсетіп, баспалдақ бойынша түсіндірдім. Менен басқа кім барды?
Содан кейін келесі жылы ЮНЕСКО бойынша Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту туралы шешім шығып, тойлап жатқанда өз қаражатыммен барып, ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде «Қазақ хандығына – 550 жыл» деген конференция ұйымдастырдым.
Қазір қазақ тарихын жазып жатырмын. Қазақ халқының санасы тарих арқылы көтеріледі.
Фото: ғаламтордан
– Тіркелген кандидаттарды білесіз. Көбінің мақсаты – президент болу емес, жай қатысу сияқты…
– Солай екенін бәрі біліп отыр. Негізі жасқа емес, адамның іскерлігіне қарау керек. Мәселен Байден де 79 жасында сайлауға түсіп, АҚШ президенті атанды. Оларды қоғамда танымаса да, іскерлігін көре білу керек.
Ел алдында жылтыңдап жүретіндер ғана президент сайлауына қатысу керек деген заң бар ма? Біздің санамыз солай қалыптасып қалған.
Түркияны қараңызшы. Не мұнайы, не газы жоқ. Тек туризм арқылы дамып отыр. Соның өзінде бізден жүз есе артық өмір сүреді. Халқы еркін. Экономиканы дамыту тетігін біледі.
– Қазір аумалы-төкпелі уақытта көрші мемлекеттерде соғыс тоқтар емес. Жалпы, геосаяси ахуал тұрақсыз. Сіздің пікіріңіз қандай?
– Әрбір президенттің мақсаты – өз елінде бейбіт өмір орнату. Экономиканы, халықтың әл-ауқатын көтеру. Көбі қара басының қамы, өз амбициясынан аса алмайды. Ел басқара алатын адамда идея болу керек.
– Сіз қалталылардың қатарындасыз ба?
– Менің жағдайым бар, рахаттанып шетелде өмір сүруіме болады. Егер өз басымды ғана ойласам, талтаңдап жүрер едім.
Жоқ жерден ақша жасай алатын қасиетім бар. Себебі, іскермін. Қайырымдылықпен де айналысамын. Бірақ халықтың әлеуметтік тұрмысын көтеру үшін, күресу үшін бел будым. Өйткені елдің жағдайын ойлап отырған басқа ешкімді көрмедім.