«Хабар» арнасының жүргізушілері тікелей эфирде тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелді күйеуімен татуласуға мәжбүрледі (видео)

0

12 наурызда «Хабар» арнасының «Бірақ» отбасылық ток-шоуында тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелге арналған бағдарлама көрсетілді. Ток-шоу кезінде жүргізушілер тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелді күйеуімен татуласуға мәжбүрледі. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ток-шоуда кейіпкердің отбасында күйеуінен көрген зорлық-зомбылық мәселесі талқыланды. Бағдарлама барысында әйел күйеуімен 18 жыл отасқанын, алайда жылдар бойы қорлық көргенін, соңында қолын сындырғанын жеткізді. Осы оқиғадан кейін келіншек алты баласын алып Шымкенттен Астанаға көшіп кеткен екен. Ол елордадағы дағдарыс орталығында тұрып жатқан кезде журналистер хабарласып аталған ток-шоуға шақырған. Кейіпкер келісім берген. Алайда журналистер эфирге тосын сый деп оның күйеуін шығарған.

Олар осылайша әйелден кешірім беруін сұрап, татуластырмақ болған. Аталған жағдай ел арасында сынға ұшырап, бағдарлама тарапына түрлі пікірлер келуде.

«Қорғау Астана» қорының жетекшісі Анна Рыль телеарна жүргізушілеріне келіншектің байланыс нөмірін бергенін, алайда мұндай жағдай күтпегенін жеткізді.

«Кезінде мен бұдан былай ток-шоуларға қатыспаймын деп өз-өзіме ант берген едім. Жемісті жұмыс істеп келе жатқан «Хабар» телеарнасының журналистері келгенше осы сөзімді берік ұстандым. Журналистер 6 баласымен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болып, қазір бізден пана тапқан әйелге хабарласты. Бағдарлама арқылы келіншекке көмектескісі келетіндер табылар деген үмітпен байланысын бердім. Ток-шоу басталмас бұрын журналистер Г. мен оның үлкен қызынан сұхбат алды. Екеуі де жылап отырып, көрген қорлықтары туралы айтып берді. Шоу басталар алдында журналистер әйелге күйеуі эфирге келмейтінін айтып, екіжақты келіскен. Әйел бағдарламаға бетпердемен шығатынын айтып, келіскен. Бірақ шоу кезінде әйел өзінің жағдайын айтып жатқанда, күйеуі келді. Ол келіншектен бетпердесін шешуді өтініп, гүл ұсынды. Бұл бағдарлама тікелей эфирде болғандықтан, әйел үшін де,  бәріміз үшін де күтпеген жағдай болды», — дейді Анна Рыль.

Сондай-ақ ол ток-шоу барысында журналистер әкесінің балаларымен кездесуіне рұқсат беруін сұрап, әйелдің келісімін алған.

«Олар ер адамды татуласу үшін шоуға шақырған. Күйеуі шоуға шыққан кезде Г. стрессте болды. Ер адамға жақындамауды өтініп, жылап отырып оның өзін қалай ұрғанын, омыртқасын жарақаттағанын айтып берді.  Оның балаларымен кездесуіне қарсы емес екенін айтты. Мен рейтинг үшін әйелді азап шегуге мәжбүр еткендеріне ашуландым. Олар осы қойылымды қоймас бұрын екі күн бұрын дағдарыс орталығына ер адамның ішіп келгенін, балаларын көруді талап етіп, балағат сөздер айтқанын көруі керек еді”, – деді «Қорғау Астана» қорының жетекшісі.

Жүргізушінің де шын мәнінде ер адамның жағына шығып, күйеуін кешіруге шақырғаны көрермендердің наразылығын тудырды. Тіпті студияда әйелге отбасын сақтап қалуды ұсынған сарапшылар да болған.  Олардың пікірінше, мұндай жанжал барлық отбасында болады және бұл әдеттегі жағдай.

Көпшілік арасында дау тудырған жағдайдан кейін «Хабар» басшылығы жауап берді. “Хабар” агенттігінің төрағасы Кемелбек Ойшыбаев «Бірақ…» бағдарламасының эфирге шыққанына 2 күн ғана болғанын, оның мақсаты қоғамды алаңдатқан мәселелерді шешу екенін жеткізді.

“Қалдырған пікірлердің ішінде бағдарламаның жүргізушілерін, авторларын іздеп, біраз сұрақ туындатқан екен. «Бірақ…» бағдарламасының эфирге шыққанына 2 күн ғана болды. Жобаның басты мақсаты – қоғамды алаңдатып отырған әлеуметтік мәселелер, отбасылық құндылықтар және басқа өзекті мәселелерді көтере отырып, спикерлер, психологтар, заңгерлер мен басқа да сала мамандарымен бірлесіп, талқылау және шешу жолдарын іздеу. Бұл тақырыпты қозғап, нақ осы кейіпкерлермен бағдарлама жасау арқылы қоғамды дүрліктіріп, вирустық контентке айналдыру ниетінен аулақпыз”, – деді ол.

Кемелбек Ойшыбаев ток-шоуда кеткен қателіктің түзелетінін айтты.

“»Бірақ»-тың шалыс басқан қадамы әлі түзеледі. Редакцияға осындай дереу қоғамдық талқы, қолдау да маңызды. Дәл бүгін қатысқан кейіпкерлерден де, көрерменнен де сұраған кешірімімізді қабыл алыңыздар! Өз алдына қонағымыз болып келген Гүлмира Смайлова мен «Қорғау-Астана» кризистік орталығының ұжымынан жеке кешірім сұраймыз”, – деді төраға.

“Хабар” агенттігінің төрағасы төрағасы ток-шоуды ақтағанымен Мәдениет және ақпарат министрі Айда Балаева “Бірақ…” ток-шоуының жабылатынын мәлімдеді.

“11 наурыздан бастап «Хабар» арнасында  отбасындағы әлеуметтік мәселелерін көтеріп, оны шешуге бағытталған «Бірақ…» бағдарламасының шығарылымы ұйымдастырылды. Алайда, тікелей эфирдегі берілген шығарылымда редакция бағдарламаның діттеген мақсатына жете алмай, кейіпкерді жаңылыстыру арқылы қоғамда түрлі пікірлер туындатты. Мемлекеттік идеологияны жүргізіп отырған мемлекеттік телеарна бұндай олқылыққа жол бермеуі тиіс еді. Ең алдымен, редакция барлық этикалық нормаларды сақтап,  отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық пен арандатушылыққа жол бермеуге, кейіпкерлерді көпшілік алдында қорламау қажет еді. Сондықтан телеарна редакциясына бұл үлкен сабақ болады деп санаймыз. Аталған ток-шоу жабылады”, – деді министр.