Ғылым ордасында «Жандосов Ораз Қиқымұлы» атты жинақтың тұсаукесері өтті

0

«Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасы 2020 жылдың 14 қазанында Кітапхана күніне орай «Ұлы тұлғалар» ғылыми-ғұмырнамалық сериясымен жарық көрген «Жандосов Ораз Қиқымұлы» атты жинақтың офлайн-онлайн тұсаукесерін өткізді.

«Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасының кітап қорында 6 миллионға жуық құжат бар, оның ішінде сирек басылымдар мен қолжазбалар ерекше орын алады. Аса рухани, материалдық құндылыққа ие бұл кітаптардың тарихи, ғылыми, мәдени мағынасы аса зор. Орталық ғылыми кітапхана қызметкерлері қордағы материалдарды сақтап, насихаттауда игілікті істер атқаруда. Солардың бірі «Ұлы тұлғалар» сериясымен белгілі тұлғалардың еңбектерін жинақ ретінде шығарылуы.

Тұсаукесер рәсіміне белгілі ғалымдардың, қуғын-сүргінге ұшыраған ұлт зиялыларының ұрпақтары, тұлғатану саласының мамандары, баспасөз қызметкерлері қатысты. Тұсаукесердің модераторы «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасының меңгерушісі Қаймақбаева Қарлығаш Ескендірқызы ашылу сөзін сөйлеп, қатысушыларды іс-шараның барысымен таныстырып өтті.

«Ғылым ордасы» РМК бас директордың міндетін уақытша атқарушы Сейдін Нұрлан Бақытжанұлы өз кезегінде құттықтау сөзін сөйлеп, конференцияның барысына сәттілік тіледі.

Конференцияға сонымен қатар, ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы профессор Әбжанов Хангелді Махмұтұлы, Ораз Жандосовтың ұлы Жандосов Әли Оразұлы, «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Қойшыбай Бейбіт Орынбекұлы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Смағұлова Светлана Одепқызы, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері Оразов Рашид Ешенұлы, тарих ғылымдарының кандидаты Өскенбай Қанат Зұлқарышұлы, тарих ғылымдарының кандидаты Атығаев Нұрлан Әділбекұлы, Алматы облысы жандосов ауылының тұрғаны, «Оқырман ауыл» жобасының жетекшісі Утегенова Азиза және тағы басқалары қатысты.

Шара аясында белгілі тұлғалар мен ғалымдарымыз аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ұлт мәдениетінің жанашыры Ораз Жандосовтың өмірі мен шығармашылығын еске ала отырып, «Жандосов Ораз Қиқымұлы» жинағына оның XX ғасырдың 20-30 жылдары «Көмек», «Тілші», «Еңбекші қазақ», «Қызыл Қазақстан» сынды мерзімді басылымдарға жарияланған, бірақ бұған дейін жарық көрген кітаптарға енгізілмеген 25-тен аса мақалалары мен оның қызметіне қатысты құжаттық материалдар, естеліктер, фотосуреттер және ғылыми мақалаларын енгізіп, кітап ретінде басып шығарып, кітаптың оқырманға жетуіне жол ашты.

Тұсаукесерге жиылған ғалымдар Ораз Жандосовтың тарихта атқарған айтулы еңбектеріне тоқталып, ол туралы естеліктер айтты. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Смағұлова Светлана Ораз Жандосовтың мәдениет саласындағы еткен елеулі еңбектері жайында жан-жақты сөз етсе, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері Оразов Рашид тұлға жайындағы бұрын-соңды жарияланбаған, тың мұрағат деректерімен бөлісті. Кеш осысымен де құнды болды. Тың ақпараттар айтылды. Ал, көрсеткішке қысқаша тоқталар болсақ, жинақ негізінен 6 бөлімнен және ғалымдарымыздың, тарихшыларымыздың алғысөзінен тұрады. Бірінші бөліміне таңдамалы еңбектері кірсе, екінші бөлімі «Оразға арнау» деп аталады. Мұнда, Ораз Жандосовқа арналған Жамбыл Жабаев, Кенен Әзірбаев, Ғали Орманов, Тұманбай Молдағалиев, Асқар Оразақын, Жұмабек Шорманов секілді ақындарымыздың өлең жолдары,арнаулары енгізілді. Үшінші бөлімі, Ораз туралы естеліктер мен мақалалардан тұрады. Төртінші, бесінші бөлімдерінде Архив құжаттары мен ғұмырнамасы жазылған. Соңғы бөлімде қосымша материалдар, еңбектерінің хронологиялық көрсеткіші, әліпбилік және есімдік көрсеткіші берілген.

Əрбір ғалымның тұлғалық қасиеті, зиялылығы — оның мұраларында. Ол дүниеден өтсе де тарихта қалады. Ал тарихта қалатын оның мұраларындағы идея нағыз дарын иелерін тауып, оны ұлт игілігіне сай ізденуге бағыттай түсетіндігі белгілі. Сондықтан да қазақ деп өткен әрбір ұлы тұлғалар еңбегін ұлықтай берейік ағайын. Ол біздің келер ұрпақ алдындағы міндетіміз, борышымыз деп ойлаймын.

С.И.Игиликова, PhD докторант, Ғылыми-библиогрфия бөлімінің бастығы