Ғылым кандидаттарының жұмысын плагиатқа тексеру ұсынылды

0

2018 жылғы 21 желтоқсан 14:00 566

Ғылым кандидаттарының жұмысын плагиатқа тексеру ұсынылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат  — ҚР Ғылым академиясы мүшелерімен кездесу барысында ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевқа ғылым кандидаттарының жұмысын плагиатқа тексеру туралы ұсыныс айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесу барысында Үкімет басшысы жас ғалымдардың отандық ғылымды дамыту бағытындағы ұсыныстарына құлақ асты.

Almaty Management University ғылыми зерттеулер орталығының директоры, жас ғалым Данияр Сапарғалиев ғылым кандидаттарының жұмысын плагиатқа тексеруді ұсынды.

«Ғалымдардың ғылыми жұмыстарының сапасын арттырып, олардың қатарын тазалайтын уақыт келді. Қазақстанда жұмыстардың көпшілігі жаңа ереже қабылданғанға дейін плагиатқа тексерілген жоқ. Барлық докторлық, магистрлік жұмыстар антиплагитқа тексеріледі. 2011 жылға дейін олар кандидаттық диссертация қорғаған. Олардың жұмысы тексерілмеген. Мен бұл жұмыстарды ресейлік «Диссернет» қоғамы арқылы тексеруді ұсынамын. Біз олармен байланысқа шықтық. Ресейлік ұйым бізбен жұмыс істеуге дайын. Сонымен қатар, Қазақстанда ғылыми дәреже алу ережелері де жоқ. Кандидаттық жұмыстар ашық түрде еш жерде жарияланбайды», — деді Данияр Сапарғалиев.

Ғылым кандидаттарының жұмысын плагиатқа тексеру ұсынылды

ҚазҰУ физика-химиялық зерттеу тәсілдері мен талдау орталығының директоры Болат Кеңесов жоғарғы білім саласындағы ғылымның дамуы жайлы айтып өтті.

Оның айтуынша, студенттердің жаңа жобаларының арқасында университеттер ғылымның дамуына елеулі үлес қосып келеді. Осыған қарамастан, жоғарғы білім саласындағы ғылымның дамуына бірқатар кедергі бар екен.

«Ең алдымен, университеттердің материалдық жабдықталуы сын көтермейді. Көп жылдан бері жаңа жабдық сатып алу туралы мәселе көтерілмей келеді. Соның кесірінен отандық ЖОО-лар шетелдік ЖОО-лармен бәсекеге түсе алмай отыр. Университеттерге болашағынан үміт күттіретін жас ғалымдар келмейді. Себебі, шәкіртақы өте төмен. 80 мың теңге үш жылдан бері көтерілмеген. Жеке сектор оларға көбірек төлейді. Олардың ары қарай өсуіне өте көп нәрсе кедергі. Гранттарды екінің бірі жеңе бермейді, басқа саладағы ғалымдармен бәсекелесу өте қиын. Көп жағдайда жас ғалымдар шетелге кетуге мәжбүр болады», — деді жас ғалым.

Болат Кеңесов осы бағытта үш шара қабылдауды ұсынды.

«Біріншіден, университеттерді заманауи жабдықтармен қамтып, ғылым докторларының шәкіртақысын 150 мың теңгеге дейін көтеру, университет бітірген докторанттарға арналған ұлттық бағдарлама құру керек», — деді ол.

Кездесу соңында Бақытжан Сағынтаев аталған салаға байланысты өз ойын жеткізіп, нақты тапсырмалар берді.

Еске салайық, осыған дейін жас ғалымдар Үкімет басшысына ғылымдағы проблемалар туралы айтқан болатын. 

 

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz