Гүлнәр Салықбай: Өлеңге жүрек пен шынайылық керек

0

Сексенінші жылдардың соңын ала қазақ өлеңіне келген лектің ішінде Гүлнәр Салықбай есімі ерекше аталды. Ә дегеннен-ақ парасатты поэзияға адалдықтың, әсемдіктің үлгісіндей өндір өлең оқырманға жол тартты. Жүректің ең терең нүктелеріне сапарлаған мәңгілік ынтық, мәңгілік ғашық жырлар иесімен Халықаралық әйелдер күні қарсаңында әңгімелескен едік.

– Әдебиет әлеміне келуіңізге не әсер етті?

– Менің әкем кітапты көп оқи­тын. Шешем де жас кезінде көп оқыпты. Классик жазушылар­дың аты-жөнін ең алдымен сол кісі­ден естідім. Оның үстіне Ләйла деген әпкем кітапхана­шы болды. Сабақтан бос кезде кітапханаға кіріп алып, қолыма түскен кітаптың бәрін шетінен оқи беретінмін. Туған жерім Жамбыл ауылындағы мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген Алпысбай деген ағамыз еркін тақырыптағы шығарманы көп жаз­дыратын. Осының бәрі әсер еткен шығар деп ойлаймын. Нағыз әдебиетпен кездесуім университетке түскеннен кейін болды. Қазір алып тастапты, ол кезде журналистика факультетінде қазақ, орыс, шетел әдебиеті пәндері оқытылатын. Мұғалімдер міндетті түрде оқылуға тиісті шығарма­лар тізімін береді. Сол кітаптар­ды, ол тізімде жоқтарын да та­уып оқып, Ұлттық кітапханадан шықпайтынбыз. Тіпті Айым Әбдірасова деген курстасым екеу­міз күні бойы кітапханада кітап оқып, қайтарда автобуста пікір таластырып, жолда ренжісіп қа­латын кездеріміз де болған.

– «Жарасын жүрегімнің таңа алмадым,

Фәнидің у, балына қана алмадым.

Бетім жоқ, Түркістанға қалай барам?»

Өзім түркістандық болғасын ба, осы өлеңіңіз жаныма жақын. Еліміздің қай жерлері сізге ерекше ыстық?

– Алдымен туып-өскен жерім Зайсан өзіме ыстық. Бірақ әр жердің бір өзінше тартымдылығы болады ғой. Мысалы, Астананың аспаны ұнайды. Шымкентке көп бардым, о жақта Ғазиза деген досым бар. Ауа райы қандай болса, адамдары да сондай, жылы жер. Еліміздегі ең қонақжай сол жақ шығар. Ал Алматы туралы сөз бөлек. Осы қалада есейдім, оқыдым, жастық шақ, бақытты кездер өткен жерім ғой.

– Орыс ақыны Николай Забо­лоцкий «поэзия толық болуы үшін ең қажеттісі МОМ (музыка, образ, мысль)», яғни әуен, образ, ой деп еді. Ал сіз үшін поэ­зияға ең алдымен не керек?

– Жүрек пен шынайылық керек.

– «Күлген жапырақ,

Жылаған жапырақ,

Ұнаған жапырақ,

Құлаған жапырақ,

Не ойлайсың табанның ас­тында жатып ап», – дейсіз. Ме­ніңше, сіздің сүйікті мезгіліңіз күз секілді?…

– Күзді ұнататыным рас. Бі­рақ менің ең жақсы көретін мезгі­лім – қыс. Әсіресе қар жауған күн­дері рақаттанып, үйге кіргім келмейді. Бала кезімде біз жақта қар өте қалың жауатын. Аяз қырықтан асып, сабақ болмай, үйде отыратынбыз. Шешем марқұм айтатын, аңдып отырмаса, мен басыма бірдеңені жамыла салып, далаға шығып кетеді екенмін. Қардың жапырламай, түйдектеп құйыл­май, қалықтап, жапалақтап жауа­тын бір кездері болады ғой. Соны жақсы көремін.

– Анаңыз қандай адам еді?

– Шешем марқұм қызық адам болатын. «Қызықтарының» көбі аяқ астынан олай-бұлай боп кетсем, дайындығым дұрыс болмай қалып, жұрттан ұят бола ма деген қорқыныштан туындайтын. Жасы елуден асқанда дүниеден өткен­де тұсына құрылатын шымылды­ғын, сүйегіне түскендерге беретін киім-кешектерін дайындай бас­тады. Кейде сандығын ашып, ішіндегілерін қағып-сілкіп, қайта салатыны бар еді. Шешем сол заттар тұратын сандықты аша қалса, бүгін-ертең айрылып қалатын­дай жүрегім зырқ ете қалатын. Қорқып, сол маңайға бармауға, тіпті қарамауға тырысатынмын. Мен Алматыға оқуға кеткенде анамызды әпкем Ләйла қолына алған. Бір күні әпкем мен жездем шаруамен бір жаққа жол жүріп кетіпті. Шешем таңертеңгі шайын солармен ішіп, құрт қайнатудың қамына кіріседі. Біз жақта іркіт жинап, ол әбден ашыған соң барып бір-ақ қайнатады. Және күні бойы ошақтан от үзбей, ақырын бүлкілдетіп отыру керек. Ол үйдегі жалғыз жұмысы сол болғандықтан, шаруасына жан-тәнімен беріліп кеткен шешем кешке қарай аяқ-қолы дірілдеп, әлсірей бастайды. Тіпті жүре алмай қалады. Күні бойы қайнатқан құртын дорбаға құйып, ілуге әзер шамасы келеді. Сосын уақытым болған екен деп, жанталаса дайындала бастайды. Ең алдымен тырнағын алады. Аяқ-қолы әзер икемге келсе де жуынып-шайынады. Төсек-орнын, киімін ауыстырады. Сосын төсегіне көзін жұмып, созылып жата қалады. Білетін дұғаларын күбірлеп, сол жатқаннан мол жатады. Ара-арасында көзін ашып, әлі тірімін бе дегендей жан-жағына қарап қояды екен. Кеш батқанда қызы мен күйеу баласы келеді. Олар шешемнің жатып қалғанын көріп, шошып кетеді. Сосын қызы шай қойып, бір шыны шай әкеп береді. Бір қызығы, шай ішкен соң шекесі жіпсіп, шешемнің жағдайы дұрыстала бастайды, тағы ішеді. Киініп, орнынан тұрса, жағдайы жақсы. Сөйтсе, байғұс шешем күні бойы құрт қайнатып жүріп, тамақ ішуді ұмытып кетіпті. Әлсіреп, жүре алмай қалуының себебі сол ғана екен…

– Шынында, анаңыз қызық адам екен.

– Иә, ол кісінің мұндай қызық­тарынан бір кітап жазуға болар еді.

– Сіз саяқ жүре­сіз. Бауыр­жан Омарұлының жазбасында томаға-тұйық үнсіз­дігіңіз су­рет­теледі. Ендігі сұрақ, Гүлнар ақын кішкентай кезінде тұйық­тау бала болды ма?

– Жоқ, керісінше көпшіл болдым. Өзім құралыптас көршілер­дің балаларын жинап, концерт, спектакль ұйымдастырып жүретін­мін. Үйдің кенжесі болғандықтан әкем мені қатты еркелетті. Ешкім беті­ңе келмеген соң белгілі ғой, кейде ар­тық та кетіп қаласың. Бала кезде шашымның бұйралығына байланысты «Дударбас» деген сияқты біраз аттарым болатын. Шашым кәдімгі африкалықтардың шашындай, тарақ батпайтын, ұсақ бұйра еді. Шешем тартып, қатты қылып өріп қоймаса, босап, енді бір бас қосылғандай күмпиіп, көтері­ліп кететін. Ұзындығы белімнен келетін бұл бұйра шашты күтіп-баптау – шешем байғұс үшін үлкен шаруа. Мектепке барарда өзі тарап, өріп беретін. Жазғы демалыс­та үлкен ағамның балалары біз­­дің үйде болады. Олардың ең бас­ты жұмысы – балық аулау. Бірақ жылап, мазамызды алады дей ме, үлкен ағамның біздің үйдегі ба­­ласы Мұхтар екеумізді ерткісі келмейді. Бізді жалындырғанды қызық көріп, кейде екеуі «балық­қа барғың келсе, өйт-бүйт» деп, неше түрлі талап қоятын. Бір күні олар: «Шашыңа шыбын қаматсаң, барасың» деді. «Қалай?» деп ем, «Қазір көресің», – деп, шыбын аулай бастады. Екеуі ұшып бара жатқан шыбынды қаршып ұстап алады да, шашымның арасына кіргізіп жібереді. Балыққа бару үшін қандай азап болса да шыдауға дайын болып мен тұра­мын. Басымдағы шыбындар торға түскендей тыпырлап, тұтасқан бұйра шаштан ызылдап, шыға алмай, жанталасады. Үш бауырым ішін басып, үш жерде домалап күліп жатыр. Бірақ менің күлуге шамам жоқ. Басым жыбырлап, шыбынның ызылынан құлағым тұнып барады, балыққа апарамыз деген соң әзер шыдап тұрмын. Ақыры шыдамай кетіп, екі қолымды шашымның арасына тығып жіберіп, сілкілегенде шыбындар ұшып шыға бастады. Бұл көрініс оларға тіпті қызық болып көрінді ғой деймін, қолдарын шошайтып, басымнан ұшып шыққан шыбындарды қызықтап, әбден мәз болды. Міне, осындай қызықты жайттар болып тұратын.

– Бауырларыңыздың ортасында өсіпсіз ғой.

– Иә. Үлкен ағамның балалары ғой, кеңшар орталығында тұрды. Біз соның бөлімшесі – Жамбыл деген ауылдамыз. Ол кезде кино дегенді білмейміз, телевизор да келмеген кез. Совхоз орталығында тұратын ағамның баласы Бөкен біз үшін басқа ғаламшардың адамы сияқты. «Қандай кино көрдің? Айтып берші» деп жалынамыз. Ол да бірден жалп ете қалмай, «Ананы әкеп бер, мынаны сөйт, бүйт» деп бізді жұмсап, біраз кісімси­ді. Айтқанының бәрін орындап, Мұхтар екеуміз кәдімгі кино көре­тіндей Бөкеннің қарсы алдына жайғасып аламыз. Ол әңгімесін бастарда кәдімгі әртіс сияқты «об­разға кіріп», маңызданып, өзгере қалады. Бөкеннің әңгіме­сі кинодан бір де кем емес. Му­зыка да өзі, рөлдегі әртіс те өзі, мылтықтың, пистолеттің, пуле­меттің атылғанын, бомбаның жа­рылғанын түгел дыбыстап береді. «Алдымен жазу шығады» деп бас­тайды. Сосын «Немістің әскері келе жатады» деп, «діһ-діһ, діһ-діһ» деп дыбысын салады. «Сосын бомба жарылады. Бух! Снаряд жарылып жатыр… чіііңңңңң, чііііңңңң! Бір неміс мылтығын алып, ата бер­генде оқ тиіп, құлап түседі. Бдух!» Бір қызығы, Бөкеннің әңгі­месінде тек немістер ғана өле­ді. Кеңес әскерінің өлмегені біз­ге де қатты ұнайды. Кейде қы­зып, арқаланып кетіп, Бөкенге қо­сылып, немістермен атысып кете­міз. Бөкеннің көрген фильмі біреу-ақ па, әлде көргенінің бәрі осындай ма, әйтеуір барлық әңгімесінің мазмұны шамамен осылай болатын.

– Мақтау сүймейтін бала болмайды ғой. О жағынан қандай болдыңыз? Жалпы, өзіңізді мақ­тағанды ұнатасыз ба?

– Мақтағанды кім жек көрсін. Тек ол мақтау орнымен, жөнімен болса. Бірақ біз мақтасақ та, жа­мандасақ та асырыңқырап жібе­реміз ғой кейде. Менің кішкен­тай кезімдегі бір атым – Мәй-апа. Бала кезімде толық болдым деп айта алмаймын. Бірақ сонда да мұндай атқа ие болуыма ең көп «еңбек сіңірген» атам еді. Атам дегенім әкем. Ол өзі көп сөйлемейтін, кітап оқып, өзімен-өзі отыратын адам еді. Сондықтан ба, атамның аузына ілігіп, одан мақтау есту деген мен үшін үлкен дәреже. Алайда қанша мақтаулы болсам да, қатты қорқатын нәрселерім де аз емес болатын. Оны ешкімге білдірмеуге тырысамын. Мысалы, мал сойған кезде үйден қашып кетем. Малға жаным ашитын болуы керек. Бірақ соғым сойған кезде кете ал­маймын. Өйткені ол күні атам соғым союға, жас қуырдақ жеуге келген ағалар мен аталардың алдында маған шикі май ішкізеді. Мақтаудың көкесі де сол күні! Ол күні атам ғана емес, бір қауым ел мақтайды! Жұрттың бәрі қарап тұрады.

Атам жылқының іш майын уысына толтырып алып, мені ша­қырады. Мен де жылына бір ке­летін тарихи сәтті күтіп, сол маңайды айналсоқтап жүрем. «Ал, қараңдар, менің баламның қандай батыр екенін көріңдер»! дейді. Сөйтіп, шикі майды аузыма тақайды. Исінен құсқым келіп тұрса да көзімді жұмып алып, қылқ еткіземін. Ол арадан шикі майдың дәмінен жүрегім лоблып тұрғанын білдірмей, сыр бермей кетуім керек. Келген адамдар таң қалып қарайды. Мен болсам, күн­де шикі май ішіп жүрген адамша «мәз болам». Мақтаншақтық деген қиын ғой, кейде: «Ата тағы ішсем қайтеді?» деп қоятынмын. «Жоқ, балам, осы жетеді», деп күледі атам.

«Мәй апа» деген аттың жамалуына себепкер болған тағы бір адам – марқұм Жекен ағам: «Май болмаса, Мәй-апамның қарны ашып қалады» деп күліп жүретін.

– Жазушы Жүсіпбек Қор­ғасбек: «Гүлнардың өлеңдеріне: «Қара қазан түбінде қайнап-қайнап, Дүниенің қызығы сар­қылғандай» деп таусыла айту тән» деп жазады. Шын мәнінде, сіз жазбауға мүмкіндігіңіз бол­маған кезде ғана жазатындайсыз.

– Ол рас. Өлеңнің жазылуы да бір тылсым ғой. Қанат бітіп, қалықтап ұшып жүргендей бола­сың. Оны түсіндіріп айту да қиын. Өзің де ақынсың ғой. Өлең болмаса, ешкім құтқара алмайтындай бір түсініксіз күйге түсесің. Сондай кезде ғана жазамын.

– Шығармашылыққа өзіңіз­ді то­лық арнай алдыңыз ба? Өкі­нішіңіз бар ма?

– Өлеңнің санын көбейту үшін отыра қалып, белгілі бір та­қырыптарға арнайы жазған емес­пін. Олай жаза қалғанның өзінде де басқа біреу жазғандай, бөтен өлең шығады. Жазылатын кезі болады. Болмаса, одан басқа да шығармашылық түрлері бар ғой. Киноға, концерт, фестиваль­дар­ға сценарий жаздым, көптеген аударма жасадым, көп жыл телевидениеде бас редактор болдым. Ол да шығармашылық жұ­мыс, сондықтан өкініш жоқ. Шығар­маның құндылығы санында емес, сапасында шығар.

– Сізді ақын деп мойындат­қан «Бір жұтым ауа, қызыл күн» тырнақ­алды жинағыңыздан бері жастар арасында көп айтылатын «Жан», өзіме ерекше әсер еткен «Түс», «Кеші­рің­дер келгенімді өмірге» сынды кітап­тарыңыз жарық көрді. Қай кітабыңыз үшін ерекше қуандыңыз?

– Алғашқы кітабыма. Мен өзі қағазға онша ұқыпты емеспін. Осының кесірінен жазған нәр­семнің талайы жоғалған болуы ­керек. Өлеңдерім «Қазақ әде­биеті», «Жұлдыз» сияқты әдеби басы­лымдарға, жастардың «Жа­лын» журналына жарияланып, танылып қалсам да кітабым шыға­ды деп ойламаппын. Бір күні Сол кездегі «Жалын» баспасы­ның директоры Сейдахмет Бер­ді­құ­лов аға шақыртты. Барып едім, аға жылы қабылдап, баспа кітабымды кезексіз шығару­ды жоспарлап отырғанын айтты. «Бір жұтым ауа, қызыл күн» деген алғашқы кітабым осылай жарық
көрді.

– Ислам философиясында «көздің жасы көңілді шаяды» деген пікір бар. Көңіліңізді жиі жуасыз ба?

–  Әкемнің кітапты көп оқитын адам болғанын айттым ғой. Ол кісінің қайталап оқитын кітаптары болатын. Ілияс Жансүгіровтің «Құлагерін» шешеме дауыстап оқып отыратын. Оқып отырып:

«Құлагер құлынынан досым еді,

Баспанам – тауға тіккен қосым еді.

Қандай сор Ерейменге айдап келген,

Қазаңның жеткен жері осы ма еді?» –

деген жеріне келгенде тоқтап, кең­кілдеп, күлгендей ме, жылағандай ма бір дыбыс шығарып, көзін сүртуші еді. Әкем сияқты кітап оқып отырып, көңілім босайтыны бар. Мысалы, Мұхтар аға­ның (Мағауин) «Тазының өлімін» оқыған сайын бір жылап аламын. Кейде бір нәрсеге қатты сүй­сінгенде де көзіме жас келетіні бар.

– Жақсылық жасау дегенді қалай түсінесіз?

– Шешем марқұм: «Ешкімге жаман­дық жасамасаң, соның өзі – жақсылық» деуші еді. Біреуге жақсылық жасап, пайдасы тиген адамның өзі рақаттанады ғой. Ал егер жақсылық жасаған адам соны ұмыта алмай, көңілінен шық­пай қалса, «осыған сондай жақ­сылық жасап ем…» деп өкініш білдіргендей болып, санамалап айта берсе, ол жақсылық емес, есеп. Өйткені ол жақсылығының қайтарымын күтеді. Өзі жақсылық жасаған адамының өмір бойы алдында құрдай жорғалап жүрге­нін қалайды. Ал шын жүректен жақ­сылық жасаған адам оны сол кезде-ақ ұмытып кетеді.

– Гүлнар апай, Мағжан поэ­зияны «жанның сөзі» деді ғой. Бірақ қазір жаннан гөрі фор­маға елігіп кет­кендейміз. Ақын Есенғали Рау­шанов бір сөзінде «Бірнеше ақынның аты-жөні көр­сетілмеген өлеңдерінің іші­нен Гүлнардың өлеңін жазбай тануға болады» деп еді. Сіз өз стиліңізді қалай таптыңыз?

– Мен оқып жүргенде, ол кез­де КазГУ дейтінбіз, қазіргі ҚазҰУ-дың журналистика, филоло­гия факультеті­нің студенттері бәрі ақын болатын. Марқұм Қайрат Әлімбек, Бауыржан Үсенов, қазіргі қазақтың белгілі ақын­дары Светқали, Бауыржандар бар. Политехникалық институтта Жәния Ералиева деген тамаша ақын қыз болды. Ол кезде жыр кештері көп болатын. Қалмай барып жүремін, бірақ өзімнің өлеңдеріме көңілім толмайтын. Кейде дұрыс өлең оқи алмасам да жігіттер қоймай оқытатын. Кейін «түсініксіз, буалдыр жазады» деген сияқты сын пікірлер де естіп жүрдім. Ондай жағдай шынымен де болған сияқты. Бірте-бірте жазғаныма сын көзбен қарауды үйрене бастадым. Өз жолын іздеу, адасу деген жас адамға тән нәрселер ғой. Бойымда жоқ қасиеттерді қолдан жасап, жақсы көрінуге, жұрттың бәріне ұнауға тырысқан жоқпын. Стиль – ақынның жан-дүниесі, өмірге көзқарасы, мінезі. Сондықтан бірте-бірте қалыптасатын табиғи нәрсе деп ойлаймын.

– Сізбен дерттенген, сіздің сиқырлы әлеміңізге шомған жас буын өсіп-өнді. Ал сіз жас күні­ңізде кімге еліктедіңіз?

– Оны білмеймін. Біз Төле­ген, Мұқағали, Жұмекен ағала­рымызды пір тұтатынбыз. Елік­тесек, еліктеген шығармыз.

– Егер ғайыптан сиқырлы құс келіп, бір арманыңызды орындаймын десе, нені айтар едіңіз?

– Түкке тұрмайтын нәрсе­лермен айналысып, босқа өткен уақытымды қайтаршы дер едім…

– Есенғали Раушановтың қазасын естігенде дел-сал болып есеңгіреп қал­ғанымыз белгілі. Оның үстіне сіздің өлеңіңізді оқып, жанымыз жылады. Сізге Есенғали ағамыз «Жазушы» бас­­пасының «Жылдың үздік ақыны» сыйлығын бергенінен хабардармыз. Арамызда аңызға айналған ақынды еске алғанда ойыңызға алғаш не оралады?

– Есенғали ағаны алғаш рет 1984-85 жылдары КазГУ-дегі жыр кеші­нен көрдім. Жас ақындар­дың өлең­дерінен «Аудитория» деген жинақ құрас­тырылатын болып, бірнеше ақын келді. Біз өлең оқыдық. Кештен кейін өлеңдерімізді тапсырдық. Жинақ шық­қаннан кейін Есенғали аға жігіттерден сәлем айтып, өлең сұратыпты. «Жалын» журналы­на. Өзі сонда қызмет істейді екен. Жазғандарымды қарасам, жур­налға шығаруға лайық емес сияқты көрініп, кешеуілдете бер­дім. Бірақ аға қайта-қайта сәлем айтқан соң бір күні топтамамды апарып бердім. Осылай Есенғали аға жолымды ашты. 90-жылдардың басында «Арай»-«Заря» деген журналда жұмыс істедім. Есенғали аға екі тілде шығатын сол журналдың жауапты хатшысы екен. Ол кезде «Татарка» деген жерде бір сыз пәтерді жалдап тұрамыз. Бір жөтел кетпей қойды. Ол кезде пропискаң болмаса, дәрігер де қарамайды. Ақылы деген жоқ ол кезде. Есенғали аға менің ауырып жүргенімді байқап, Жазушылар одағынан өз атынан Шығармашылық үйіне жолдама алып, «дәріңді ішіп, біраз уақыт жылы жерде бол» деп мені сонда жіберді. Со жерден тәуір болып шықтым. Есенғали аға ақын ретінде қандай дара, ерекше болса, адамдығы да сондай еді…

– Саяхат жасағанды ұнатасыз ба? Сапарда болған қызықты оқиға­ңыз­бен бөліссеңіз?

– Ұнатам. Балам Прагада оқып жүр­генде Еуропаға жиі барып тұрдым. Талай жерді араладық. Маған теңіз, ыстық жақ емес, салқындау, тарихи жерлері бар елдер ұнайды. Өзім судан қорқамын. Балам оқу бітіретін жылы диплом алу салтанатына киетін костюм іздеп дүкенге бардық. Прагада ғой деймін. Балам киіп көретін жерге кіріп кетті, мен бергі жағын қарап жүргем. Бір уақытта қалай болғанын білейін деп, балам жаққа барайын десем, есіктен бір әйел шығып келе жатыр екен. Мен жол беріп, күтіп тұрсам, ол да сөйтеді. Сосын күліп, ымдап, тіл білмеймін ғой, «өтіңіз» десем, ол да бірдеңе деп ымдап, сөйлегендей болады. Сол кезде маған қарап күліп тұрған сатушы жігітке көзім түсіп кетті. Сосын есіктегі әйелге дұрыстап қарасам, өзім. Есік дегенім айна болып шықты (күлді).

– Шынайы әңгімеңізге көп рахмет.

 

Әңгімелескен –

Батырхан СӘРСЕНХАН,

«Egemen Qazaqstan»