Google қызметкері Арай Сабыржан ҚР Президентіне компаниядағы жұмысы туралы айтып берді
Google-дің инженер-програмисі Арай Сабыржан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа әлемдік IT компаниядағы жұмысы туралы айтып берді, деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі.
«2017 жылы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде (Алматы қаласы) компьютер саласынан «бакалавр» дәрежесін алдым. 2017 жылы Сан-Францискоға келіп, біраз стартап компанияларда жұмыс істедім. Қазіргі күнде Google компаниясында виртуалды машиналардың бағдарламашысымын», — деді А.Сабыржан Нью-Йоркте Мемлекет басшысымен кездесуде.
Қасым-Жомарт Тоқаев Google компаниясымен келісімшарты қандай мерзімге жасалғанын сұрады. Ж ас дарын келісімшарт толық мерзімге жасалғанын мәлім етті.
Әңгіме барысында ҚР Президенті оған Қазақстанға қайтып келуді ұсынды. «Америкада жақсы, бірақ Қазақстан деген керемет қой. Мен ойлаймын, сіз Қазақстанда да істей аласыз», — деді Мемлекет басшысы.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, 19 қыркүйекте АҚШ-ға жұмыс сапарымен барған ҚР Президенті шетелде тұратын әрі әлемнің жетекші технологиялық компанияларында жұмыс істеп жатқан 400 қазақстандықты біріктіретін Digital Nomads IT қоғамдастығының өкілдерімен кездесті.
Қ.Тоқаев одан бөлек, бірқатар келіссөз өткізді. Атап айтқанда, жаһандық қаржы институттарының жетекшілерімен, Grupo Los Grobo компаниясының төрағасы Густаво Гробокопательмен және Халықаралық даму орталығы өсім зертханасының директоры, Гарвард университетінің профессоры Рикардо Хаусманмен, JPMorgan Chase & Co. компаниясының төрағасы – бас атқарушы директоры Джейми Даймонмен, Eurasia Group компаниясының президенті Ян Бреммермен, S&P Global қаржылық-талдау компаниясының вице-президенті Дэниэл Ергинмен, Австралияның бұрынғы премьер-министрі Кевин Раддпен, ЕРАМ systems компаниясының негізін қалаушы және директорлар кеңесінің төрағасы Аркадий Добкинмен, Coursera компаниясының бас директоры Джефф Маджионкалмен, Microsoft компаниясының Орталық Азия және Шығыс Еуропа бойынша бас менеджері Мишель Симмонспен, Дүниежүзілік экономикалық форумның негізін қалаушы әрі атқарушы директоры Клаус Швабпен, АҚШ-тың USAID халықаралық даму агенттігінің әкімшісі Саманта Пауэрмен кездесті.