Гонконгте ондаған мың адам тағы да наразылыққа шықты
7 шілдеде Гонконгте күдіктілерді Қытайға беру туралы заңға наразылар тағы да көшеге шықты. Ондаған мың адам қала орталығындағы туристік аймақтардан шерулетіп жүріп өтті. Маршқа қатысушылар Гонконгті Қытаймен байланыстыратын темір жол стансасына дейін жетті. Мұнан соң полиция вокзал қақпасын жауып тастады. Ұсталғандардың бар-жоғы әзірге белгісіз.
Қалада «қандай да бір қылмысқа күдіктілерді Пекин сұраған жағдайда Қытайға беру туралы» заң жобасына наразылық бір ай бұрын басталған. Бұл заңды Қытай билігі ұсынған.
Қала басшысы Кэрри Лам «билік бұл заңды енді қарастырмайды» деп уәде берген. Бірақ наразылар бұған разы болмай, кейбірі Ламның отставкасын да талап етіп жатыр.
Оқи отырыңыз: Гонконгте не болып жатыр?
Заң жобасына сай, Гонконг аумағында жүрген адамды Пекин қандайда бір қылмысқа күдікті деп тапса, Гонконг ол адамды Қытай, Макао немесе Тайпейге экстрациялауы тиіс.
Наразылар «бұл заң қабылданса, Пекинді сынаушылар, Қытайдағы қысымнан қашып, Гонконгке келгендер, тіпті туристер зардап шегеді» деп санайды. Ал биліктің пайымдауынша, бұл заң жобасы «Гонконгке қашып, бас сауғалайтын қылмыскерлердің» санын азайтады.
Ұлыбритания Гонконгті 1997 жылы Қытайға қайтарып берген. Гонконг – Қытайдың ерекше әкімшілік аймағы болып саналады, бірақ «бір ел – екі жүйе» принципімен жүреді.
Гонконгтің өз заңы бар, елдегі азаматтардың құқығы Қытаймен салыстырғанда жақсы қорғалады. Гонконг «қылмыскерлерді, я күдіктілерді экстрадициялау туралы» 20 елмен келісім жасасқан. Олардың арасында АҚШ, Ұлыбритания бар. Ал Қытай мен Гонконг бұл келісімді 20 жылдан бері талқылап келеді.