Трамп «ядролық келісімді бұзған» Иранға санкция салатынын ескертті

0
113

АҚШ президенті Дональд Трамп «Тегеран ядролық келісімді бұзса, Иранға жаңа санкциялар салынып, одан әрі әлемнен оқшаулана бермек» деп мәлімдеді. Бұл туралы президент Нью-Джерсиге сапарлап барар алдында әуежайда журналистер алдында айтты.

«Иран абайласа игі еді. Уранды байытып жатқанына бір себеп бар және ол жақсы себеп емес» деді Трамп. Ол Иранда ядролық қару пайда болуына «жол бермейтінін» айтты.

Иран 8 шілдеден бастап уранды 3,67 пайыздан көп деңгейде байыта бастайтынын мәлімдеген. 3,67 пайыздық шек 2015 жылы қабылданған ядролық келісімде жазылған. Тегеран «Еуропа одағы келісім аясында мүддемізді қорғамаған соң ядролық келісімнен бас тартамыз» деп мәлімдеген.

Оқи отырыңыз: Америка мен Иран арасында не болып жатыр?

АҚШ пен Еуропа одағы санкцияларын алып тастағанының өтеуі ретінде Иран 2015 жылы уранды байыту деңгейін азайтуға келіскен. Бірақ былтыр мамырда Вашингтон Тегеранды «ядролық қару жасап жатыр» деп айыптаған. АҚШ ядролық келісімнен өз бетінше шығып, Иранға жаңа санкция салған.

Azattyq