Германия үшін Қатардағы әлем чемпионаты аяқталды

0

Қатарда футболдан өтіп жатқан әлем чемпионатында Е тобында Коста-Рика мен Германия құрамалары плей-офф жолдамасы үшін сынға түсті.

Бұл топта екі турдан кейін Испания (4 ұпай) көш бастаса, Жапония мен Коста-Рикада 3, Германияда 1 ғана ұпай бар еді. Сондықтан бұған дейін төрт дүркін әлем чемпионы атанған германиялықтарға соңғы ойында тек жеңіс қажет-ті.

Матч күткендегідей, неміс футболшыларының шабуылымен басталды. 10-минутта сол қапталдан Давид Раум асырған допты Серж Гнабри баспен торға дәл түсірді – 1:0.

Екінші кезеңде 58-минутта Германия қорғанысы сыр берді. Қақпашы Мануэль Нойер қайтарған допқа Ельцин Техеда бірінші болып жетті – 1:1. 70-минутта айып добы орындалғаннан кейін Хуан Пабло Варгас Коста-Риканы алға шығарды – 2:1. Іле-шала 73-минутта Кай Хаверц таразы басын теңестірді – 2:2. 85-минутта К.Хаверц тағы бір голдың авторы атанды – 3:2. 90-минутта Никлас Фюллькруг есепті 4:2-ге жеткізді.

Осылайша, Германия құрамасы Коста-Риканы жеңгенімен, Испаниямен бірдей 4 ұпай жинап, доп айырмасымен жол беріп, плей-офф кезеңіне шыға алмай қалды. Бұл топта Испанияны тізе бүктірген Жапония бірінші орын алып, 5 желтоқсанда Хорватиямен ойнайды. Ал плей-офқа екінші орынмен шыққан Испания 6 желтоқсан күні Мароккомен кездеседі.