«Генералдың ағасы үйімді тартып алды»: Алматылық зейнеткер 15 жылдан бері соттасып жүр

0
6860

Алматыда 15 жылдан бері сот табалдырығын тоздырып жүрген Әсия Ташанова Елбасы мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрайды. Зейнеткер Алматы қаласы Әуезов ауданы Қалқаман шағын ауданында аумағы 8 сотық жерін Жанасбек Мерзадинов есімді адамның тартып алғанын айтады, деп хабарлайды «Азаттық Рухы» тілшісі.

Ол 1997 жылы 29 желтоқсанда Алматы облысы Қарасай ауданы Каменка ауылдық округі әкімінің №1432-10 шешімімен алған жеріне басқа бір адамның мемлекеттік акт шығарып алғанын кейін білген. Іс бірнеше рет сотта қаралып, 2016 жылға дейін созылған.

Ақырында зейнеткерді жетім үш немересімен үйден қуып шыққан тұлғалар жер теліміне жаңа баспана салып алған. Алматы облысынан Алматы аумағына кірген жердің заңды иесі Жанасбек Мерзадинов екені белгілі болды.

Ол қазіргі ҚР Бас прокуратурасы жанындағы құқық қорғау қызметкерлері академиясының ректоры, бірнеше облыстың прокуроры, ҚР Бас прокурорының орынбасары, ҚР Әскери бас прокуроры қызметін атқарған Ерғали Мерзадиновтың туған ағасы, дейді жәбірленуші.

Жер теліміне шешім бастапқыда зейнеткердің қызы Раушан Жармұхамбетованың атына шығарылған.

«Өткен 15 жылда бірнеше рет протестпен бұзылған сот шешіміне лауазымды тұлғаның туыстары қайта-қайта шағымданып, 2016 жылы ақыры өз пайдаларына шештіріп алды. Соңғы бес жылда менің арызымды ешқандай сот қабылдамай отыр», – дейді Әсия Ташанова.