Газдандыру ісін жалғастырудың маңызы зор

0

Бұл бастама бұдан бұрынғы әлеуметтік бағдарламалардың жүйелі іске асырылуына ықпал етіп, әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын одан әрі жақсартуға бағытталған аса ірі жоба, маңызды құжат.            

Өңірлерде болған іссапарларымыздың барысында, Жамбыл облысы тұрғындары тұрмыс-тіршіліктеріне байланысты бірқатар мәселені көтерді. Соның ішінде облыс елді мекендерін табиғи газбен толық қамтамасыз ету барысы көкейкесті мәселе ретінде алға тартылды. Ауа райы қатал, кейбір жыл­дары қар шамадан тыс түсетін таулы ай­мақ­тарда орналасқан ауылдардың түйіні шешілмеген мәселелері көңілді алаңдатады. Атап айтқанда, газбен қамтылмаған елді мекендердегі ауыл жастарының қалаға көшуінің артуы, сондай-ақ Қошқарата және Ертай ауылдарындағы жаңадан салын­ған сәулетті екі қабатты мектептердің оқушы­лармен қамтамасыз етілмей қалу қаупі туралы ой-толғаныстарын ауыл тұрғындары қамыға айтты. 

Ауыл тұрғындарының көтерген отырған мәселелері орынды деп санаймыз. Соңғы бірнеше жыл бойы газдандыру мәселесі бар­лық жоғарғы биілік органдарында өз шешімін таппаған соң тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға деген үміт Жол­даудан кейін қайта жандануда.

Қазір Жамбыл облысындағы 377 елді мекен­нің 181-і газдандырылған. Бұл – 48% деген сөз. 2018-2025 жылдары тағы 173 елді мекенді газбен қамту жоспарлануда, нәти­жесінде 354 елді мекен газдандырылып, 94%-ға жететін болады. 

Сонымен қатар 2019 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Тараз қаласын­дағы көп­қабатты үйлер арасындағы жылу желі­лерін қайта жаңғырту бойынша үш жоба әзірленіп, Инвестиция және даму министрлігіне бюджеттік өтінім тапсырылды және аталмыш бағдарламаны жаңартуды жалғастыру мақсатында 1,5 млрд теңге қажет екенін жеткіземіз.

Елді мекендерді газдандыруды жалғас­ты­ру үшін Үкіметтен 2019-2021 жылдарға ар­нал­ған рес­публикалық бюджеттен қосымша 4,5 млрд теңгенің бөлінуіне ықпал ету сұралды. 

Әбдәлі НҰРАЛИЕВ,

Сенат депутаты